Жуырда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылатын 7 денсаулық сақтау және Ә.Мүсілімов атындағы №101 орта мектептің бу қазандығын қайта жаңғырту жобалары бойынша келісім шарт жасалды.
Облыс әкімінің орынбасары Евгении Ким мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аймақ бойынша денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет, энергетика, жолаушылар көлігін дамыту, байланыс салалары бойынша 73 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.
Бүгінде 10 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында облыс орталығындағы «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне сервистік қызмет көрсету, ауысымына 400 адам қабылдауға арналған емхананы ашу, «Мерей» шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға алу және Арал, Сырдария, Қазалы, Жалағаш, Шиелі ауданындағы бірқатар нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Осыларға 8 жоба қосылып, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті реттейтін заңнамаға сәйкес, конкурс жұмыстары жүргізілген. Атап айтсақ, «Ахат-ГС» ЖШС Жалағаш ауданындағы Ақсу, Таң, Қармақшы ауданындағы Ақтөбе, Қызылорда қаласына қарасты Белкөл, Қараөзек ауылдық огкругінде дәрігерлік амбулаториялардың құрылысын жүргізеді. Ал, Жаңақорған ауданындағы Ақүйік, Өзгент ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория ғимаратын салу «Ныш-Ер» ЖШС-ның жауапкершілігінде. Қызылорда қаласындағы Ә.Мүсілімов атындағы №101 орта мектептің бу қазандығын қайта жаңғырту және сервистік қызмет көрсету» жобасын «Компания Газстрой» ЖШС жүзеге асыратын болады.
Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен денсаулық сақтау саласында 27 жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыру жоспарланған. Жиын барысында жоғарыда аталған 7 жоба бойынша денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Боранбаева және «Ахат-ГС» ЖШС директоры Мырзабай Шалғынбаев, «Ныш-Ер» ЖШС директоры Ерболат Төрежанов келісім-шартқа қол қойды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<