Вакцина вирусқа төтеп береді

454

0

Қазіргі күні Әлем елдері бойынша коронавирус індетіне қатысты ахуал қиындап барады. Кеселмен күресу мақсатында толықтай өндірістерін тоқтатып, локдаун жариялаған мемлекеттер де бар. Күн өткен сайын осы кеселдің кесірінен көз жұмып жатқан азаматтардың да саны артып бара жатыр. Өкінішке орай, біздің елімізде де жағдай өте күрделі.

Қазір облысымыз «Қызыл аймақта», санитарлық ахуалдың жақсаратын түрі жоқ. Инфекцияның осылай өршіп кетуіне көп жағдайды өзіміздің сақтық шараларына салғырт қарауымыз себеп. Ғалымдардың көптеген тәжірибелері коронавирусты жеңетін жалғыз ғана жолдың бар екенін көрсетуде. Бұл – вакцина салдыру. Бүгінгі күні аймағымызда екпенің қажетті мөлшері бар. Облыс орталығындағы бірнеше емханаларға барып, вакцина салдырып алуға жағдай жасалған.

Осыған байланысты, мен өз еркіммен екпе салдырдым. Вакцинадан кейін өзімді жақсы сезінемін. Қазіргі күні денсаулығыма қатысты ешқандай кінәрат жоқ. Ең бастысы, дертке шалдығып қалу қорқынышынан арылдым. Өзім үшін және жақындарым үшін бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Вакцинадан бөлек, сақтық шараларына да көңіл бөлген жөн. Күнделікті бетперді тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтаудың маңыздылығы айтылып жатыр. Осы кеңеске құлақ асатын кез келді деп санаймын. Өздеріңіздің өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңыз үшін той-томалақтардан бас тартқан дұрыс.

Ауызбіршілік танытып, қауіпті кеселді жеңгеннен кейін бұрынғы алаңсыз күнімізге оралатынымызға сенемін. Өткен жыл көпшілігімізге сабақ болуы керек. Провизорлық стационарларда жан алысып, жан берісіп жұмыс жасаған әріптестерімді көрдім. Бұл жағдайдың қайталанбауы өзіміздің қолымызда дегім келеді.

Шекер Пралиева,

облыстық психикалық денсаулық орталығының мейірбикесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<