Вакцина: қарқынды күшейтетін кез келді

954

0

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында кешегі жағдай бойынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан қаласы  тұрса, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары «сары аймақта». Қалған өңірлер «жасылда».

Республика бойынша  2587884 адам вакцинаның І компонентін салдырса, ІІ компонентпен қамтылғандар саны 1480309 адамды құрады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Коронавирустың тара­луына қарсы ведомствоаралық комиссия әлемдегі эпиде­миологиялық ахуалға шолу жасады. Мәселен, 13 мау­сымда Колумбияда індет жұқтырғаны анықталған нау­қастар арасындағы өлім-жітімнің ең жоғары көр­сеткіші тіркелген. Бір тәулік ішінде инфекцияның 28519 жағдайы анықталып, 586 адамның мерт болғаны расталды. Мемлекетте бүгінге дейін барлығы 3,7 млн адам коронавирусқа шалдықса, олардың 96 мыңға жуығы қайтыс болған.  

Индонезияның Пеканбару қаласының билігі вакциналау қарқынын жеделдетті. Мұнда адамдарды арнайы жабдықталған автобус­тар­да еге бастады. Ол кө­ліктер коронавирусқа қар­сы препараттың 12 мыңға жуық дозасын тасымалдайды. Бұл күн сайын мыңнан ас­там тұрғынға екпе салуға мүм­кіндік береді. Бүгінде атал­ған елде вакцинаның екі ком­понентін 12 миллионға жуық адам салдырған. Келер жылы бұл көрсеткішті 80 миллионға арттыру көзделуде.

Ал Түркияға ресейлік «Спут­ник V» вакцинасының алғашқы партиясы жеткі­зілді. Ел билігі ресейлік пре­параттың вакциналауды тездетуге ықпал ететінін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соң­ғы төрт күнде Түркияда 200 мың адам инфекция жұқтырды, жаңа ауырғандардың саны өсуде.

Ұлыбритания Премьер-ми­нис­трі Борис Джонсон былтыр нау­рызда пандемияға бай­ланысты енгізілген барлық шектеулерді жеңілдету шараларын бір айға шегерді. Барлық шектеулер 21 мау­сымда алынады деп жоспарланған болатын. Алайда үкімет Ұлы­бри­танияда коронавирустың үнді штам­мының таралуына байланыс­ты «тағы біршама уақыт күт­кен дұрыс» деп санайды. Енді шектеу­лер 19 шіл­деде жеңілдетіледі деп күті­луде. Премьер-министрдің мә­лім­деуінше, оған дейін елдің барлық ересек тұрғындары вакци­на­ның алғашқы дозасын алады деп жоспарланған.

Филиппиндегі Манила ме­дици­налық жоғары оқу орын­дарының студенттері елдегі эпидахуалға қарамастан, күн­дізгі оқуға оралды. Оралмас бұрын студенттердің барлығы вакциналанған болатын. Алайда олар үшін аудиторияларда бетперде кию талабы алынған жоқ.

Ал еліміздің Денсаулық сақ­тау министрі А.Цой Ресей­дегі COVID-19 бойын­ша қолайсыз жағ­дайды ескере отырып, вакциналау қар­қы­нын арттыру шараларын қабылдауды сұрады.

Соңғы аптада ТМД ел­дерінде, оның ішінде Ресейде коронавирус инфек­ция­сының өткен аптамен салыстырғанда 1,5 есеге өскені байқалды. Нәтижесінде қосымша  шектеу шаралары енгізілді.

Еліміз 6 маусымнан бастап «жасыл аймақта» орналасқан. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта». Бұл ретте, алдыңғы аптамен салыстырғанда сыр­қат­танушылық 7 процентке, 1365-тен 1461 жағдайға дейін өскені байқалады. Жал­пы соңғы аптада ауру жұқтыр­ғандар саны 8,5 мыңнан 7 мыңға дейін немесе 16 процентке төмендеген.

Алайда министр елде ваки­нациялауды арттыру, тұр­ғындар арасында ақ­параттық-түсіндірме жұ­мыс­­­тарын кү­­шей­ту керек­тігін айтты. Осы орай­да  елдің бас мемлекеттік саитарлық дәрігері Ерлан Қиясов қазақ­стандықтарға үн­деу жасады.

