Індет қаупі сейілер емес

280

0

Қазір «Сақтық – саулықта», «Жақыныңа жанашыр бол!» деген ұран сөздерден көз сүрінеді. Ал, статистиканы қарасаң, індетке қатысты сәт сайын өзгеріп тұрған саннан жаңыласың. Вирустың кең таралуына қауіпсіздік шараларының сақталмауы басты себеп болып отыр.

Халық әлі де бетперделік режимге мән бермейді. Үлкен­деріміздің өзі мереке-жиыннан тыйылған жоқ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде күн сайын ақпараттандыру шаралары қарқын алуда, спикерлер вакцинаның маңызы жайлы мағлұматтармен бөлісіп келеді. Кезекті брифингте де Қызылорда су шаруашылығы мекемесі бастауыш ұйымының төрағасы Жақып Бегіш пен Ұлттық саралау және сертификаттау орталығы жанындағы бастауыш ұйымының төрағасы Әбдіғаппар Әмірғалиев екпені ем дейтіндер мен пайдасы кем дейтіндердің таласы тоқтамағанын, алайда алдын алу шараларына бей жай қарауға болмайтынын еске салды.

– Адам бағалай білмейтін екі құндылық бар. Оның бірі уақыт болса, екіншісі – денсаулық. Дертке шалдығудың алдын алу үшін де саулықтың қадірін, сақтықтың мәнін уақытысында түсіну маңызды. Мен де екпе алған тұрғындар қатарындамын, ешқандай жағымсыз әсер болған жоқ. Бастапқы үш күнде сақтану керек, яғни суға түсуге, адам көп шоғырланатын  жерлерге баруға болмайды. Жалпы, кім-кім де карантин талабын сақтап, оған қоса індетке қарсы егілсе, біз одан тез құтыламыз деп ойлаймын. «Жасыл аймақта» қалудың жалғыз жолы – екпе алу, – деді Ж.Бегіш.

Әбдіғаппар Әмірғалиев екпені алу немесе алмау өз еркімізде, бірақ әлемдік тәжірибе мен күнделікті күрделенген ахуалды саралай отырып, шешім шығарудың маңызды екенін алға тартты. Індеттің алдын кесуде қырағылық танытып, тұрғындарды сақтық талаптарын аттамауға шақырды.

Айта кетейік, өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша Қы­зылорда «қызыл аймақта». Бүгінде облыста вакцинаның I компоненті 221 486 адамға салынған, II компонентпен 152 971 адам қамтылды. Мамандар вакцина алған тұр­ғындардың тек 0,1% вирус жұқтырғанын және салдары жеңіл өтетінін мәлімдейді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз