Сиқырлы сусын сергіте ме?

467

0

«Gorilla», «Flаsh», «Dizzy», «Red bull». Бұл – сауданың көркін қыздыратын сусындар. Себебі, көшеге шықсаңыз, кез келгеннің қолынан кезіктіретін энергетикке жас та, жасамыс та әуес екенін байқайсыз. Әсіресе оған студенттер құмар. Оқумен қосымша жұмысты қатар алып жүрген жастардың көбі емтихан жақындағанда түн ұйқысын төрт бөліп, қызу дайындыққа кіріседі. Ал, ертесіне мең-зең күйде жүреді. Сиқырлы сусынның көмекке келетін тұсы осы. Жер жаратын жарнамасынғыдай ол «шаршағанды басып, ұйқыны қашырады». Мәліметтерге сүйенсек, бүгінде оны әлемнің 170-тен астам мемлекеті тұтынады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрамында зиянды қоспалардың барын мәлімдегеніне қарамастан…

Жылына 1 миллиарды сатылады

Тақырыпты тарқатпас бұрын тарихи деректерді талдасақ. Зерттеушілер адамзат ежелден табиғи стимуляторларды қолданғанын алға тартады. Таяу Шығыста, Оңтүстік Шығыс Азия мен Қытайда, Үндістанда шай мен кофе пайдаланған. Ал, Оңтүстік Америкада мате сусыны, Қиыр Шығыс пен Сібірде, Моңғолияда қытай серменесі, женьшень, аралия тұндырмасына сұраныс болған және ол бүгінгі күнге дейін танымал. Жалпы, әлемде алғашқы энергетикалық сусын 1927 жылы шығарылған және ол науқасты тезірек аяққа тұрғызу үшін жасалған. Британдық өнертабысты бірі Томас Бич, ал енді бірі Уильям Оуэн ойлап тапты деседі. Алғашқы энергетикалық сусындар Жапонияда 1960 жылдардың басында сатылымға шыққан. Ол дәрі-дәрмек құтысына ұқсас залалсыздандырылған қара түсті шыны бөтелкеде сатылған. Британдықтар мұндай мүмкіндікке тек 1980 жылдары ғана қол жеткізді. 1982 жылы Гонконгта жүрген австриялық Дитрих Матешиц жергілікті тоник сусынының дәмін татып, бұл идеяны батыс елдеріне әкелуге кіріскен. 1984 жылы ол энергетикалық сусын өндірісін қолға алып, оған «Red bull» атауын берген. Өнімнің сатылымы табысты болғаны соншалық оған «Coca-Cola», «Pepsi» өндірушілері қызығушылық танытып, өз өнімдері – «Burn», «Adrenaline Rush»-ты шығарды және бұл сусындар әлі күнге дейін дүкен сөрелерінде сатылымда. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір энерготониктерді сату 170-тен астам елде жүзеге асуда. Осыған қарап, энергетикалық сусынның жылына 1 миллиард қалбыры сатылады деген дерекке күмән келтіре алмайсыз. Мұның қаншасы Қазақстан нарығының үлесінде екені әлі белгісіз. Дегенмен, оның қауіптілігіне мамандар ерекше назар аударып отыр.

Максималды мөлшер – күніне 2 құты

Сусында кофеин басым және оның құрамында бетакаротин, креатин, таурин аминқышқылы, глюкоза, матеин, гуарана тропикалық жемісі бар. Енді әрбірінің қасиетіне жеке тоқталсақ. Кофеин жүрек-қан тамыр жүйелерінің жұмысын жақсартады, әсерінен ми жұмысы жеделдейді. Каротин ағзадағы майды қышқылдандырады, нәтижесінде бұлшық ет жиырылып, шаршау бәсеңдейді. Таурин аминқышқылын медицинада жүрек ауруын емдеу үшін қолданады. Бірақ, 0,5 литр энергетикалық сусынға не себепті 1000 мг таурин қышқылы қажет екені түсініксіз. Глюкоза қантты көбейтеді. Алайда, көп мөлшерде қауіпті. Матеин – тропикалық жеміс ағашы, ол асқазанды алдайды. Бұл қоспалардан кейін сусын көп мөлшерде газдалады. Газдың да денсаулыққа зияны аз емес. «Бұрын адам өзін сергек сезіну үшін бір шыныаяқ кофе ішетін. Қазір кофе емес, осы сусындарды тұтынып жүр. Кофенің әсері адам бойында 1-2 сағат сақталса, энергетикалық сусын 2 есе көп тұрады. Артықшылығы осы» дейді белгілі тағамтанушы әрі диетолог Жанна Нұрберген. Маман жастарға сусынды күніне 2 құтыдан көп пайдаланбауға кеңес береді. Айтуынша, егер мөлшерден көп ішсе, ол қан қысымы немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеледі. Сусын құрамындағы дәрумендер мультидәрумен кешенін алмастырмайтыны тағы бар. Сондықтан жүрек ауруына шалдыққан, гипертониямен ауыратын жандар да оны ішкенде сақ болуы қажет.

