Онколог Айгүл

1416

0

Қоғамда  құрметті мамандықтар қатары баршылық. Соның бірі – дәрігер мамандығы. Дәрігерлерді “ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы” деп жатамыз. Қалай атасақ та жарасады. Өйткені ауырсақ әуелі Алладан, сонан соң ақ желеңділерден дертімізге дауа сұрайтынымыз рас.

 №3 қалалық емхананың онколог-дәрігері Айгүл Әділова – талай жанның алғысына бөленіп жүрген  маманның бірі. Алдына барған адамға әуелі мейірім төге қарап, емдеп, ақыл-кеңесін аямайтын оның мамандығына деген құрметі шексіз. Өйткені дәрігер болу оның бала кезгі арманы.  Дәрігер болуды армандайтындар өте көп. Бірақ екінің бірі бола алмайды. Ол үшін қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Дәрігер боламын деген жанға  зор құлшыныс, мамандығына адалдық және тынымсыз ізденіс керек. Одан бөлек, ақ халат киіп, халық денсаулығын сақтау жолын таңдаған жанға үлкен жүрек пен өзіне деген сенімділік қажет.

Осындай ізгі адами қаситтер бір бойынан табылатын Айгүл Бақытбекқызы Алматы қаласындағы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетін бітіріп, еңбек жолын №3 емханада терапевт болып бастаған. Мұнан кейін, ол терапия бөлімінің меңгерушісі болды. Қазір мамандандырылған көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі әрі онколог- дәрігер қызметін атқарады.

Дәрігер бар қажыр-қайратын, білімін дертті адамдардың айығуына арнайды. Айгүл де аурудың алдын алуға, ерте сатысында анықтауға, науқастардың жазылып кетуіне күш салып келеді. Сондай-ақ ол дәрігерлік міндетіне  адалдығымен, жоғары жауапкершілігімен, адамгершілігімен және біліктілігімен ұжымдастары арасында сый-құрметке бөленіп жүр.  

«Сапалы медициналық көмек көрсету науқастардың ауруынан  айығып, аяғынан тік тұруы үшін аздық етеді, олардың дертіне шипа болатын басты нәрсе – ақ халаттылардың жылы сөзі мен жанашырлығы», – дейді Айгүл Бақытбекқызы.

Айгүл білікті дәрігер, мерейі үстем маман ғана емес, сонымен бірге отбасының да берекесін келтіріп, шаңырағының шаттыққа бөленуіне барын салып жүрген ардықты жан. Қатерлі дертке шалдыққан науқастардың тәнімен бірге жаны да, жүйкесі де жараланатыны жасырын емес. Олармен тіл табысып, жұмыс істеу, көңілін тауып, көмек көрсету де оңай емес. Ол тек Айгүл секілді кәсібіне адал, мамандығын жүрегімен қалайтын маманның ғана қолынан келмек. Осы орайда Айгүлге абырой биігің аласармасын деп тіледік.  

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<