МӘМС:облыс тұрғындарының басым бөлігі жеке клиникаларды таңдады

580

0

Биыл қыркүйек және қараша айларындағы аралықта медициналық ұйымды таңдау құқығын аймақтың 2 057 тұрғыны пайдаланды. Тіркелген азаматтардың 72,5 проценті жеке клиникаларға тіркелген, ал қалған 27,5 проценті мемлекеттік емханаларды таңдады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов хабарлады.

  • Аймақта биылғы тіркеу науқанына 21 медицина ұйымы қатысты. Оның 13-і мемлекеттік емхана, 8-і жеке медициналық мекеме. Аталған емханалар келер жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетпек. Бүгінде емханаларға облыстың 803,5 мың тұрғыны тіркелген. Медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелу – бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық қызметтердің барлық түрін алу үшін қажетті шарт. Тіркелу науқаннан тыс кез-келген уақытта БМСК ұйымын бірнеше жағдайда өзгертуге болады. Мәселен, тұрғын өзінің тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерін, жұмысын, оқу орнын өзгерткен жағдайда ауыстыруға мүмкіндігі бар. Бұдан басқа, еліміздің кез-келген азаматының жылына бір рет тұрғылықты жері бойынша емхананы ауыстыруға құқығы бар. Тіркеу науқаны денсаулық сақтау субъектілерінің дерек қорында тіркелген. Емханалардың тізімімен Қордың https://fms.kz/ сайтында «Медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімінде танысуға болады», – деді Бақыт Торғайбайұлы.

Айта кететін жәйт, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмектерді ала алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<