Фармаколог  Гүлзада

977

0

Гүлзада Қарифулланың мамандығы – фармаколог.  Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында еңбек ететін ол бұл мамандықтың өзгелерге ұқсамайтын өзіндік  ерекшелігі барын айтады. Оның айтуынша, клиникалық фармаколог дәрігер науқасқа тиісті маманмен бірге дәрі тағайындаумен айналысады.

– Бұл мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Көп адам фармацевт маманымен шатастырып жатады. Менің негізгі қызметім – науқасқа емдеуші дәрігердің тағайындауымен пациент жағдайына, дертінің ауырлығына, дәрілік аллергиялық анамнезін ескере отырып, барлық талдау нәтижелерін сараптай келе және оның ағзаға әсер етуін негізге ала  дәрі беру. Түсінікті болу үшін былай жеткізейін, қазіргі кезде науқас ауруханаға келгенше дәрігер нұсқауынсыз, яғни, өз бетінше дәрі іше береді. Бұл өз кезегінде ауруханаға түскенде әрі қарай емдеуші дәрігердің дәрі-дәрмек тағайындауын күрделендіреді. Осыған байланысты науқастың жағдайына қарай, яғни, дәрілік заттың әр сырқаттың физиологиялық параметрлеріне әсер етуіне, пациент жағдайының ауырлығына байланысты емдеуші дәрігермен кеңесе отырып, бірге ем тағайындаймыз. Сонымен қатар, ауруханаішілік дәрілік заттардың рационалды тағайындалу негізділігіне бақылау жүргіземіз, – дейді Гүлзада.

Ол – клиникалық фармакология мамандығы резидентурасының республика деңгейінде алғашқы түлегі.

Г.Әбибуллақызы 1994 жылы  Жалағаш ауданында дүниеге келген. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетін  бітірген. 2017-2019 жылдары интернатураның терапия бөлімін тәмамдаса, кейін клиникалық фармакология мамандығы бойынша резидентураны оқып шығады. Еңбек жолын 2020 жылы Ақтөбе облысындағы клиникада кезекші дәрігер-терапевт болып бастайды. Былтыр тамыз-қыркүйек айларында Жалағаш аудандық ауруханасында дәрігер клиникалық фармаколог, сол жылдың қазан айынан бері  көпбейінді облыстық балалар ауруханасында дәрігер клиникалық фармаколог болып қызмет атқаруда.

Гүлзада мамандығы бойынша үнемі ізденіп жүреді. Ғылыми іс-шараларға, курстарға  қатысуды әдетке айналдырған. Оған алған түрлі сертификаттары куә. Мәселен, Ақтөбе қаласында  ғылыми жұмысқа болашақ клиникалық фармаколог мамандарын тарту бағытында өткен «Дәрілердің клиникаға дейінгі және қолдану кезеңінде» ғылыми курсына қатысып, арнайы сертификат алып шықты. Былтыр қараша айында клиникалық фармакологтар, фармацевтердің кәсіби қауымдастығының ұйымдастыруымен  қазіргі кезде антибиотикке төзімділік мәселесі, антибиотикті тиімді қолдану жөнінде өткен конференцияға қатысып, онан да арнайы сертификатқа ие болды. Сонымен қатар Гүлзада жыл сайын өткізілетін «Вотчалов оқулары» атты сала мамандарына арналған семинарға да қатысады. Ал былтыр  Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстанның клиникалық фармакологтарының І конгресіне қатысып қайтты.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<