Дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық рәсімі 1 шілдеге дейін жүргізіледі

513

0

Дәрілік заттарды ұлттық рәсім бойынша тіркеу кезінде сараптамаға өтінім қабылдау 1 шілдеге дейін ғана жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған мерзім Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен белгіленген. Бұл шара тіркеу құжаттарын біртіндеп Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бірыңғай талаптары мен қағидаларына сәйкес келтіру үшін қажет.

Атап айтсақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде тіркелген препараттар 2025 жылдың соңына дейін Одақтың талаптары мен қағидаларына сәйкестендірілуі тиіс.

Өтпелі кезең 2026 жылғы 1 қаңтарда аяқталады және Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес дәрілік заттарға берілген барлық тіркеу куәліктері жойылады.

Медициналық бұйымдарға келетін болсақ, олар бойынша Ұлттық сараптама рәсімі 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізілетін болады.

Бұл ретте қайта тіркеудің ұлттық рәсімі 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

Қазақстандық рәсім бойынша берілген мерзімсіз тіркеу куәліктері бар медициналық бұйымдар ЕАЭО-да қайта тіркеу қажеттілігінсіз ел аумағындағы айналымын жалғастыратынын атап өту қажет.

Қазір Қазақстан Республикасының мемлекеттік тізілімінде ұлттық заңнама бойынша 7 337 дәрілік зат және 9 654 медициналық бұйым тіркелген.

Сонымен қатар ЕАЭО-ның бірыңғай қағидалары бойынша тіркеу жүзеге асырылуда, оның бірыңғай тізіліміне бүгінде 335 дәрі енгізілген.

Пандемия жағдайында отандық өндірушілерді қолдау үшін бірқатар шаралар қабылданғаның атап айту қажет.

Осы ретте ЕАЭО-да дәрілік препараттарды тіркеу кезінде олар GMP талаптарына сәйкестігін растайтын ұлттық құжаттарды 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ала алады, олар қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданыста болады.

Сонымен қатар, ЕАЭО GMP сәйкестігіне қашықтықтан инспекция жүргізу мүмкіндігі қосымша қарастырылған.

2022 жылғы 30 маусымға дейін коронавирус инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау үшін пайдаланылатын бірқатар тауарларды кедендік әкелу бажынан босату мерзімі ұзартылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<