Қазақстанда электронды темекінің зияндылығына қатысты зерттеу жүріп жатыр

838

0

Елімізде бір реттік электронды темекінің (вейп) құрамы мен оның адам денаулығына қаншалықты зиян екенін анықтау мақсатында зерттеу жасалып жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сауалына жауап беру барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өнімнің қауіпсіздігін мониторинг жүргізу мақсатында электрондық сигареттерге, оның ішінде никотин мен құрамдас компоненттердің сандық құрамын айқындау бойынша бір реттік вейптерге зерттеулер жүргізіп жатыр. Зерттеудің нәтижесі бойынша министрлік қосымша хабарлайтын болады. Сонымен қатар бүгінде елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 166 жастарға арналған денсаулық орталығы» және 1 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді», – деп жауап берді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, аталған орталықтардың қызметі жасөспірімдерді саламатты өмір салтын ұстануға шақыруға, профилактикалық жұмысқа бағытталған.

«Бұдан басқа ҚР Президентінің Жарлығымен 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтаудың ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жобада 13-15 жастағы балалар мен ересектердің арасында темекі өнімдерін тұтыну туралы зерттеу жүргізу, темекі өнімдеріне акцизді кезең-кезеңімен арттыра отырып, темекі өнімдерін тұтынуды қысқарту, жасөспірімдер мен жастардың психикалық және репродуктивтік денсаулығы және тағы басқа шаралар қарастырылған. Сондай-ақ, бүгінде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау тұрғысынан әлеуметтік медианы қоса алғанда, ақпараттық алаңға тұрақты негізде мониторинг жүргізілуде», – дейді ол.

ҚР Премьер-Министрі орынбасарының мәлімдеуінше, аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда және ол Үкіметтің үнемі бақылауында. «Мониторингпен республикалық және өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдары, телеарналар, отандық және шетелдік интернет-ресурстар қамтылған. Құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда меншік иелеріне оны жою туралы ұсыным жолдайды. Биыл жыл басынан бері уәкілетті органның ұсынымдары бойынша 200 мыңнан астам заңбұзушылық, оның ішінде 1 мыңнан аса есірткі құралдарын насихаттауға және таратуға қатысты материалдарды жою шарасы жүзеге асырылды», – деді Е. Тоғжанов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде никотин өнімдеріне қойылатын техникалық регламенттің жобасы әзірленді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<