Бала тілі бал еді…

610

0

Сурет ашық дереккөзден

Айжан Асанованың  30 жылдық еңбек өтілі бар, бастауыш сынып мұғалімі. Білікті ұстаз талай балаға әріп үйретіп, қалам ұстатқан. Сол кісімен жақында жүздесіп қалдық. Биыл бірінші сыныпқа 20 бала қабылдапты.

«Көп жылдық тәжірибемде мұндай оқушыларды көрмедім» деп әңгімесін бастады. Сыныптағы баланың біршамасының тілі әлі дұрыс шықпаған. Сөздерді анық айта алмайды. Қарапайым сөзді ұқпайды. Есте сақтау қабілеті нашар. Сұрақ қойсаң, бетіңе қарап отыра береді. Ешқандай қызығушылық жоқ. Мұның бәрі де – телефонның кесірі. Ата-ана мен бала арасында байланыстың әлсіздігі. «Әй, қарағым, бала – ертеңгі болашағың. Сенің жауапкершілігің. Туған перзентіңе жаның ашыса, неге телефон бересің? Балаға неге көңіл бөлмейсің?» деп  айтқым-ақ келеді. Әттең… Көпшілігі келте түсінеді. Содан әріге аса алмайсың. Бала көппен бірге әйтеуір сыныптан сыныпқа көшіп, бастауышпен қош айтысады.

Осыдан 15-20 жыл бұрынғы кезге оралсақ, бірінші сыныпқа бала тақпақ жаттап келетін. Таңдайы тақылдап тұратын. Ертегі тыңдап өскен бала ойын толық жеткізе алады. Балабақшаға бармай-ақ бірден мектеп табалдырығын аттайтын. Беске толған балалар да біріншіге қабылданып, қатарға қосылып кететін. Қазір ше? Ата-ана мен мұғалім  жабылып жүріп, төрт қатар тақпақты зорға жаттайды. Одан әріпті енді үйреніп келе жатқанда, өзгелер сөзді құрап оқи бастайды. Күнделікті бекітілген бағдарламаға ілесу де қиындап барады. Осылайша, сыныптағы 5-6 баламен өзгеше жұмыс жасауға тура келеді.  Мұғалім сөзін түйіндей келе, қоғамда осындай балалардың өсіп келе жатқанын айтып қынжылды.

Соңғы кезде екінің бірі  баласын  логопед, дефектолог сынды маманға тасып жүргенін аңғарамыз. Ата-аналар жиналған жерде бірінші осы тақырып қозғалады. Баланы сөйлететін дамыту орталықтары ашылуда. Неге? Себебі, қоғамда сұраныс бар. Орталық қызметіне жүгінетін ата-ана көп.

Бұл жерде ең алдымен ана денсаулығы маңызды. Дені сау баланы өмірге әкелу үшін салауатты өмір салтын қалыптастыру керек.

Екіншіден, балам тыныш болсын деп қолына телефон береміз. Иә, шырылдап жылап жатқан балаға смартфон берсең, үңіле қалады. Өкініштісі, көпшілігіміздің үйіміздегі көрініс осындай.

Үшіншіден, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың  жоқтығы. Жұмыстан қолы босамайды, балаға зер салмайды, «уақыт жоқ» деген желеу айтады.

Тағы бір қателік, баланың сөйлеуі кешігіп жатса «еркеліктен», «ата-әжесінің баласы», «әкесі 6 жасында сөйлеген», «түсінеді, ертең-ақ сөйлеп кетеді», «ол жалқау» деген ойларға ерік береді. Салдарынан уақыт жоғалтып алады.

Баланың дамуы, ойлауы мен сөйлеуін телефон тежеуде. Үздіксіз қарайды, жанынан тастамайды,  алаңдап отырады. Уақытының басым бөлігін гаджеттерге жұмсайды. Сымсыз құрылғының ішкі әлеміне телміргендер виртуалды өмір сүруде. Бұл – ащы да болса шындық. Осының кесірінен балада психологиялық ауытқу көптеп анықталуда. Арнайы мамандар жасөспірімдер цифрлы аутизмнің шырмауында екенін айтуда. Ойы тұйықталған балаға айналасы да қызықсыз көрінеді. Сөздік қоры да азаяды. Шетелдің түсініксіз мультфильмдері мен бейнежазбаларын көреді. Бұл тілі енді шығып келе жатқан балаға кері әсерін береді.

Ресей ғалымы Ирина Козлянинова «Произношение и дикция» деген кітабында күн сайын балаға 10-12 жаңылтпаш оқытып отыруға кеңес береді. Мұны логопед мамандар да құптайды. Бала тіліндегі мүкісті емдегенде негізінен жаңылтпашты пайдаланады. Нейропсихологтар да жаңылтпашпен жаттыққанда мидың белсенділігі артып, санаға түскен ақпараттар өңделіп, жадыға жылдам бекиді деп айтады. Бірақ бір шумақ өлеңді әзер айтатын бала  жаңылтпашты қайдан жаттасын?

Сонымен бала тілі неге кеш шығады? Себеп-салдары қандай? Соңғы уақытта тілі күрмелген бала неге көбеюде? Мұнымен қалай күресуге болады? Осы тақырып аясында тиісті сала мамандарына сауал қойып, пікірлерін білген болатынбыз.