– Энергетикалық сусынды кезінде АҚШ Қорғаныс министрлігі өзінің Вьетнамдағы солдаттарына ішкізу үшін жасатқан деген дерек бар. Әскердің рухын көтереді деген есеп болған, бірақ одан солдаттар бас, бауыр ауруына шалдыққан, қатерлі ісікке душар болған. Ал, қазір жастар осы сусынға әуестенгені соншалық сәнге айналып барады. Бірақ, оның әсері 3-4 сағатқа ғана созылады. Алынған энергия жоғары процентпен әлсіздік, ұйқы басу немесе керісінше ұйқысыздық, келе-келе ашуланшақтыққа, тіпті депрессияға да ұшырататыны бүгінде дәлелденді. Сол себепті шаршауды, ұйқының бұзылуын энергетикалық сусынмен реттеуге болмайтынын естен шығармау керек. Адам ағзасындағы табиғи энергетикалық қуат нәрлі аспен, уақытылы тынығу, дене шынықтырумен толығады. Оның үстіне энергетикалық сусынның қалқанша бездің ұлғаюына, қызметінің бұзылуына әсері бар. Қалқанша бездің қызметі төмендесе, ақыл-ой тежеледі. Жұмыс істеу қабілеті төмендейді. Есте сақтау қызметі әлсірейді. Үнемі шаршап тұрады, – дейді маман.

Тағамтанушы ағзада кез келген өнімді шамадан тыс мөлшерде қолданғанда осматикалық шок болатынын да еске салды, яғни жасуша зақымданады. Мысалы, етті, шоколадты, нанды көп жесеңіз, ағзаңызда ауытқу пайда болады. Сол себепті энергетикалық сусынды 3-4 литрлеп ішпеу керек. Максималды мөлшер – күніне 2 құты. Себебі, 250 мл құтыдағы сусында кофеин бір шыныаяқ күрең шай немесе кофедегі кофеиннің көлемімен мөлшерлес.

Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты деректерге көз салып өтсек. Энергетикалық сусынды пайдалануға қатысты шетелде бірнеше сот ісі болған. Ирландиялық спортшы үш құты энергетикалық сусын ішкеннен кейін баскетбол алаңында жан тапсырыпты. Ал, Швецияда энергетикалық сусын мен алкогольді араластырып пайдаланған үш адам би алаңында көз жұмған. Ресейлік мамандар да сусын жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда. Елімізде маңызды мәселені халық қалаулылары мінберлерде көтеріп, Үкіметке сауал жолдаған болатын. Ал, Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері 2013 жылы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулы бекітті. Қаулыда «орта және арнаулы орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік шараларда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады» деп анық көрсетілген. бірақ бұл қаулының қаншалықты күшіне енгенін көз көріп жүр. Сондай-ақ, биыл мамыр айында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері құрамында қанты бар сусынға акциз енгізу арқылы бағасын бес жылда 45 процентке дейін көтеруді ұсынды. Өйткені олар тәтті шырын жүрек ауруы, қант диабеті мен семіздікке қатысты көрсеткішке кері әсер тигізіп жатыр деген пікірде.

Сусынға да салық салынады

Министрлік жүргізген зерттеуге сәйкес, құрамында қанты бар тәтті сусынды қазақстандық жеткіншектердің бестен бірі, яғни 17 проценті күн сайын, ал 60 проценті аптасына бір мәрте тұтынады. Алкогольсіз сусыннан түскен салықтан гөрі, содан ауру тауып, емдеуге жұмсалып жатқан қаржы көп. Жыл сайын инфекциялық емес ауруларды емдеуге мемлекет 2,3 триллион теңге жұмсайды екен. Пайдасынан зияны басым екенін деректермен келтірген жауапты ведомство «Дені сау ұлт» жобасы аясында алкогольсіз сусындарға 7 проценттік акциз енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

– Жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітім барлық өлім-жітімнің арасында бірінші орында тұр. Оның қатарында жүрек-қан тамыры, онкологиялық аурулар, қант диабеті мен семіздік бар. Қант диабетіне өткен жылдың қорытындысы бойынша 400 мыңға жуық адам шалдыққан, – деді ДСМ Қоғам денсаулығын сақтау орталығының басшысы Жанар Қалмақова хабарламасында.

Статистикалық көрсеткіш бойынша елімізде құрамында қанты бар сусын шығаратын 431 компания бар. Оның 95 проценті – шағын кәсіпорындар. Бұл ретте алкогольсіз сусын мен шырындар қауымдастығының өкілдері жаңа өзгеріс мақұлданса, сусынның бағасы шарықтайтынын айтады және олар бұл бастамаға түбегейлі қарсылық танытуда. Қазір көпшілік талқысына түскен ұсынысты Қаржы министрлігі жан-жақты қарастырып жатыр. Қалай десек те, бұл сусындардың қауіпті екеніне мамандар келтірген уәж дәлел және одан қорытынды шығарар кез келгені анық.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз