Дәрігерге дереу қаралса ауруды жеңуге болады

653

0

Жыл сайын  24 наурызда бүкіл әлем  Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнін  атап өтеді. Бұл үрдіс биыл да «Туберкулезге қарсы күреске инвестиция салыңыз. Өмірге араша болыңыз!»  ұранымен жалғасын тапты. Әлем мемлекеттері атап өтетін бұл күннің мақсаты – жер шарының барлық тұрғынына туберкулез проблемасы кез келгеніміздің басымызға түсуі мүмкін екенін, сондықтан күрестің сәтті болуы әр адамның жеке ұстанымына тікелей  байланысты екеніне назар аудару.

Ең бастысы, аурудың алғашқы белгілерінде дереу дәрігерлік көмекке жүгіну керек. Дер кезінде анықталып, үздіксіз ем жүргізілсе, онан құлантаза айығуға болады.  Туберкулезден айыққан адамдар оқып, жұмыс істеуге, дүниеге бала әкелуге және басқаларға қауіп төндірмей  өмір сүруге қабілетті.

Облыста туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы 10 жылда аурушаңдық 2 есе азайған. Мәселен, 2012 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 92 болса, былтыр бұл көрсеткіш 46,2-ні құраған. Қазіргі кезде аурушаңдық көрсеткіштің төмендеу қарқыны 4,9 процентке жетіп отыр. Ал, республика бойынша аурушаңдық 0,8%-ке  өсуімен 100 мың тұрғынға шаққанда 36 болды. Облыста туберкулезден  өлім-жітім көрсеткіші де соңғы 10 жылда 4,8 есеге төмендеді.

– Аймақта туберкулезге шалдығу жиілігі 4,9 проценттік қарқынмен төмендегенімен, оны диагностикалаудың молекулярлы-генетикалық әдісін пайдалану арқылы (100% қамтылған, оның 35,3 проценті рифампицин тұрақты түрі) көп дәріге тұрақты туберкулездің  саны артып келетіні анықталуда, – деп атап өтті облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Әлтекешева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Елімізде туберкулездің алдын алу, оны анықтау, емдеу мемлекет есебінен тегін жүргізілетінін атап өту қажет. Туберкулезді және оның көптеген дәрілерге тұрақты түрін (КДТ ТБ) ерте анықтау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған халықаралық стандарттарға сәйкес ауруды бактериологиялық және молекулярлық-генетикалық диагностикалаудың жеделдетілген әдістері енгізілді. Қазіргі уақытта облыстық фтизиопульмонология орталығы мен аудандық деңгейдегі зертханалар өкпе дертін тез аңықтауға арналған құрал-жабдықтармен дерлік қамтамасыз етілген (барлығы 7 аппарат XpertMTB/RIF).  Бұл  аурудың нақты түрін анықтауға және туберкулез қоздырғышының сезімталдығына сәйкес қажетті ем тағайындауға мүмкіндік береді.

– Облыс  2018 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған туберкулездің көптеген дәрілерге тұрақты түрін емдеу үшін қажетті жаңа  препараттармен қамтамасыз етілді. Түрлендірілген қысқа мерзімді және  жеке режимдегі емдер қолданылуда. Осының нәтижесінде былтыр науқастарды емдеу тиімділігі 78-89%-ті құрады (ДДСҰ стандарты 75-85%). Жылдан жылға стационарды алмастыратын технологияларды қолдана отырып, пациентке бағдарланған тәсіл, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек мекемелерінде мобильді топтарда бақыланатын ем жүргізу, бейне бақыланатын емдеу (ВНЛ) арқылы кеңейіп келеді. Былтыр  амбулаториялық жағдайда ем бастаған туберкулез микобактериясын таратпайтын және айналасындағыларға қауіп төндірмейтін науқастардың үлес салмағы 79,1%-ті құрады, – дейді Айгүл Әлтекешева.

Туберкулезге қарсы төсек орынды тиімді пайдалану мақсатында 2020 жылы 35 төсек қысқартылып, бүгінде облыс бойынша 265 төсек-орын бар. Осы  төсек қорынан 50 орын реабилитация  және 20  орын ТБ дифференциалды диагностика мен пульмонология бөлімдеріне қайта бейіндендірілді. Нәтижесінде туберкулезге қарсы төсек-орынмен қамтамасыз ету көрсеткіші әр 10000 адамға шаққанда 4,2-ден 2,4-ке төмендеген.

Мамандардың айтуынша, науқастардың емге деген ынтасын арттыру мақсатында  оларға берілетін қаржылай әлеуметтік көмек көлемі ұлғаюына қарамастан, ем тәртібін үзген науқастар саны көбеюде. Мәселен, 2018 жылы 9 науқас болса, 2019 жылы 22 науқас  емін үзген. Сол себепті облыстық фтизиопульмонология орталығынан 5 төсек-орын мәжбүрлеп емдеуге ұйымдастырылған.

Жалпы туберкулезді ерте анықтаудың және табысты емдеудің маңызды аспектісі халықтың ауру туралы хабардар болуымен тікелей байланысты. Ол – ауа арқылы таралатын, кез келген адам жұқтыруы мүмкін жұқпалы ауру. Туберкулезге қарсы ұлттық науқан одан зардап шеккен адамдарды стигмадан, кемсітушіліктен, әлеуметтік оқшаулаудан қорғауға арналған және осындай жағымсыз жайттармен күресу үшін күш-жігер біріктіруге ерекше көңіл бөледі. Облыс көлемінде өткен туберкулезбен күрес айлығы аясында фтизиатр, фтизиопедиатр мамандар тұрғындарға кеңес беріп, флюорографиялық тексеру жүргізілді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<