Элеонора Қайырғалиева, балалар дәрігері:

– Қоғамда тілі  кеш шығатын немесе тіл мүкістігі бар бала көбейген. Бұған ата-анамен қоса дәрігер мамандар да алаңдаулы. Себебі жеткілікті. Бала құрсақта тәриеленеді. Аналардың жүктілік кезіндегі инфекциялық аурулармен жиі ауруы, қаназдық, бүйрек жұмысының әлсіздігі, жүректегі ақаулар, босану кезіндегі қиындықтар. Егер ана ауыр жүктілік кезеңінен өтсе, қиын босанса, баланың есту қабілеті және орталық жүйке жүйесінің зақымдануы әбден мүмкін. Неврологиямен туып, сөйлеу қабілетіне зиян келеді. Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық және әлеуметтік жағдайлар, психикалық көңіл-күй, ата-ананың баламен бала тілінде сөйлесуі де кері әсерін тигізеді.

Негізінен, бала туғаннан бастап дыбыс шығарады. Жас ерекшелігіне сай іс-әрекет етеді. Осы кезде қандай да бір өзгешелік байқалса дәрігерге әкелу қажет. Сонымен бірге  невропатолог, жақ бұлшық еттерінің жетілуіне байланысты хирург, лор маманына қаралуы тиіс. Дұрыс тамақтануына да мән берген жөн. Тез дайындалатын фаст-фуд өнімдері кішкентайға зиян. Дүкен сөресіндегі түрлі тәттіні де құрамына қарап берген дұрыс.

Жанар Маханбетжанова, логопед-дефектолог:

– Ең алдымен ата-ана дабыл қағып, күресу қажет. Себебі, уақытында әрекет етпесе баламен көп жұмыс жасауға тура келеді. Екі жасқа келгенде сөйлемесе, дәрігерден бастаған жөн. Неге  өз жасына сай толыққанды сөйлей алмайды? Бұған түрлі факторлар әсер етеді. Дені сау туған баланы мектеп жасына дейін тұрақты дәрігерлерге көрсетіп отыру маңызды. Ал тіл бұзылысы байқалса, маманның кеңесін алуы тиіс. Ең бірінші баланы сөйлету үшін түсінік қалыптасу керек. Сөйлеуді дамыту кейінгі орында тұрады. Егер түсіну қабілеті қалыпты болса, сөйлеу тілімен жұмыс істейміз.

Бұрын жеке маман ретінде еңбек еттім. Логопедтің қызметіне жүгінетін ата-ана көбейгеннен кейін «Логомед» сөйлеуді дамыту орталығын аштым. Орталыққа қаншама бала  келеді. Олардың деңгейіне қарап, сөйлетуге тырысамыз. Педагогикалық және медициналық тұрғыда жұмыс жасаймыз. Егер бала сөйлеуден  кешігіп жатса, дыбыстарды дұрыс айта алмаса, түсініксіз сөйлесе, тілге арналған жаттығу жұмысынан бастаймыз. Сөйлеу процесінің даму этаптары болады, 2-3 айында гуілдеуі басталады. Сегіз айында белсенді түрде былдырлап, атын атап шақырғанда қарауы керек. Бір жасында «мама, папа, ата, апа» деген сөзді айтады. Бұл кезеңде  10-20 сөз білуі тиіс. Ал екі жаста сөздік қоры көбейіп, 150-300 сөз біліп, сөйлем құрайды. Үш жасқа келгенде айналасымен диалогқа түсіп, сөздік қорында 1000-1500 сөз болады. Сондай-ақ  сұрақты көп қояды. Себебі ортасына деген қызығушылығы оянады. Ал мектепке дайын бала ойын толық жеткізеді. Ертегі айтуға, сипаттауға нақты дайын болып, «р» дыбысын айтады.

Міне, ата-ана осы даму сатысын қатаң бақыласа, бала мектепке дайын деген сөз. Ал керісінше белгілі бір этапта тоқтап қалса, онда маман көмегіне тез арада жүгінеді. Тәжірбиелі маман ретінде айтарым, ата-ана балаға уақыт бөліп, көп сөйлесуге, ойын білуге, бірге әрекет етуге дағдылану керек.

Жұлдыз Алданазарова, ата-ана:

– Балам 6 жаста. Биыл 1-сыныпқа барды. Бірақ әлі күнге дейін анық сөйлей алмайды. 3 жасқа дейін еркелік деп мән берген жоқпыз. Ата-әжесінің баласы еді. Байқап қарасам, өзі секілді қатарластары анық сөйлейді, ойын жеткізеді. Ал біздің бала екі сөздің басын әрең қосады. Көбіне ыммен түсіндіреді. Алаңдап, дәрігерге апардым. Олар арнайы мамандарға жөн сілтеді. Ол кезде баламның жасы беске жақындап қалған. Кеш келгенімді түсіндім. Логопед, дефектолог маманның көмегіне жүгініп, сабағын, емін қабылдай бастадық. Бір жылдың ішінде сөздерді айта бастады. Бірақ әлі де көп жұмыс жасалу керек. Оқуға барғаннан кейін де қиналдық. Әріптерді анық айта алмайды. Сыныптастары баламнан көш ілгері. Осы қылығынан өзі де ұялатын секілді. Әлі де мамандардың көмегіне жүгініп келеміз. Ұққаным, екі жаста бала нақты сөйлеп бастау керек екен. Біз кеш қимылдадық.

P.S. «Бала тілі – бал» деп жатамыз. Былдырап тілі шыққанын қызық көреміз. Алғашқы «әке», «ана» деген сөздерін естуге асығып, сол сәтті күтеміз. Ата-әжесі «айналайын тіліңнен» деп айналып-толғанатын. «Шешен бол» деп бата беретін. Қазір ше? Баланың бұл әрекетіне, қай уақытта сөйлегеніне де мән бермейтін болдық. Міне, осыдан-ақ ата-ана  мен бала арасындағы байланыстың үзіліп бара жатқанын аңғару қиын емес.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<