Он мыңнан астам ота жасаған

692

0

Кәсіби біліктілігі мен терең білімінің арқасында есімдері Сыр медицинасының тарихына алтын әріппен жазылып, ел жадында қалған ақ халаттылар аз емес. Солардың бірегейі – Сыр медицинасының атасы атанған  белгілі дәрігер Ернияз Омаров.

Аймақтың денсаулық сақтау саласының дамуына аянбай еңбек етіп, өз үлесін қосқан ардақты жан 1932 жылы 1 қаңтарда Тереңөзек ауданы, қазіргі Асқар Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. 1947 жылы жетіжылдық мектепті, одан соң Қызылорда медициналық училищесін бітірген. Еңбек жолын Тереңөзек ауданы «Арысқұм» жайлауындағы малшылар қонысында фельдшер болып бастап, одан кейін медициналық бекет меңгерушісі болып жұмыс істеген. Дәрігер болсам деген арман жетегінде 1952 жылы Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, оны 1958 жылы ойдағыдай аяқтайды.

Сол жылы Қызылордадағы облыстық ауруханада хирург, емхана меңгерушісі, одан кейін 1961 жылы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Осы жылдары қала тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау мекемелері бір жерге шоғырландырылып, қалалық балалар ауруханасы, әйелдер консультациясымен бірге қалалық перзентхана, туберкулезге қарсы күрес диспансері, балалар емханасы, №1, 2 және №3 емханалар ашылған. Ал 1967 жылы Ернияз Омарұлының бастамасымен қалада 250 төсектік қалалық аурухана ел игілігіне берілді. Оған бас дәрігер болып тағайындалғаннан кейін бірқатар емдеу-алдын алу мекемесін біріктіріп, қалалық біріккен аурухана құрылған.

Ернияз Омаров – дәрігерлік қызметін ғылыммен ұштастырған жан. Ғылым-білімге құштарлығы, өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығының қыр-сырын терең меңгеру жолындағы үздіксіз ізденістің нәтижесінде 1974 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. 1982 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған ол осы қызметті 15 жылдай абыроймен атқарды. Ол кісінің басшылығымен облыста типтік жобадағы 5 орталық, 7 ауылдық аурухана, 20-дан астам ауылдық дәрігерлік емхана және көптеген фельдшерлік пункт ғимараты салынып, бірқатар медициналық нысан жаңартылды.

Ернияз Омарұлы – аймақта ана мен бала өлімін азайтуға, олардың саулығын сақтауға барынша көңіл бөлген басшы. Осы бағытта  барлық аудан орталықтарында, қалалық біріккен ауруханада, перзентханада реанимациялық-анестезиялық бөлімшелер ашып, оларды білікті мамандармен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде бар күш-жігерін аямады. Сонымен қатар облыс орталығында кеңес беру-диагностика орталығы мен көпсалалы 700 төсектік облыстық медицина орталығы құрылысының салынуына атсалысты. Ол кісінің тұсында пульмонология, травматология, торокальді хирургия, нейрохирургия, гематология, аллергология салалары бойынша жаңа бағыттар дамыды. Ғылымға жол ашылды. Өзі де балалардың туабітті жамбас буынының шығуына байланысты 56 ғылыми еңбек жазды.

Ернияз Омарұлы – білікті басшы, қабілетті ұйымдастырушы, іскер азамат ғана емес, антына адал дәрігер ретінде ел есінде қалған тұлға. Өйткені ол денсаулық сақтау ісінің қай саласында қызмет атқарса да өзінің ең алдымен хирург-травматолог маман екенін естен шығарған емес.  Елу жыл ішінде он мыңнан астам ота жасап, оның ішінде жүрекке, сүйек туберкулезіне, сүйек сынықтарын аппаратпен ұштастыруды облыста тұңғыш жүзеге асыруы – соның бірден-бір дәлелі. Науқас балаларды емдеп жазуда Одақ көлеміндегі білікті хирург атанды. Оның «Іштен кеміс туған балаларды оперативтік-консервативтік тұрғыдан емдеу» тақырыбында қорғаған кандидаттық еңбегі Қазақстанның ғана жемісі болып қалған жоқ, Одаққа, одан әрі шет мемлекеттерде де тәжірибеге енгізілді.

