Білікті дәрігер, табысты кәсіпкер

915

0

Адам баласының саулығы мен саламатты өмір сүруі – мемлекет ұстанып отырған басты саясаттың бірі. Сонымен қатар, ХХІ ғасырда әлемдік медицинаның мүмкіндігі арта түсті. Осыған орай мемлекет деңгейінде аталған саланы дамытудың жаңа бағыттары айқындалды. Халықтың талабы мен таңдауына сай уақыттың өзі мықты мамандарды алға шығарды.  Бойында білімі мен қабілеті бар мамандар жеке кәсіп ашып, қызмет көрсете бастады. Бұл саладағы бәсекелестікті арттырып, жұмыс сапасының жақсаруына да сеп болды.

Дәрігердің алдына дер­тіңе дәру, жаныңа шипа іздеп барасың. Ондай кезде абзал жанның мейірімді жүзі мен жылы сөзі де адамның бойында ауруды жеңуге деген сенім қалыптастырады. Иә, қиын да жауапты қыз­метімен  көптің көңілін тауып, алғысына бөленіп жүрген осындай жандардың бірі – жоғары санатты, білікті дәрігер Дүйсенкүл Тәжікова. Оның бұл салада еңбек етіп келе жатқанына қырық жылға таяды. Осы уақыт аралығында өз ма­ман­дығынан мол тәжірибе жинап, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда ол басқаратын жеке стоматологиялық орталық емдеу әдісінде меди­ци­на­ның соңғы жаңа­лық­тарын кеңінен қолданып, ем­делу­шіге барынша сапалы қызмет көрсетуді меңгерген.

Дүйсенкүлдің арманы дәрігер болу еді. Шын­ды­ғын­да, оның биязы әрі нәзік болмысы, адам баласының бәріне мейіріммен қарай­тын жанашыр мінезі тек дәрігер болуға жаралғандай. Алайда бұл міндеттің жауапкершілігі де оңай емес. Осының бәрін ой елегінен өткізе келіп, 1981 жылы Алматы мемлекеттік медициналық инс­титутына «дәрігер-стоматолог» ма­ман­­дығы бойынша оқуға түсті. Оқу орнын 1986 жылы бітіріп, 1986-2006 жылдар аралығында Шиелі аудандық емханасына қыз­метке орналасты. Осы ортада көп жыл еңбек етіп, мамандығының қыр-сырын терең меңгерді.

Осылайша, көп жыл­дық тәжіри­бе­сінің арқа­сында 2004 жылы  аудан орталығынан, араға жыл­дар салып облыс орта­лы­ғынан «Алма Дент Сервис плюс» жекеменшік сто­­матологиялық кабинетін ашты. Бүгінде бірнеше маманы бар тіс емдеу орта­лықтары жаңа технологиямен жабдықталған. Онда заманға лайықты материалдармен тіс жегіні пломбалау, зақымдалған тістерді емдеп, жаңа материалмен қаптау, қарт кісілерге протез салу, балаларға тегін меди­циналық көмек көрсету, сол сияқты аурудың алдын алуға байланысты көптеген профилактикалық жұмыстар атқарылады. Дәрігер бұл жұмыстарға жас мамандармен бірге қызы Алманы да баулыған. Бүгінде ол кәсіби тұрғыда қалыптасып, өзіне қолдау көрсетіп келеді.

Иә, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан білікті дәрігердің еңбегі бағаланып, әр жылдары ҚР Денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттіктің «Құр­мет Грамотасын», облыс әкі­мінің «Үздік кәсіпкер әйел» жүлдесін иеленсе, «Қазақстан стоматологтары ассоциация­сы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Республикалық «Ұстаз жолы»  қоғамдық қорының шешімімен  ден­саулық сақтау саласындағы елеу­лі еңбегі үшін «Алтын дәрігер» төсбел­гісін иеленді. Облыстық ден­саулық сақтау басқармасының ұсынуымен 2008 жылы Алматы қаласында өткен дәрігер-стомато­лог­тардың  IV съезіне делегат болып қатысты. Ал 2018 жылы Алматы қаласының білікті дәрігер-профессорларын  шақырып, облыс көлемінде алғаш рет стоматологтар арасында  мастер кластар өткізді.

Иә, біле білсек, маман­дығына шын берілген дәрі­гер халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға саналы ғұмырын арнайды.  Дәрігер Дүйсенкүл Тәжікова да сондай жандардың бірі. Дәлірек айтсақ, мамандығына ман­сап деп қарамайды, адам­гершілік парызым деп біледі. Кәсібіне жүгінген көп жандардан ақыл-кеңесін аямайды. Осындай ұстанымымен ол әріп­тестерінен бөлек, қарапайым тұты­нушының да құрметіне бөленіп келеді.

Таяуда ғана Шиелі ауданы орталығынан ашылған жаңа тіс емханасы –  оның ұзақ жылдар бойғы тынымсыз ізденіске толы жұмысының жалғасы. Иә, кей адамдар «кәсіппен айналысу – қаражаты мол адамдардың ісі» деп ойлайды. Алайда адал еңбегі мен бойындағы тәуекелінің арқасында бүгінгі деңгейге қол жеткізген тіс дәрігерінің тәжірибесі – әріптестеріне үлгі. Білікті дәрігердің мақ­саты – бүгінгі уақыт талабынан қалыс қалмай, үнемі жаңашылдыққа ұмты­лып, жұ­мыстың тиімділігін арттыру. Сондықтан Дүйсенкүл Еркім­байқызы басқаратын антына адал, міндетіне жауапты мамандар адам денсаулығын сақтауда  әр­дайым абырой биігінен көрінетініне сенім мол.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<