«Емделушінің алғысынан артық ештеңе жоқ»

873

0

Жалағаш ауданының халқы жақсы біледі, дәрігерлер династия­сы – Кәметовтер әулеті көп жылдан бері денсаулық саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Әулеттің басшысы, ҚР Денсаулық саласының үздігі, «Құрмет» орденді дәрігер Ханзулла Кәметов бірнеше жыл аудандық емханаға басшылық жасады.


Қоғамға, елге қызмет етуге бар саналы ғұмырын арнаған білікті дәрігер балаларын да осы салаға баулып, антына адал, халқына қалтқысыз қызмет етуге тәрбиеледі. Бұл күнде әке аманатын орындап, әлеуметтік жауапкершілігі биік – медицина саласында абыройлы еңбек етіп жүрген ағайынды Кәметовтерге тұрғындардың алғысы шексіз.


Атап айтар болсақ, Рүстем Сәдуақас­ұлы көпжылдық тәжірибесі бар узист-хирург болса, Ғалымжан Кәметов өз ісін жетік меңгерген рентгенолог-терапевт. Ал кардио­лог дәрігер Ақнұр Кәметованың қызметіне жүгінетіндердің қатары көп. Олар да дәрігердің біліктілігіне дән риза.

Өз міндеттерін адал атқарып келе жатқан дәрігерлер алғыс, марапаттардан кенде емес. Әйтсе де, олар үшін дертіне дауа тапқан жандардың ыстық ықыласы мен ақ батасынан артық ештеңе жоқ.


Заман талабына сай бүгінде медицина саласында да бәсекелестік артып, қызмет сапасының жаңа сатыға көтерілгені рас. Осыған орай дәрігерлер династиясы – Кәметовтердің бастамасымен «КК Каметов клиникасы» ашылып, тұрғындарға қызмет етіп келеді. Жаңа медициналық аппараттармен жабдықталған клиниканың жоғары санатты дәрігерлеріне аудан тұрғындары зор сенім артады.

Айталық, мұнда кардиолог, терапевт, уролог дәрігерлер қызмет көрсетеді. Ол үшін «ЭКГ», «СМАД холтер» (тәуліктік қан қысымын зерттеу), урологиялық физиоем «УЗД–3Д», «Матрикс-Уролог» – лазерлі-сәулелі емдеу аппараты, соңғы үлгідегі «Электрофорез» сияқты таңдаулы медициналық жабдықтар бар.


– Емханада терапия, артериялық, кардиологиялық, урологиялық емдеу шараларын жүргізумен қатар, балалар аурулары бойынша білікті педиатр кеңес береді. Бұдан бөлек, күндізгі стационарда емделуге де барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта клиниканың қызмет аясын ұлғайту жоспарда бар, – дейді Ғалымжан Кәметов.


Иә, соңғы жылдары денсаулық саласының алдында тұрған міндет еселеп артып, жауапкершіліктің де салмағы басым болып тұр. Осындай сындарлы кезеңде әлеуметтің жүгін көтеріп, аурудың алдын алуда және созылмалы сырқаттарды емдеуде «КК Кәметов клиникасының» қызметіне елдің алғысы ерекше.


Ғазиза ӘБІЛДА,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<