Медициналық сақтандыру: жетістігіміз қайсы, кемшілік неде?

1210

0

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласында түрлі реформалар жүргізілгеніне қарамастан, әлі де күрделі мәселелердің бар екенін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде көпшілік сынына жиі ұшырайтын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне, оның тиімді жүзеге асырылмай отырғанына тоқталды. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформалар жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұлүлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті» деді Президент.

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізілді. Оны мамандар халықтың саулығын қорғау жүйесінде тиімді әрі пайдалы болады деп түсіндірді. Негізінде дамыған елдердің көпшілігі осы жүйені кеңінен қолданып, нәтижесін көріп отырғанын білеміз. Бізде енгізу үшін мемлекет елуден астам елдің сақтандыру үлгісін зерттеген. Жалпы әлем бойынша медицина саласы бюджеттік, сақтандыру және аралас жүйелер арқылы жүзеге асырылады.

Бюджеттік үлгі 30-дан аса елде бар, көбіне Еуропада, ал әлеуметтік сақтандыру Шығыс Еуропа, Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакияда болса, жеке сақтандыру АҚШ-та қолданылады екен.

Қазақстан осы мемлекеттердің үздік тәжірибелерін зерделей келе, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізді.

Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондықтан да денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала ойластырып, жан-жақты пысықтаудың маңызы зор. Осы орайда жүйені іске қоспас бұрын мамандар халықтан жарна жинау механизмін қолға алды. 2017 жылдан бастап мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастады. Оған қоса мемлекет 15 санатты арнайы белгілеп, оған жататын азаматтарды жарна төлеуден босатты. Осылайша жүйе 2020 жылдан бастап іске қосылды. Жүйе енгізілгенмен, саладағы мәселе шешіле қоймағаны жасырын емес. Медициналық көмектің сапасы, қолжетімділігі әлі де сын көтермейді. Оны әлеуметтік желілерде ауруына шипа іздеген көпшіліктің жазбаларынан да байқауға болады. Сағаттап кезек күту, қажетті маманға дер уақытында қарала алмау, КТ, басқа да аппараттарға түсудің машақатынан құтыла алмаған жұрт «сақтандыруға не үшін ақша аударып отырмыз?» деп байбалам салуда.  Көпшіліктің денсаулық саласына деген сын-ескертпесін Президент те жоғарыда аталған Жолдауда атап көрсетіп, жүйені жетілдіруді тапсырды.

Сонымен, мақтаған МӘМС-іміз неге көпшілік үмітін ақтамай отыр? Әу баста сақтандыру жүйесінің мақсаты – тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін, сапасын арттыру, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту, диагностикалық-консультациялық көмекті жүйелеу болатын. Ендеше жүйе жұмысының тиімділігі неге төмен?  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалы директоры Бақыт Исмаханбетов те сақтандыру жүйесінің өз мақсатына, негізгі принципіне жете алмай отырғанын айтады.

– МӘМС-тің түпкі мақсаты, идеясы  жақсы, көтеріп отырған жүгі де ауыр. Соған қарамастан көздеген мақсатына жете алмай отырғаны рас. Бірақ солай екен деп атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, бір адам жылына бар-жоғы 36 мың теңге төлейді, яғни, айына 3 мың теңге болса, ең жоғары жарна көлемі айына 12 мың теңгені құрайды. Бірақ сақтандырылған азамат қажет болғанда бінеше миллионның қызметін ала алады. Бір ғана мысал, кезінде КТ, МРТ аппараттарына түсу үшін қалталарынан 15-20 мыңдап төлеп жүрді ғой. Қазір жүйе бойынша ол қолжетімді болып отыр. Бұл жерде мәселе медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруда ма деп ойлаймын. Біздің мақсат – көрсетілген  қызметтерге ақы төлеу, яғни, қаржыландыру.  Ал қаржыландыру бойынша еш кедергі жоқ.  Сондықтан көрсетілетін қызметтердің жүйелілігіне, олардың қолжетімділігіне негізінен тиісті сала ұйымдары жауапты болады. Ең бірінші, бастапқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін ұйымдар өз жұмыстарын тиянақты ұйымдастыра білуі керек. Олай дейтініміз, науқас ең алдымен емханаға барады. Мәселе көбіне осы жерде орын алып отыр. Ұзын-сонар кезек те, дәрігер қабылдауына жазылудағы шу да осы жерден шығатынын білеміз. Сондықтан денсаулық сақтау саласының осы тұсын ретке келтіру қажет деп ойлаймын. Біз өзімізбен тікелей келісім-шартқа отырған емдеу ұйымдарын ғана тексере аламыз, онда да науқастың арыз-шағымымен. Арыз-шағым болмаса, тексеруге құқымыз жоқ, – дейді Бақыт Торғайбайұлы.

Филиал директорының айтуынша, тұрғындар тарапынан арыз-шағымның 95 проценті емханаларға, олардағы қызметтерге байланысты түседі.

–    Оның себебі, жарнасын төлеп отырған азамат өзі қалаған кезінде көп күтпей кеңес беру немесе басқа да диагностикалық қызметтерді алғысы келеді. Ал емхана оны дер кезінде қамтамасыз ете алмайды. Өйткені  ұйымдастыру жұмысы төмен. Екіншіден, бұрыннан келе жатқан инерциялық салғырттық бар. Қазір осыған байланысты жаңаша ережелер бекітілді. Егер науқас қандай да бір аппаратқа түскісі келсе және емханада ол бұзылып қалса, осындай жағдайда олар науқасты басқа медициналық мекемеге жіберуі тиіс. КМИС жүйесі арқылы кез келген сондай мекемеге жібере алады. Оған келісім-шарттың қажеті жоқ, автоматты түрде орындала береді. Бірақ бізде соны жасағысы келмейді, күттіріп қояды. Содан келіп тұрғындар наразылығы туындайды, – деп атап өтті директор.

Бақыт Торғайбайұлының сөзінен түйгеніміз, біздегі емханалар берілген мүмкіндікті тиімді пайдалана алмайды немесе пайдаланғысы келмейді. Әйтпесе консультациялық-диагностикалық қызметтерге бөлінетін қаржы өте қомақты. Нақтырақ айтсақ, қызметтің осы түріне облыс бойынша 11,5 млрд теңге қаралған. Ал стационарлық көмекке, яғни, ауруханаларға бөлінетін қаржы 13 млрд теңгені құрайды.

–    Бұған дейін КТ аппаратының аздығы сезілді. Алдыңғы жылы,  былтыр тапшы болды. Ал МРТ жеке клиникалар арқылы шешімін тапты. Биыл КТ аппараттары аудандарға да қойылып жатыр. Алдағы уақытта ол қолжетімді болады. Біз жалпы шет елдердің тәжірибесін алып, оны енгізуге құмармыз. Дұрыс та шығар. Бірақ олардың өмір сүру  дағдысы біздің елдің менталитетіне, өмір сүру үрдісімізге сай келе бермейді.  Ана елден бір нәрсені, мына елден екінші бір нәрсені үзіп-жұлқып алып келіп, енгізгеннен ұтарымыз аз. Ал алдық екен, енгіздік екен, оны жүзеге асыру механизмін, әрбір деталін жан-жақты пысықтап, материалдық-техникалық базасын ыңғайлап,  әбден пісіп-жетілген дүниені ғана ұсынып, іске кіріссек, қандай жақсы. Бізге өкінішке орай, сол нәрсе жетпейді деп ойлаймын, – деді директор.

Президент  медициналық сақтандырудың тиімді жүргізілмей отырғанын, ерікті сақтандыру жүйесін енгізудің уақыты келгенін айтты.

–    Мемлекет басшысының бұлай айтуының себебі, елде 3 млн-ға жуық адам жүйеде жоқ. Ол – қалталы, біздің елдің медицинасын керек етпейтін азаматтар. Президент солар туралы айтып отыр. Ал ерікті сақтандыру дегенге келсек, ол – бұрыннан бар дүние. Оның жарнасы, менің білуімше, қымбат. Ал нақты механизмі, қалай іске асырылатыны алдағы уақытта белгілі болады, – дейді Бақыт Торғайбайұлы.

Әрине, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мүлде нәтиже бермей отыр деп айтуға болмас. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына 806980 адам тіркелген. Сақтандырылған халық саны 677276 адамды, яғни, 83,9 пайызды құраса, 129704 адам, яғни, 16,1 пайызы сақтандырылмаған. Жоғарыда айтқанымыздай, бұрын тұрғындардың қалтасын қағып келген КТ, МРТ аппараттарына тегін түсуден бастап, жоғары мамандандырылған көмектер, яғни, қымбат бағалы оталар да жүйе аясында тегін жасалып жатқанын көріп жүрміз. Десе де медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты түсетін  тұрғындар арыз-шағымы толастамай тұрғаны жасырын емес.  Сонда кінә кімде, кінәрат неден?

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<