Шектеу шараларын сақтау маңызды

418

0

Қырық жылдан астам медицина саласында тер төктім. Жансақтау бөліміндегі ауыр сәттерді күрсіне еске аламын. Себебі, талай науқастың кеселмен күресіп, ажал аузында жатқанын көрдік.

Бүгінгі жағдайға өзіміздің бейқамдық пен салғырттық жеткізді деп ойлаймын. Оның үстіне екпе арқылы індеттен құтылудың жолы ұсынылғанмен, тұрғындар арасында әлі де негізсіз ақпарат тарауда. Қазір саяси астар іздеп, өз бетінше әрекет ететін уақыт емес. Ел ішін жайлаған індеттің екпіні басылмады. Эпидемиологиялық ахуал алаңдатарлық. Індетке қатысты статистика күдікті еселей түсуде. Елімізде ПТР арқылы тағы 2894 адамда коронавирус індеті расталып отыр.

Өңір бастапқыда коронавирус бағдары бойынша «жасыл аймаққа» тұрақтаған болатын. Алайда, тұрғындардың карантин талаптарын ескермей, шектеуді сырт айналып өтуі «сары аймаққа» енуімізге себепші болды. Ал, қазір жағдай тіпті күрделі. 22 сәуірдегі мәлімет бойынша облыста 71 жағдай тіркелді. «Қызыл аймақтамыз».

Қазіргі ахуал мені екпе жасауға итермеледі. Препараттың екі компонентін толық қабылдадым. Медицинадағы көпжылдық тәжірибеме сүйеніп айтарым, екпеге күмәнмен қараудың, бұл процедурадан қорқудың қажеті жоқ. Вакцина – дертті жеңудің жалғыз жолы және «Спутник V» препараты тиісті сынақтардан өткен. Ғалымдар екпенің кеселмен күресуге қауқарлы екенін айтып отыр. Бірер күн бұрын облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова да жаңа қаулы күшіне енгенін және №8 қаулыда бекітілген шектеу шаралары жалғасатынын хабарлады.

Өткен жылы еркіндігіміздің шектелгені есте. Қатаң карантин күнделікті өмірімізді өзгеріске ұшыратып, дал қылды. Қаншама аяулы жан, ардақты азамат індеттің құрбанына айналды. Марқұмдарды көз алдыңызға елестетсеңіз, қабырға қайысады. Бірақ, әлі де «Көп болса айыппұл төлерміз» деп той-жиыннан тыйылғанымыз шамалы. Бетперде бірде бар, бірде жоқ. Екпе десе екіойлымыз. Бұл қателіктен сабақ алмағанымызды көрсетпей ме? Әрбір азамат жауапкершілікті сезініп, өзгенің өміріне қауіп төндірмесе, қажетті кеңеске құлақ асса деймін. Барлығымыз емін-еркін жүріп, бұрынғы жайбарақат тірлігімізге көшкіміз келеді. Қалыпты өмірге оралғанға не жетсін?!

Рая КЕРІМОВА,

медицина саласының ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<