Қазақстанда коронавирус жұқтырған балалардың саны 5 есе өскен

498

0


Дәрігерлер балалар арасында коронавирус індетінің күрт артқанын айтып, дабыл қағып отыр. Осы орайда індеттің балалар бойында қалай өтетінін ҚазАқпарат тілшісіне №36 қалалық емхана педиатрия бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Досжан айтып берді.

Дәрігердің сөзінше, бүгінде коронавирус жұқтырған балалар саны бес есе өскен. «Біз өткен жылдың наурыз-маусым және осы жылдың қаңтар-маусым айларындағы деректерді салыстырып, аурудың қаншалықты өскенін көрдік. Егер өткен жылы 5-12 жас аралығындағы балалар ауырса және бұл балалардың шамамен 40 %-ы болса, бүгін біз 0-18 жас аралығындағы балалардың жұқтырғанын көреміз.

Бұл бөлініс біркелкі жүруде, бұл оның отбасылық ортадан болып жатқанын көрсетеді. Яғни, мұның ең басты себебі – эпидемияға қарсы шараларды сақтамау. Себебі, үш-төрт айлық бала дүкенге бара алмайды, ол жерде жұқтыра алмайды. Бұған бірінші кезекте ата-аналар мен туған-туыстары жауапты. Отбасылық іс-шаралар жалғасуда, эпидемияға қарсы іс-шаралар қағидаттары сақталмайды», – деді спикер. Дәрігерлер балалар арасында коронавирустың таралу себептерін ата-аналардың індет жайлы жеткілікті хабардар еместігінен және вакцинация қарқынының төмендігінен көреді. «Вакцина алғандардың саны өте аз, ал вирус мутацияға бейім және бүгінде оның бірнеше түрі бар.

Соңғы анықталған штамдар өте жылдам тарап жатыр. Еуропалық ғалымдар оларды жұқтыру бойынша желшешекпен салыстырады. Сондықтан бүгінгі күні балалар арасында аурушаңдықтың өсуі байқалады. Егер өткен жылы коронавирус негізінен жасы үлкен, 60-тан асқан, созылмалы ауруы бар егде адамдарда болса, бүгінде жастар мен балалар ауруға жиі шалдығып отыр. 0-18 жас аралығындағы балалар ауырады»,- деп нақтылады Мөлдір Досжан.

Оның айтуынша, аурудың клиникалық көрінісі өзгерген. Ауыр деңгейдегі науқас балалар саны 20 есе өссе, орташа деңгейде жағдай 10 есе артқан. «Бұрын балалардың 14%-ы бізге өтпелі жөтел, аз бөлігі іш ауруы, диарея синдромы шағымымен келсе, бүгінгі күні жеткіліксіз тыныс алу қосылды. Сондай-ақ, орталық жүйке жүйесімен (ОЖЖ) процесске қатысатын балалар пайда болды. Бұл өте қауіпті! Өткен жылы біз бұған немқұрайды қарап «ештеңе етпейді, бұл балаларда бәрібір жеңіл өтеді» десек, бүгінде оның балаларда ауыр өтетінін көрдік, яғни, вирустың патогенезі өзгерді. Ол өзінің инфекциялық факторын токсинемия, яғни, интоксикация синдромы түрінде іске асырады.

Балалардың көпшілігі жоғары температурамен, бас ауруы, тыныс алу жеткіліксіздігі, ентігу, іш ауруы, құсу, бұлшықет ауыруы, әлсіздікпен түседі. Кейбіреулерде кейбір белгілер басым, ал кейбіреулерінде бұл белгілер кешенде кездеседі»,- деді спикер. Дәрігер әсіресе, созылмалы ауруы бар балаларға қиын соғатынын айтты. «Туабіткен кемістігі бар балаларға, онкогематологиялық сырқаты, иммун тапшылығы бар балаларға қиын. Сау балаларға қарағанда індет оларда ауыр өтеді. Сондай-ақ, ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздігі, семіздігі бар немесе дене салмағы төмен балаларға ерекше назар аударған жөн», – деді дәрігер. Сондай-ақ, Мөлдір Досжан жағдай ересектерге де әсер етсе, өзіңізді қалай ұстау керектігін түсіндірді. «Біздің елде ковидпен ауыратын балаларды емдеуге арналған клиникалық хаттама жасалған. Барлық әрекеттер соған сәйкес жүргізілуі керек. Мұнда бір мәселе бар, ол – ата-аналардың осы хаттаманы білмеуі.

Егер балаңыз ауырып қалса, бірден емханаға жүгірудің қажеті жоқ. Сізге тарихты толық жинау үшін учаскелік дәрігер, медбикеңізге қоңырау шалсаңыз жеткілікті: оған ауру басталғанда, отбасында кім ауырды, байланыс болды ма, мұның бәрін емхананың медицина қызметкерлеріне айтыңыз. Себебі, сізде қарапайым ЖРВИ болуы мүмкін және емханада сіз коронавирус жұқтыра аласыз. Сондықтан сіз міндетті түрде учаскелік дәрігермен немесе учаскелік медбикемен байланыста болуыңыз керек. Сіздің көрсеткіштеріңіздің негізінде медицина қызметкерлері арнайы чек-парақты толтырады, ол бағдаршам секілді: сары, қызыл және жасыл түспен боялған. Егер чек-парағындағы барлық белгілер жасыл жолда болса, ол сіздің ауруыңыз симптомсыз немесе жеңіл түрде өтіп жатқанын білдіреді, бұл алаңдатарлық емес. Сары секторда клиниканың бар екенін және сіздің сақ болу керектігін білдіретін симптомдар көрсетіледі. Егер барлық симптомдар қызыл секторға сәйкес келсе, ол дабыл деген сөз. Осы арнайы чек-парақтарды толтыра отырып, сіз нақты өз іс-әрекетіңізді дәрігермен үйлестіріп, дұрыс шара қабылдай аласыз», – деп түсіндірді М.Досжан.

Сонымен қатар, дәрігер оқушылардың ата-анасына коронавирустың алдын алу бойынша ұсыныстарын айтты. «Эпидемияға қарсы бірнеше негізгі ереже бар. Бүгін оқу процесі офлайн режимде ұйымдастырылса да, арақашықтық ережелерін мұқият сақтауымыз керек. Адам көп жиналатын жерлерде маска кию: сөйлеген кезде адамнан сілекейдің ең кішкентай тамшылары бөлініп шығады, одан бізді тек маска қорғайды. Сондықтан маска кию – міндетті шарт. Вирус сілекеймен таралады. Қолды сабынмен жуу және дезинфекциялық құралдарды пайдалану – ол да міндетті шарт. Егер қолыңыз кір болса, оны көз, мұрын және ауыз қуысының шырышты қабығына апармаңыз. Балаларға осыны үйрету керек. Вирустармен күресудің жалғыз жолы – вакцинация. Әлем оны дәлелдеді. Аман қалу үшін бізге вакцина салдыру керек. Қорқудың қажеті жоқ», – деп қорытындылады Мөлдір Досжан.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<