Теміртапшылық анемиясы

554

0

Анемия – қандағы гемоглобин немесе эритроциттер деңгейінің төмендеуімен көрінетін патологиялық жағдай. Оның себептері әртүрлі. Ең негізгісі – дұрыс тамақтанбау, тамақ арқылы темірдің организмге жеткіліксіз түсуі. Ересек адамның темірге деген бір күндік қажеттілігі 1-2 мг/кг, ал балаларда  0,5-1,2 мг/кг құрайды. Адамның орташа классикалық рационында 5-тен 15 мг-ға дейін қарапайым темір бар, ал оның құрамындағы темірдің 10-15%-дан аспайтын бөлігі ғана тағамнан сіңетінін ескерсек, мұндай тамақтану теміртапшылықтың пайда болуына әкеледі.

Тағы да басқа себептеріне жедел немесе созылмалы қан жоғалту, бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, сүйек кемігінен эритроцит бөліну деңгейіндегі ауытқулар, қанайналымда эритроциттердің шамадан тыс жойылуы, витаминдер мен микроэлементтердің жеткіліксіздігі (темір, витамин В9 және витамин В12) жатады.

Анемияның ең жиі кездесетін түрі – теміртапшылық анемиясы қандағы гемоглобин немесе эритроцит деңгейі төмендеген пациенттердің 80-90%-да анықталады.

Темір дефициті кезінде организмдегі жалпы темір көлемінің қалыпты физиологиялық функциялардың орындалуына жеткіліксіз болады. Ең жиі кездесетін белгілері – тәбет төмендеуі, әлсіздік, тітіркенгіштік, ауыр түрлерінде тыныс алу мен жүрек соғысының жиілеуі, кардиомегалия. Балаларда анемия нейрокогнитивті дамудың бұзылысымен көрінеді, сонымен қатар есту және көру ақпараттарының қабылдануын баяулатады. Бактериялық инфекциялардың жиілеуі, физикалық белсенділіктің төмендеуі, пикацизм (ерекше заттарды жеу, мысалы мұз, шаш, бор), тромб түзілуі секілді клиникалық белгілері де көрініс табуы мүмкін.

Бұл ауру жалпы қан анализі және ферритин көрсеткіштері арқылы анықталады. Теміртапшылық анемиясы кезінде жалпы қан анализінде гемоглобин, гематокрит, эритроцит, MCV (эритроциттің орташа көлемі), МСН (эритроциттегі гемоглобиннің орташа мөлшері), МСНС (эритроциттегі гемоглобиннің орташа концентрациясы) көрсеткіштерінің төмендеуі және көп жағдайларда тромбоциттердің екіншілік жоғарылауы көрініс табады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гемоглобиннің келесі шектік көрсеткіштерін ұсынады:

– 6 айдан 5 жас аралығында – 110 г/л төмен;

– 5 жастан 12 жасқа дейін –  115 г/л төмен;

–  12 жастан 15 жасқа дейін – 120 г/л төмен;

–  Жүкті емес әйелдер –  120 г/л төмен;

–  Жүкті әйелдер – 110 г/л төмен;

–  15 жастан асқан ұлдар мен ерлер – 130 г/л төмен.

Осы көрсеткіштерге сай емдеуші дәрігер темір препараттарының емдік, керек болған жағдайда профилактикалық дозасын тағайындайды.

Ұлпан ШӘКІМАН,

№1 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<