Ішек инфекциясынан сақтаныңыз

342

0

Жаз мезгілінде түрлі жұқпалы аурулар да көбейе түсетіні белгілі. Әсіресе, жіті ішек инфекциясы, тамақтан улану жиілейді. Мәселен, облыста қазіргі кезде жіті ішек инфекциясы белең алып отыр. Жыл сайын аталған аурудың аурушандық көрсеткіші республикалық орташа көрсеткіштен 2-3 есе жоғары деңгейде болады екен. Мамандардың айтуынша, жағдайдың бұлайша у­шығуына ауа райының аптап ыстық болуы және жеке бас гигиенасының бұзылуы  себеп.

Биылғы 6 айда облыс көле­мінде жұқпалы жіті ішек инфекциясының 294 жағдайы есепке алынып, аурушандық көрсеткіш былтырмен салыс­тырғанда 50,7%-ке өскен.  Аудандар бойынша  жоғары ауру­шандық көрсеткіші  Шиелі, Жаңақорғанда  тір­келген. Сонымен қатар, жо­ғары аурушандық көрсеткіш әдеттегідей Қызыл­орда қала­сында. Нақтырақ айтқанда, облыс көлеміндегі жұқпалы жіті ішек ауруларының 84%-і облыс орталығында тіркеліп, аурушаңдық деңгей облыстық орташа көрсеткіштен 2 есеге жоғары  қалыптасып отыр.

– Жұқпалы жіті ішек ауруларымен науқастанғандардың 94 %-і  (261 жағдайы) 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 60-70%-і 2 жасқа дейінгі балалар үлесінде. Қалған 6 проценті  ересектер арасында тіркелген. Аурудың жоғары деңгейде тіркелуіне басты себеп – тұрғындар, әсіресе балалар арасында ішек инфекциялары мен тағамнан уланудың алдын алудағы санитарлық-гигиеналық нормалар мен қағидалардың сақталмауы. Балалар арасында жедел ас­қынған ішек инфекцияларымен сырқаттану жазғы маусымда көбейеді. Бұған қоршаған орта температурасының жоға­рылауы, сусынды, көкөністерді, жеміс-жидектерді көп қолдану, азық-түліктің тез бұзылуы себеп болады. Әсіресе, жаздың алғашқы айынан бастап тұр­ғындар  мерзімінен ерте піскен бақша  өнімдері мен жеміс-жидектерді тұтынады. Атап айтқанда, қарбыз маусым айын­да сауда сөрелеріне түсе бас­тайды. Бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті, яғни нитрат­пен улану деңгейі жоғары. Себебі ең жылдам піседі деген сорттардың өзі шілде айының соңына қарай бабына келеді. Ал сапалы әрі қауіпсіз қарбыз тамыз айының соңына қарай жеткізіле бастайды. Өйткені бұл уақытта бақша дақылдары табиғи түрде пісіп, жетіледі, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау де­пар­­­таменті басшысының орын­­­­ба­сары Әлия ­Әбді­қайым­ова.

Сонымен қатар, биыл аса қауіпті аурулар қатарына жататын Конго-Қырым қанды геморрагиялық қызбасының да 10 жағдайы тіркелген.

– Облыс табиғаты аталған инфекцияны тасымалдайтын иксодты кенелердің өмір сүр­уіне қолайлы болған­дықтан, бірнеше түрлері бар және олар қауіпті. Дегенмен, тұрғындар сол қауіпті біле тұра кене шаққанда уақытылы медициналық кө­мекке жүгінбеу салдарынан ауруды асқындырып, ауруханаға түсіп жатады. Сол себепті өлім жағдайлары да болды. 14 күн көлемінде дене қызуы көтеріліп, тұмау, іш ауру тәріздес клини­калық белгілер пайда болғанда жедел медициналық көмекке жүгінген жағдайда, уақытылы диагноз қойылып, емін алады. Нәтижесінде ол адам сауығып шығады, – деп атап өтті Әлия Мүтәліпқызы. 

Кез келген кеселге бейжай қарауға болмайды. Әсіресе жұқпалы дертке салғырт қарау қауіпті. Сондықтан атала­рымыздың «Ауырып ем ізде­генше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілін естен шығар­мағанымыз абзал.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз