Мың алғыс сізге, дәрігер!

720

0

Бұл мерекенің мән-маңызы ерекше. Әсіресе, кейінгі уақыттағы адамзат әлеміндегі ахуал ақ желеңді абзал жандарға құрметтің бағасын биіктете түсті. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күрделі кезеңде үлкен жауапкершілік танытып, шынайы жанашырлықпен еңбек еткен саулық сақшыларын құттықтап, жылы лебізін арнады.


– Әлем­ді жайлаған ін­дет бізге медицина маман­­да­рының қажет­тілігін бұрын­ғыдан да артық сезіндіріп, мәртебесін көтере түсті. Сіздердің еңбек­теріңіз шын мәнінде барлық құрметке лайық! Бұл орайда әлемдегі ең ізгі, ең қастерлі мамандық иелерінің қыз­меті мемлекет тарапынан жоғары бағаланып келеді. Әрине, ең жоғары баға – халықтың шынайы көңілі екені сөзсіз. Сындарлы кезеңде дертіне шипа іздеген әрбір жерлесіміз сіздерге дән риза деп білемін,–деді облыс әкімі.


Былтыр облыс бойынша ви­руспен күрескен 3 мыңға жуық медицина қызметкеріне 3 млрд теңге көле­мінде үстемеақы төленсе, жиыр­мадан астам медицина қызметкері жоғары мемлекеттік награ­дамен, 107 қоғам белсендісі «Халық алғысы» медалімен марапатталды.


Облыс әкімі кәсі­би­ліктің жоғары үлгісін көр­сеткен бірқатар медицина ма­ман­дарын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек арда­гері» ме­далі­мен, Ұлттық ме­дицина ассо­циация­сының «Ал­тын дәрігер» төс­бел­гісімен, об­лыс әкімінің Алғыс хатымен, «Ден­саулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қос­қан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады.


Сондай-ақ, жиында «Біздің сүйікті дәрігер – 2021» кон­курсының жеңімпаздары да құрмет төрінен көрінді. «Үздік денсаулық менеджері» номи­нациясын облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Әділбай Медетбаев иеленсе, «Үздік аурухана дәрігері» номинациясын Арал ау­данаралық ауруханасының дәрі­гері Гүлжанат Төлепова жеңіп алды.

Қос марапат иесіне бір миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал, көпбейінді қалалық аурухана мейірбикесі Раушан Томанова «Үздік аурухана мейіргері» номинациясына лайық деп танылып, 700 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды.


– Бүгінде көпшілігіңіз пан­демиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрсіздер. Медицина қызметкерлерінің осындай қиын уақытта басымызға түскен ауыртпалықты жеңе алатынына сенеміз. Қазірдің өзінде еліміз бойын­ша ахуал жақсарып келеді. Өткен айлармен салыс­тырғанда елімізде індет жұқ­тырғандардың саны екі есе қысқарған. Республика бойынша өлім-жітім көрсеткіші 2 аптаның ішінде 1,6 есеге төмендеген. Ай­мақтарда ауруханаларда ем алып жатқан науқастар саны да азайған. Сіздермен кездесудің орайлы сәтін пайдалана отырып, өз тарапымыздан қалыпты өмір сүру дағдысына оралу үшін екпе салдырудың маңызды екенін атап өткім келеді. Вакциналау ша­расына біздің медицина маман­дарының өздері де бастамашы болады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.


Салтанатты жиын соңында жергілікті өнерпаздар «Мың алғыс дәрігерлерге!» атты жаңа әнді шырқап, мереке иелеріне ерекше көңіл-күй сыйлады.


Айнұр Батталова,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<