Тұмауды тізгіндеудің жолы – екпе

490

0

Күннің салқындауымен бірге тұмау секілді түрлі жұқпалы аурулардың да белең алатыны белгілі. Нақтырақ айтқанда, күз, қыс, көктем мезгілі бұл аурулардың эпидемиологиялық маусымы болып саналады. Жіті респираторлы-вирустық инфекциялар адам өміріне қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, жыл сайын әлемде 3-5 млн-ға жуық адам тұмаудың ауыр түріне шалдығып, 250-500 мың адам көз жұмады.

Биылғы эпидмаусым еліміз үшін қолайсыз болып отырған көрінеді. Оның ішінде облыста ЖРВИ мен тұмаудың көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мәселен, 9 айда  облыс көлемінде жедел респираторлы-вирусты инфекциясының  33456 жағдайы есепке алынып, 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 3956,56-ны құрады. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,8-ге жоғарылаған. Ауруға шалдыққандардың 65,6 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал тұмау ауруы 68 адамнан анықталды, соның 20-сы 14 жасқа толмаған балалар арасында тіркелген. 

Биылғы  тамыз бен қыркүйек айын салыстырғанда 103 желісіне түскен шақырулар саны өзгеріссіз, яғни, бір деңгейде болғанымен, балаларға шақырулар саны  5,5%-ға (12676 шақыру) артқан. 1 жасқа дейінгі балаларға түскен шақырулар 6,7%-ға (4321 шақыру) өскен. Нозологиялар бойынша жедел респираторлы вирусты инфекциялар, ішек аурулары, ларингит. Балаларды ауруханаға тасымалдау жағдайлары 12,8%-ға (3863 жағдай) көбейген.

– Осы эпидмаусымда  жедел респираторлы вирусты инфекцияның аурушаңдық көрсеткіші өткен  эпидмаусыммен салыстырғанда өскен, яғни, бүгінде ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай аурудың маусымдық өсуімен сипатталады. Осы орайда аурумен күресте және алдын алуда белгіленген талапқа сай тиісті шаралар атқарылып жатыр. Науқастарды емдеуге жатқызу үшін облыс бойынша барлығы 315 төсек-орын, оның ішінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бойынша бөлінді. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті, – деп атап өтті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықты тұмаудан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі ретінде  вакциналауды ұсынады. Осы орайда тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету бағытында жыл сайын жергілікті бюджеттен вакцина сатып алынады.  Биыл 84430 доза вакцина қоймаға жеткізілді. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады. Бүгінгі күні 34969 адам екпе қабылдаған.

– Үкімет қаулысымен бекітілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу қағидаларына сәйкес жыл сайын тұмауға қарсы вакциналау тиісті контингенттерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Олар – ең алдымен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар мен сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйінің тұрғындары. Сондай-ақ, эпидемиологиялық көрсетілімдері бойынша жүргізіледі. Бұдан бөлек,  аталған контингентке жатпайтын адамдар екпені ақылы түрде салдыруына болады.

Жұмыс орындарында ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ЖРВИ және тұмаудан сақтану үшін вакцина алуға, сонымен қатар иммунитетті көтеру үшін салауатты өмір салтын, жеке бас гигиенасын сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ эпидмаусым кезінде көпшілік орындарда, нашар желдетілетін жерлерде бетперде киіп, арақашықтықты сақтау, қолды жиі сабындап жуып, антисептиктерді пайдалану да маңызды. Дәрумендерге бай тағамдарды пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстану сіздің денсаулығыңызды нығайтуға өз әсерін тигізеді. Бұл сақтық шаралары тек тұмау мен ЖРВИ-дан ғана емес, өзге де инфекциялық ауруларды жұқтырып алу қаупін төмендетеді, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Мамандардың айтуынша, тұмаудың асқынуы қауіпті. Ең жиі кездесетін тұмау ауруының асқынуы – пневмония. Басқа да жиі кездесетін асқынулар – бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит. Бұл ауру 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттар арасында ауыр өтеді. Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада  аймақтық дәрігерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажет екенін айтады.

ЖРВИ және тұмаумен қатар жиі кездесіп отырған аурудың бірі – қызылша.  Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауа арқылы тарайтын бұл аурудың облыстағы көрсеткіші 3,58-ге артып, республикалық көрсеткіштен жоғары болып, 6-орында тұр. Нақтырақ айтқанда, есепті мерзімде 363 науқас тіркелсе, соның 302-сі немесе 83,1 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Ал оның ішінде 103-ін яғни, 34,1 пайызын 1 жасқа дейінгі балалар құрап отыр.

– Бүгінде   облыс бойынша 162 науқас стационарлық  ем қабылдап жатыр,  5 науқас ауыр жағдайда. Тәулігіне  15-20  науқас  түседі, – деп атап өтті облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова.

Мамандар ауырғандардың басым бөлігі екпе алмағандар екенін айтады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<