Қызылшаны қауіпсіз демеңіз

1269

0

Елімізде қызылшаның таралуы бойынша жағдай күрделі. Жыл басынан бері 11 057 дерек тіркелген. Оның ішінде кесел жұқтырғандардың 83%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар, 2,7% -ы –жасөспірімдер және 13,8%-ы – ересектер. Ауру барлық өңірде тіркелген. Атап айтқанда, Алматы қаласында 2031 жағдай, Шымкент қаласында 2026 жағдай, Жамбыл облысында 392 жағдай және Алматы облысында 1111 жағдай. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министр Айжан Есмағамбетова  орталық коммуникациялар қызметінде  өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, қызылша жұқтырғандардың дені вакцина алмаған. «Бұл ретте, 60%-да балалар егуден бас тартуға байланысты, 18,3%-да  медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21%-ы жасы жетпеуіне байланысты егілмеген. Аурудың алдын алудың бірден-бір шарасы вакциналау екенін ескере отырып, қызылшаның одан әрі таралмауы үшін 6 айдан, сондай-ақ 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды және медицина қызметкерлерін қосымша вакциналауды енгізу жоспарланып отыр», – деді ол.

Біздің өңірде де жағдай мәз емес. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері облыста лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 708 жағдайы тіркелген. 611-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталса, оның ішінде 163-і – 1 жасқа толмаған сәбилер. Ересектер арасынан 97 науқас нақтыланды. Департамент басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, ауруға шалдыққандардың басым бөлігі екпе алмаған, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 67%-ын құрады, медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер үлесі 18%, егілетін жасқа жетпегендер үлесі   34%, вакцинадан бас тартқандар үлесі 46%.

– Сондай-ақ, негізсіз себептермен (жол жүріп кету, тұрғылықты мекен-жайынан тыс жерде болу, т.б.) екпе алмай жүргендер көрсеткіші  2%-ды құрады. Бұдан бөлек, 86 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екендігі анықталды. Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни,  ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу деректері орын алып отыр, – дейді ол.

Облыс бойынша анықталған деректердің басым бөлігі, яғни 506 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде.

–       Жыл басынан бері ауруханада 750 науқас емделді. Ересектер саны 80 болса, 670-і – бала. Оның ішінде 127-сі – бір жасқа толмағандар. Қазіргі кезде 140 науқас ем алуда. Ауруға шалдыққан балалардың көбісі –балабақшаға баратындар. Отбасымен түсіп жатқандар да бар, яғни, бір үйден анасы, екі-үш баласымен. Ересектер арасында 1991,1992,1993 және 1994 жылы туған әйелдер мен ер азаматтар жиі түсуде. Себебі осы жылдары туғандар екпемен дұрыс қамтылмаған. Ауруханада төсек қоры жеткілікті. Біз аурудың асқынуынан қорқамыз. Өйткені асқыну салдары өте қауіпті ауруларға ұласады. Мәселен, ми қабының ісінуі, жүрекке шабу, пневмония секілді қауіпті дертке айналады. Сондықтан аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – екпе. Екпеден қашпауымыз керек. Оны алмасақ ауруды тоқтата алмаймыз. Негізінен жұқпалы аурулар әр 5-6 жылда бас көтеріп тұрады. Мысалы, қызылша 2019 жылы бір көтерілді. Ол кезде бір жылда 519 науқас емделді. Биыл ауырғандар саны одан да көп болып тұр. Бұл ауру ауа арқылы тарайды, жұғады. Сондықтан сақ болу қажет, –  дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова.

Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіл әлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы салдарынан халық арасында ауруға қарсы вакциналаудың әлсіреп, екпеден бас тартушылар санының артуымен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар тұр.

Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамнан адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен қысқа уақыт қарым-қатынаста болса да,  екпе алмаған адамдардың жұқтыру қаупі өте жоғары. Ол жоғарыда айтып өткендей, пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және басқа аурулары болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Катаральді құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек. Бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақытылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды балабақшаға,  мектепке жібермеу керек. Мамандар айтқандай, аурудан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы екпе алу. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жүргізіледі. Вакциналау үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен қоса қолданылады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, мамандар қазіргідей жұқпалы дерттің өршіп тұрған шағында тұрғындарға көпшілік жерлерге бармау керектігін, гигиеналық талаптарды орындауды және екпе алуды ескертеді.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

* сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<