Шиелілік дәрігерлер аттан құлаған көкпаршыны аман алып қалды

662

0

Көкпар  кезінде Шиелі ауданы Балаби ауылының тұрғыны 25 жастағы кәсіпкер Манар Маханов астындағы атымен бірге құлап қалды. Жылқы шабандозды қысып, оның ішкі мүшелерін зақымдаған. Зардап шеккен азаматты Шиелі аудандық ауруханасына жеткізіп, шұғыл ота жасады. Қазіргі таңда науқастың жағадайы тұрақты.

«Жылқы үстіме барлық салмақпен құлады. Ішек, асқазан, ұйқы безімде жарақат алдым. Ота барысында жыртылған жерлер тігіліп, ішкі мүшелерімде қан кетуді тоқтатты. 5 күн жансақтау бөлемінде жаттым. Дәрігерлерге уақытылы, кәсіби медициналық көмек көрсеткені үшін алғысым шексіз», – дейді Манар.

Аудандық аурухананың хирург дәрігері Азамат Мақұлбековтың айтуынша, науқас МӘМС жүйесінде сақтандырылған сондықтан денсаулық жағдайы жақсарғаннан кейін медициналық оңалтуға жіберіледі. Дәрігер көп жағдайда жедел холециститпен, соқыршекпен сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен шұғыл науқастар түсетінін атап өтті.

– Пышақ жарақаттары бар науқастардың өмірін бірнеше рет құтқардық, – дейді дәрігер. – Олардың бірінің бауыры, асқазаны, бүйрегі, ішегі зақымдалған, ал басқа аудан тұрғынының жүрегінде пышақ жарақаты болған. Екеуі де құтқарылды. Балалар мен ересектерден түйреуіштер, батареялар, тіс тазартқыштар, балық сүйектері және т.б. сияқты бөгде заттарды алу бойынша көптеген ота жасалды. 2015 жылдан бастап ауруханада аз инвазивті хирургиялық медкөмектер жүзеге асырыла бастады.

Жыл басынан аудандық аурухананың хирургия бөлімінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 886 науқасқа, ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша – 131 науқасқа медициналық көмектер көрсетілді. Осы мақсаттарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 179,7 млн теңге бөлінді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<