Бір айда жедел жәрдемге 46000 шақырту түскен

730

0

Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына шілде айында 46 000 қоңырау келіп түсті. Яғни, орта есеппен мамандар тәулігіне 1500-ге жуық науқасқа алғашқы көмек көрсеткен. Бұл өткен жылдың мамыр-маусым айларымен салыстырғанда 8 мың шақырысқа көбейген. Бұл туралы облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова мәлімдеді.

«Коронавирус инфекциясының тарауы жиілеген тұста, жедел жәрдем қызметі жүктемеден екі есе көп шақырыс қабылдап, орындап келеді. Жедел жәрдем стансасына түскен шақыртулардың күрт өсуін ауа райы температурасының жоғарылығымен және «Covid-19» инфекциясы мен жоғары тыныс жолы ауруларының артқандығымен байланыстырудамыз. Өткен аймен салыстырғанда жоғары тыныс жолы аурулары – 34%-ке, пневмония – 56,2%-ке, жедел респираторлы вирусты инфекция – 37,5%-ке, «Covid-19» инфекциясы – 52%-ке өсті», – деді Ғалия Нұрсейітова.

Одан бөлек салқын тағамдар мен сусындарды көп пайдалану әсерінен дене температурасының жоғарылауы, тонзилит, фарингит, трахеит диагноздарымен түскен науқастар саны өсті. Соңғы уақытта пневмония, коронавирус инфекциясымен түскен шақырыстардың 10%-ін балалар құрап отыр. Мысалы, осы айда «Covid-19» инфекциясымен 480 шақырту орындалса, оның 47-сін балалар, пневмония диагнозымен 1296 шақырту орындалып, 133-ін балалар құрап отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<