Шапағаты мол шипагер

1132

0

Дәрігердің жұмысы қауырт қана емес, қауіп-қатерге де толы. Әсіресе кейінгі екі жылда ақ халаттылардың міндеті екі еселеніп, жауапкершілігі жоғарылады. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде оларға деген халықтың сенімі мен алғысы артты. Көпшіліктің ризашылығы мен әріптестерінің құрметіне бөленген Ибақыз Түсіпқалиева – сондай жанның бірі.

Әңгіме өзегіне айналған кейіпкеріміз 1982 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының «Емдеу ісі» мамандығын бітіріп, еңбек жолын Қызылорда қалалық ауруханасында дәрігер-инфекционист болып бастаған. Бұл жерде  6 жыл жұмыс істеп, 1989-1996 жылдар аралығында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігер болды. Одан кейін осы ауруханада бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін  атқарды.

Жоғары санатты дәрігер-инфекционист өз жұмысына қашанда тиянақты. Ибақыз Шәріпқызы 1987 жылы Жалағаш, Қазалы аудандарында іш сүзегі, 1998 жылы қалада холера, 2002 жылы Арал ауданында оба, 2009 жылы Шиелі  ауданында  Сібір  жарасы, 2011 жылы Шиелі ауданында құтқару ошақтарында, бірнеше мәрте Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы Қырым қанды сүзегі ошағында диагноз нақтылау-емдеу жұмыстарын атқарған. 2000-жылдары вирустық гепатиттердің  емін алғашқылардың бірі болып қолға алды. Жүздеген адамдар емделіп, алғысын жаудырды. Бауыр циррозын емдеуде жақсы нәтижеге жеткен. Гепатолог мамандығын да қоса атқарады. Гиппократ антына берік дәрігер еңбегі лайықты бағаланып, «Алтын дәрігер», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» наградаларымен марапатталған.

Кәсіби шеберлігі мен адамгершілік қасиеті оны өзгелерден дара етіп көрсетеді. Майталман маман қай кезде де сұранысқа ие. Зейнетке шықса да, жұмыс істеп келеді. Бейнетті жылдардың жемісін көріп, бір әулеттің алтын діңгегі болып отыр.

Жолдасы Ғалым Жалғасбаев та денсаулық сақтау ісінің үздігі, ұзақ жылдар облыстық ауруханада хирург-дәрігер болып жұмыс атқарған. Қазір медициналық әлеуметтік сақтандыру қорының облыстық филиалында бас сарапшы. Ата-анасының ізін жалғап келе жатқан Жомарт жоғары дәрежелі хирург, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, магистр. Нұр-Сұлтан қаласындағы қалалық ауруханада хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ал екінші ұлы Саламат подполковник, құқық қорғау органдарының үздігі. 

– Кейінгі екі жыл медицина саласы қызметкерлерінің жауапкершілігін одан әрі арттырды. Әсіресе жұқпалы аурулармен күресетін бөлімдердің қызметі еселенді. Ел басына сын туған шақта отбасындағы бала-шағасын тастап, айлап науқастарды емдеген әріптестеріме ризамын. Пандемия кезінде қаншама адам ажалмен бетпе-бет келді. Талай жан өмірден озды. Табалдырығымызға енген жыл бұндай жағдайдан ада болып, халықтың денсаулығы мықты болсын. Әр шаңыраққа амандық, халқыма береке-бірлік тілеймін! – дейді дәрігер.

Дені сау адам – қоғам байлығы. Әрбір жанның өмір сүру сапасының жоғары болып, өмірге деген сүйіспеншілігін арттыруда ақ халаттылардың алар еңбегі зор. Қандай атаққа ие болса да, ең бастысы, халықтың берген батасы мен алғысына жетпейтіні рас. Ибақыз Шәріпқызы халық разылығын алып отыр. Ал көптің алғысына бөленген жан бақытты болатыны сөзсіз. Еңбекқор әрі ізденгіш, абырой-беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<