Дәрігердің еселі еңбегі өз кезегінде лайықты бағасын алды. Өзі ажалдан арашалап, аяқтан тұрғызған қаншама жанның батасы, «алтын қолды дәрігер» атаған көпшіліктің алғаусыз ақ тілегі Ернияз Омарұлын абырой биігіне көтерді. «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген дәрігер» құрметті атағымен, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы Жеңіс» медалімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды, Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының және Қызылорда облысының Құрметті азаматы атақтарын алды.

Оның «Өмір белестері» атты ғұмырнамалық хикаяты, «Сыр медицинасы» кітабы –кейінгі ұрпаққа мұра.

Ернияз Омарұлы кәсіби біліктігімен қатар бойындағы адамгершілігімен, қарапайымдылығымен, мейірімділігімен айналасына шуағын шашқан асыл жан еді. Әріптестеріне деген ерекше ықыласы, досқа адалдығы, өзінен үлкенге ізетті іні, жасы кішілерге қамқор аға бола білген. Осы адами биік қасиеттері арқылы өзі де құрметке бөленді. Жиған мол тәжірибесі мен терең білімін ізінен ерген жас мамандарға үйретуден жалыққан емес. Сол себепті зейнетке шықса да мамандығынан, әріптестерінен қол үзген жоқ. 

Ол білікті маман, іскер басшы, «алтын қолды дәрігер» ғана емес, сонымен бірге отбасының алтын діңгегі, асыл жар, ардақты әке, сүйікті ата бола білген бақытты жан еді. Жары Хадиша апамен бірге 5 бала өсіріп-тәрбиелеп, 12 немере, 4 шөбере сүйді.

Сыр медицинасына 60 жылдан астам адал қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері Ернияз Омаров 2021 жылдың 22 тамызында 90 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Артында өшпес із қалдырған, ақ халатына дақ түсірмеген ардақты ағаның тау тұлғасы бүгінде оны білетін жақын-жуықтарының, әріптестерінің, сыйлас жандардың көз алдында, жадында биіктей түсіп, сағынышқа айналғаны сөзсіз. Қызметтес болған іні-қарындастары ол кісі туралы әрдайым жылы еске алары хақ.

– Ерекеңмен сонау 1967 жылдың аяқ жағынан бастап қызметтес болдым. Ол кезде қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі еді. Ол кісінің басшылығымен қалалық аурухана ашылды. Онан кейін облыстық денсаулық сақтау бөліміне басшылыққа келді. Сол кезде облыс медицинасының дамуына бар күш-жігерін жұмсады. Әсіресе ауыл медицинасын көтеруге, медициналық көмектің сапасын жақсартуға, мамандармен қамтуға аянбай жұмыс істеді. Айналып келгенде, өңірдің денсаулық сақтау саласының өркендеуіне ерен еңбек сіңірді. Өз ісінің майталманы бола білді. Ерекең адам ретінде де, маман ретінде де елге сыйлы, қадірлі азамат, өзінен кейінгілерге ұстаз басшы болды. Үлкен жүректі, мейірімді, қарапайым еді. Зейнетке шыққан соң да қарап отырған жоқ, өмірлік тәжірибесін, көрген-білгенін, түйгенін жастарға берді. Елге сыйлы абыз ақсақал еді. Бүгінде ардақты ағамызды сағына еске аламыз. Ол кісінің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда, – деп еске алады әріптес інісі, сала ардагері Тұрғанбай Маханов.

«Жақсының аты өлмейді» демекші,  артында өшпейтін із қалдырған Ернияз Омаровтың Сыр медицинасының дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі, оның кісілік келбеті мен мейірімге толы жүзі ел жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<