САЛАНЫ ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

775

0

 Елбасы биылғы Жолдауында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық жүйеге көшу, сол арқылы қызмет сапасын арттыру туралы айтып, бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл денсаулық сақтау саласына да қатысты. Осыған байланысты электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» кө­шу, соның нәтижесінде медициналық көмектің қол­жетімділігі мен тиімділігін арттыру көзделуде. Бұл орайда «Денсаулық сақтау саласын цифрландыру» бойынша облыстың Жол картасы бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. 

Жол картасы 5 бағытты қамтиды. Атап айтқанда, ІТ-инфрақұрылым, сауықтыру және аурулардың профилактикасы, ауруды ерте анықтау, медициналық көмек көрсету және созылмалы ауруларды оңалту.

Мәселен, ІТ-инфраструктура бойынша, облыс көле­міндегі медициналық ұйымдар интернет байланыс арналарымен 78,8 процент қамтамасыз етілді. Оның ішінде қала және аудан деңгейіндегі медициналық мекемелердің қамтылуы 100 процентке жеткен. Жыл соңына дейін шалғай елді мекендерде орналасқан 60 медициналық бекетті интернет жүйесіне қосып, көрсеткішті 100 процентке жеткізу көзделген.

Жалпы, саланың компьютерлік техникамен қам­тамасыз етілуі 80 процентті құрайды. Жыл соңына дейін толығымен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен 175106,5 мың теңге қаржы бөлініп, сатып алу жұмыстары жүр­гізілуде. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың өз қаражаты есебінен де қосымша компьютерлік техникалар сатып алынғаны белгілі болды.

Қазіргі уақытта қала және аудан деңгейіндегі меди­циналық ұйымдардың ақпараттық жүйелермен қамтылуы 100 процентке жеткен. Сала мамандарының айтуынша, медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу «нақты деректерді» қалыптастыру есебінен медициналық деректер мен құжаттаманы қағаз қолданбай жүргізуге көшіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйеде жинақталған ақпарат пациент туралы жаңартылған деректерді көріп, клиникалық шешім қабылдау үшін дәрігердің қолдануына өте ыңғайлы және тиімді болмақ.  Ал, біздің облыс осы жылдың шілдесінен бастап медициналық құжаттамаларды электронды жүйеге көшіру бойынша пилоттық жобаға қосылды.

Сондай-ақ, тұрғындарға ақпараттық және электронды көмек көрсету мақсатында «Дамумед» медициналық ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы енгізілді. Қазіргі таңда 121109 тұрғын тіркеліп, облыстағы интернет белсенді тұрғынға шаққанда 30,3 процентті құрайды. Оның ішінде жүкті әйелдер үлесі 71,1 процент, 5 жасқа дейінгі балалар ата-аналарының үлесі 39,3 процентті құрайды. Мобильді қосымша арқылы дәрігер қабылдауына алдын ала жазылуға, дәрігерді үйге шақыртуға, жазылған рецепттер туралы, ашылған еңбекке уақытша жарамсыздық парағы туралы, зертханалық талдау нәтижелері жөнінде мәлімет алуға болады. Мамандар жыл басынан бері мобильді қосымшаны пайдаланушылар санының 5 есеге көбейгенін айтады. Мәселен, қазіргі таңда қосымша арқылы дәрігерге онлайн жазылған тұрғындар саны – 38329 болса, дәрігерді үйге шақыртқандар саны – 2353. Сондай-ақ, медициналық ұйымдардағы мемлекеттік қызметтердің электронды түрде көрсетілуі былтырғы жылмен салыстырғанда 51 процентке жоғарылаған.

Деректерді мұрағаттау мүмкіндігі бар электронды флюротека модулі іске қосылып, облыстық мекемелердегі мамандардың қорытынды нәтижелерін екінші рет оқуына жағдай жасалды. Бұл өз кезегінде патологиялардың өткізіп алу қаупін төмендетеді екен. Осы жылдың маусымынан бастап барлық медициналық ұйымдар еңбекке жарамсыздық парағын электронды беруге көшкен. Жоғарыда айтып өткен «Дамумед» мобильді қосымшасы арқылы дәрігерге онлайн жазылу, дәрігерді үйге шақырту, скринингтік тексеруге жататын тұрғындар тобы үшін тексеруден өту туралы, сондай-ақ, жыл сайынғы өткізілетін флюорографиялық тексерілу жөнінде СМС хабарландыру жіберіледі.

Бүгінде облыс тұрғындарын электронды төлқұжат­тармен қамту 93,8 процентті құрауда. Сондай-ақ, дис­пансерлік есепте тұратын науқастарды цифрлы диспансеризациямен қамтамасыз ету 32,3 процентке жеткен. Сала мамандары бұл іс-шаралар созылмалы аурулары бар науқастардың тізімін автоматты түрде қалыптастыруға, рецепттерді онлайн ұзартуға, пациенттердің денсаулық жай-күйлері туралы деректерді онлайн беруге мүмкіндік беретінін айтады.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында бұлардан басқа тағы бірнеше жобалар іске асырылуда. Олар  «Облыстағы медициналық мекемелерде телемедициналық құрал-жабдықтар орнату», «Облыстық медицина орталығына біріктірілген операциялық жүйені енгізу», «Электронды қабылдауға жазылу және электронды кезек» және «Патронажды медбике» мобильді қосымшасын енгізу» жобалары.

Саланы цифрландыру нәтижесінде халықтың меди­циналық көмектің сапасына қанағаттанушылық деңгейін 44 процентке жоғарылатуды көздейді. Оған қоса, тұрғындардың өз денсаулығын басқаруы, денсаулық туралы барлық ақпарат онлайн режимде қолжетімді бо­луы, үйден шықпай консультациялар, талдаулар мен дәрі-дәрмектер алуын қамтамасыз ету, дәрігердің қабылдау уақытын 50-60 прцентке қысқарту, зерттеу қорытындыларын алу уақытын 2 есе азайту күтілуде. Жыл соңына дейін 62 медициналық құжаттама нысанын электронды жүйеге, 32 медициналық ұйымды толығымен қағазсыз құжатайналымға көшіру, электронды денсаулық төлқұжатын 95 процентке жеткізу жоспарланған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<