«Жаһандағы коронавирус инфекциясына қатысты жағ­дайды болжау қиын болып барады. Қазір барлығы СOVID-19-дың үшінші тол­қыны туралы айта бастады. Вакциналау деңгейі төмен елдерде инфекция үрейлі қарқынмен өсуде. Бүгінгі күні әлемде 176 миллионнан астам оқиға және күн са­йын 290 мыңнан астам жаңа фактілер тіркеледі. 3,8 миллионнан астам адам қайтыс болды. Өкініштісі, Қазақстанмен шекаралас елдерде қауіпті жағдай қалыптасуда. Ресейде, Қырғызстанда өткен жылмен салыстырғанда ауру санының рекордтық өсімі тіркелген» – деді ол.

Сондай-ақ, «маусымдық фак­тіні, демалуға деген ұм­тылысты ескере отырып, мен азаматтарды өз өмірі мен жа­қындарыңыздың ден­сау­лығын вирустан қорғауға шақырамын. Тек вакциналау ғана қорықпай, отбасыңызбен саяхат­тауға, демалысты жос­парлауға мүм­кіндік береді. Демалысты жос­парламас бұ­рын вакцина алыңыз, сонда жазғы саяхаттан бас тартпай, рахатқа бөлене аласыз. Вакцинация еш кедергісіз елге кері қайтуға, өзіңізді және жақындарыңызды қорғауға мүм­кіндік береді» деді бас мем­лекеттік санитарлық дәрігер.

Ал біздің өңірде бүгінде 107344 тұрғын вакцина алды. Өткен тәуліктің өзінде аймақта 2386 адамға коронавирусқа қарсы екпе салынды. Қа­зіргі кезде вакцинаның І ком­понентін 107344 адам алса, ІІ компонентімен 54232 тұрғын қамтылды.

Айта кетейік, өткен аптада ауруға шалдыққан нау­қастар және олармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитариялық-эпи­демиологиялық талаптар кү­шіне енген болатын. Бел­гі­ленген талаптарды орын­да­мағаны үшін оқшаулау режимін бұзушыларға 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 452-бабы).

Санитариялық-эпиде­мио­­л­о­­гия­лық бақылау коми­теті мәліметіне сүйенсек, елі­мізде Ashyq жүйесі бойын­ша анықталған «қызыл» мәр­тебесі бар 165 адам өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылады.

Республикада карантиндік шек­теулердің сақталуын ба­қылайтын мониторингтік топ­тардың жұмысы жалғасуда. Бүгінде Қазақстанның барлық өңірлерінде 1,8 мыңнан астам мониторингтік топ жұмыс істейді.

Жүргізілген жұмыс барысында мобильді топтар нысандарда карантиндік талаптарды бұзудың 17 043 оқиғасын анықтады. 13 маусымдағы жағдайға сәйкес шектеу шараларын, оның ішінде карантинді бұзғаны үшін 16 712 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте 9 670 кәсіпкерге қатысты жазалау шарасы қол­данылды. Өндірілген айып­пұлдың жалпы сомасы 1 352,2 млрд теңгеден асады. Сотқа 310 материал жіберілді.

«Мұнымен қоса, 10 маусымнан бастап Ashyq жобасына қатысатын нысандарда «қызыл» мәртебесі бар 165 және «сары» мәртебесі бар 168 адам тіркелген. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары оқшаулау режимін бұзушы «қызыл» мәртебесі бар азаматтарға қатысты әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы істерді қозғау бойын­ша жұмысты бастады», – деді комитет мамандары.

Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі Ashyq жобасы теміржол вокзалдары мен әуежайларда да енгізілетінін айтқан болатын.  Бүгінде ол бойынша жұмыстар қолға алынуда.

«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, кеселмен күресудің, індетті жеңудің бірден-бір жолы – вакцина екенін бүгінде әлем болып мойындадық. Ендеше  ел болып жұмылып, екпе алып, еңсе тіктеуден басқа жол жоқ.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<