Санадан сақтық шықпаса…

770

0

БАҚ-ты парақтасаң немесе әлеуметтік желіні ашсаң, «Сақтық – саулықта, Жақыныңа жанашыр бол!» деген ұран сөздерден көз сүрінеді. Статистиканы қарасаң, індетке қатысты сәт сайын өзгеріп тұрған саннан жаңыласың. Қынжылтатыны – вирустың күннен күнге өршуі. Соны білсек те, көбіміз «Құдайдың көзі түзу болсын!» деп қаннен-қаперсіз жүрміз. Сауда орталықтарына барсақ, бетпердені қолына іліп алып жүрген тұрғындарды байқаймыз, сондағысы «ескерту жасап қалса, көрсетермін» деген оймен ала шыққаны, тойдан да қалыс қалғысы жоқ. Вакцина десе, екіойлы болатынымыз тағы бар. Сонда біздің денсаулық кімге керек?

 Ағылшын жазушысы Томас Фуллер «Дертке шалдыққанша, денсаулықтың қадірін ешкім де білмейді» деген. Бұл сөз дәл бүгінгі күнге қарата айтылғандай. Себебі, жауапты мамандардың дабыл қағуының кемі жоқ. Елімізде 14 сәуірде 2229 адамнан коронавирус індеті ПТР арқылы расталған. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 12 наурыз бен 12 сәуір аралығында ауруханаға жатқызылғандар саны 4713-тен 12349-ға дейін, яғни 2,6 есеге өскен. Өлім-жітімнің артқаны байқалады. Бұл көп нәрсені аңғартып тұр.

Алысқа бармай-ақ, өзіміздің өңірді алайықшы. Ахуал алаңдатарлық, себебі «сары» аймақтамыз. 13 сәуірдегі мәлімет бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 32 науқас тіркеліп отыр. Жалпы, өткен жылдан бері індетпен тіркелген науқас саны – 4490. Оның ішінде бір жасқа дейінгі сәбилердің вирус жұқтыруы алаңдатады. Мамандар да эпидемиологиялық ахуалдың күн сайын күрделеніп жатқанын айтып отыр. Карантин талаптары күшейтілді, кезекті №8 қаулы да қолданыста.

– Жыл басынан бері жоғары көрсеткіш ақпан айында тіркелді, 240 жағдай. Ал, сәуір айының небәрі сегіз күнінде 244 адам қатерлі дертке шалдықты. Аймақта ойын-сауық шараларын, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды өткізуге, мерекелік корпоративтерді ұйымдастыруға тыйым салынған. Соған қарамастан, той өткізу, қонаққа бару әлі де азаяр емес. Жыл басынан бері 45 мониторингтік топтың рейдтік тексерісі арқылы 1904 нысан қамтылған. Нәтижесінде 137 карантин талаптарын бұзу анықталды. Оларға жалпы сомасы 11576735 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл ересек адамдардың өздеріне қауіп төндірумен қатар, аурудың топтасқан жағдайларының тіркелуіне әкеп соқтыруда. Сақтық маңызды, – дейді облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова.

Кезекті Үкімет отырысында да Премьер-министр елімізде эпидемиологиялық жағдай күрделі екенін баса айтты. Ауруханалардағы орындардың 41 проценті, реанимациялық орындардың 27 проценті науқасқа толған. Вирустың репро­дук­тивтілік индексі 1,15%-ті құрайды. Бұл ретте Асқар Мамин әкімдердің жедел түрде шектеу шараларын қабылдау тиістігін, барлық емдеу мекемесі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен қамтамасыз етілуі керектігін айтты. Сондай-ақ, мамыр мен маусым айында, жоспар бойынша 2 миллион адамға вакцина егуді тапсырды. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер қоғамдық орындарды, соның ішінде сауда орталықтарын пайдалана отырып, вакцинацияның қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Қолдағы мәлімет бойынша 14 сәуірде Қазақстанда 435 393 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Облыс бойынша да 11976 тұрғын екпенің І компонентін, 3350-і ІІ компонентін алған.

Бірер күн бұрын мұсылман қауым 30 күн ораза ұстауға кірісті. Бұл ретте «сары» аймақта тұрған облыста жұма, тарауих намазында санитарлық талаптарды сақтай отыра қысқа сүрелер оқылады. Сондай-ақ, 50 адамға дейін, тек талапқа сай келетін мешіт асханаларында ғана ауыз ашуға рұқсат берілгенін тағы бір еске саламыз. Медицина мамандары созылмалы ауруы бар және дене қызуы көтерілген адамдар дәрігермен кеңесіп, қажет болған жағдайда оразадан бас тартуы керектігін айтады. Оған қоса ҚМДБ «Вакциналау инфекциялық аурулардың алдын алады және адамның иммунитетін көтереді. Ол дәрумен емес. Сол себепті екпе терінің астына, бұлшық етке немесе қан арқылы енгізілсе, ораза бұзылмайды» деп ресми мәлімдеді. Қалай десек те, біз  өз-өзімізді күтуіміз керек. Бұл мақаланы да әлдекімнің бойына үрей билету үшін емес, сақтық санамыздан шықпаса деген ниетпен жарияладық. Денсаулық ақшаға сатып ала алмайтын байлық екенін ұмытпайық!

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<