COVID: Оңалтудың орны бөлек

591

0

Әлемді жайлаған коронавирус  індетінен қаншама адам көз жұмып, қаншамасы айығып шығып жатыр. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген көнекөздер сөзі нақ осы кеселге  айтылғандай. Өйткені бұл аурудан айыққанмен, аяқтан тік тұрып, оңалып кету оңай емес. Оны басымыздан өткен соң түсіндік. Мұны ескерген Денсаулық сақтау министрлігі де тиісті шаралар қабылдап,  аурудан айығып шыққан науқастарды әрі қарай оңалтуға көңіл бөлді.  Сонымен коронавирус инфекциясы мен пневмониядан кейін оңалту қызметтерін қалай алуға болады? Облыста оңалту шарасы қалай жүргізілуде?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының мә­ліметіне сүйенсек, бұл аурудан кейін оңалту қызметтері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қолжетімді. Ол «Емдеуге жатқызу бюросы» ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады.

– Жалпы, медициналық оңалту  тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде негізгі ауруларды емдеу кезінде, сондай-ақ, туберкулезбен ауыратын науқастарға қолжетімді. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халықаралық аурулар жіктемесінің аурулар тізімі бойынша көрсетіледі. Сонымен қатар, медициналық оңалту азаматтардың өз қаражаты, ерікті медициналық сақтандыру қаражаты, жұмыс берушілер және ҚР заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен ақылы негізде жүргізіледі. Сақтандырылған тұрғындарға оңалту жұмыстары былтырдан бері 3 кезең бойынша қарқынды жүргізілуде. Біріншісі – аурудың жіті және жітілеу кезеңдерінде, оталар, жарақаттар кезіндегі қалпына келтіру емі. Ол ауруханалардың құрылымдық бөлімшелерінде бейіні бойынша жүзеге асырылады.

Егер пациент ауруханаға жатқызуды қажет етпесе, медициналық көмек көрсе­тілгеннен және негізгі ауруды емдеу аяқталғаннан кейін оны оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жібереді.

Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйым­дарында, мамандандырылған оңалту орталықтарында, көпсалалы ауруханаларда өтеді.  Оны ауру басталғаннан бастап тоғыз ай ішінде жүргізу ұсынылады. Оңалту емінің ұзақтығы және оның жиілігі нозологияға, науқастың жағдайының ауырлығына және басқа себептерге байланысты.

Үшінші кезеңді медициналық оңалту амбулаториялық-емханалық ұйым­дарда, күндізгі және тәуліктік емханаларда, оңалту орталықтарында, санаторий-курорттық ұйымдарда, үйдегі стационарларда, сондай-ақ қашықтан жүргізіледі. Оңалту еміне қажеттілік болғанда үшінші кезеңдегі медициналық оңалту жиілігі мен ұзақтығы жеке-дара көрсетілімдер бойынша жүзеге асырылады. Ал, COVID-19 және пневмониядан кейін оңалтудың мақсаты – тыныс алу динамикасын жақсарту, мазасыздық пен депрессия белгілерін жою, асқыну қаупін азайту, дененің бұзылған функцияларын қалпына келтіру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы орайда ауруханадан шыққаннан кейін аурудың ауырлығына, қатар жүретін патологияларға байланысты науқас медициналық оңалтудың екінші немесе бірден үшінші кезеңіне жіберілуі мүмкін. Айта кету керек, постковидтық синдром психологиялық қолдау шараларын қажет етеді,  – дейді филиал директоры Бақыт Исмаханбетов.

Оның айтуынша, егер науқас коронавирус инфекциясымен ауырғанда қандағы оттегімен қанықтыру 95%-тен төмендеп, өкпенің зақымдану көлемі 50%-тен асса немесе бұл көрсеткіш 25% деңгейінде тұрып, бірақ қалыптан тыс ентігу,  қосалқы сырқаты, жасанды оттегі қолдануға мұқтаж болса, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде емдеу жүргізілсе, науқас екінші кезеңдегі қалпына келтіруге баруы керек.

Орташа ауыр бұзылулары бар пациенттер үшінші кезеңге жіберіледі. Оларды мамандар тобы бағалауы қажет. Әр науқасқа арналған оңалту емі ағзаның ерекшеліктерін, қосалқы сырқат түрлерінің болуын, жас ерекшеліктерін және т.б. ескере отырып, жеке-дара таңдалады.

COVID-19 және коронавирустық пневмониямен ауырған науқастарды оңалтуға жіберуде, ең алдымен, науқастың жағдайын бағалау мақсатында реабилитолог немесе мамандардың көпсалалы тобынан кеңес алуға жолдама беретін учаскелік дәрігер кеңесі керек. Тексеру кезінде тыныс алу функциясы (сатурация деңгейі, КТ/рентгенография деректері бойынша өзгерістер), күнделікті өмір сүру қабілеті ескеріледі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры сақтандырылған тұрғындар үшін оңалту қызметтерін үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бұл бағытта биыл  қор филиалы  27 медициналық ұйыммен шарт жасасты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7-ге көп.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының дерегіне сүйенсек, өңірде оңалту шарасы негізінен Жаңақорған ауданы Шалқия кентіндегі облыстық оңалту орталығының пульмонология бөлімшесі мен Қызылорда қаласындағы облыстық фтизиопульмонология орталығының оңалту бөлімшесінде жүргізіледі. Бүгінде облыстық оңалту орталығының пульмонология бөлімшесінде 699 адам ем қабылдаған. Ал облыстық фтизиопульмонология орталығы 2 ай көлемінде жұмыс істеп, 30 адам­ға қызмет көрсетті. Өйткені аймақта эпидемиологиялық ахуалдың  күрделенуіне байланысты наурыз айынан бастап адам қабылдамаған. Ол өз жұмысын алдағы қазан айынан бастап қайта жандандыратын болады.

Коронавирустан кейінгі оңалту шара­сына науқас емхана арқылы жіберілетіні белгілі. Осы орайда қаладағы ірі  емдеу мекемесінің бірі – №3 емхана бойынша былтыр коронавируспен 323, пневмониямен 556, барлығы 879 науқас тіркелсе, оның 189-ы оңалтудан өткен. Ал биыл коронавирусқа шалдыққан 1396 адамның 339-ы оңалту шарасын қабылдаған. Оның ішінде 57-сі стационарға жіберілсе, 213-і емханада, 69-ы санаториялық-курорттық  ем алған.

№1 емхана бойынша да оңалту шарасы қарқынды жүргізілуде.  Науқастар көбінесе емхана ішінде амбулаторлы ем алуда.

– Бұл аурудан кейінгі оңалту шарасы емханада қарқынды жүргізілуде. Көбіне  амбулаторлы түрде. Себебі емханада оңалту бөлімшесі бар. Осы орайда өткен сегіз айда 89 науқас амбулаторлық оңалтудан өтсе, 51-і күндізгі емханадан қажетті көмек алды. Сонымен қатар, «Q-мед» клиникасы арқылы да, санаториялық-курорттық жағдайда да оңалтудан өтіп жатқандар қарасы көп. Оған қоса науқастарды Жаңақорған ауданына қарасты Шалқия кентіндегі облыстық оңалту орталығына да жіберудеміз. Көп жағдайда науқастар өздері тұрмыс жағдайларына байланысты бас тартып жатады, – дейді №1 емхана бас дәрігері Рахима Сералиева.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<