Вакцинадан басқа жол жоқ

477

0

Еліміздің өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша 23 маусымда «қызыл» аймақта бір ғана өңір – Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Ал «сары» аймақта Шымкент, Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстары орналасқан. «Жасыл» аймақта Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары. Бүгінде елде  2 857 255 адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін салдырса,  екінші компонентті салдырғандар саны – 1753969.

Осыдан біршама уақыт бұ­рын әлем елдері  инфекцияның жаңа «үнді»  штамының тара­лып жатқанын айтып, дабыл қақ­қан болатын. Індеттің бұл түрінің  біздің елімізге де келіп жеткенін тиісті сала мамандары растап отыр.  Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында коро­навируспен сырқаттану дең­гейінің күрт өсуіне байла­нысты Денсаулық сақтау министр­лігі ауру жұқтырған науқастардан алынған оң зерт­ханалық үлгілердің ПТР скринингін өткізді. Оның нәти­жесінде «Дельта» штамына («үнді» штамы) тән мутацияға күдікті жағдай анықталған. Мутацияның  және оның «Дельта» штамына жататынын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеу аяқ­тал­ғаннан кейін белгілі болады.

Мамандардың мәлім­де­уін­­ше, «Дельта» штамы аса контагиозды және анықталған штамдарға қарағанда жұқпа­лы­лығы 60 процентке жоғары. Қазіргі штамдар бір адамнан орта есеппен 3-4 адамға тара­латын болса, жаңа штам 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инку­бациялық кезеңмен сипат­талады. Сонымен қатар індетті жұқтырғандар буындар мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді, жүрек айнып лоқсиды. Ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқ микротромбозына ұшырайды. Коронавирустың «үнді» штамы төсекке таңылу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығына ықпал етуі мүмкін. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі әрбір қазақстандықты өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды сұрайды.  Сондай-ақ, инфекциядан қорғанудың жолы вакцина екенін айтып, індет жұқтырудың алдын алу мақсатында маска кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы сияқты профилактикалық шараларды қатаң орындау қажет екенін ескертеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 20 маусымдағы мәліметі бойынша SARS-CoV-2 «Дельта» штамы әлемнің 174 елінде анықталған.  Эпидахуалдың күрделенуіне жол бермес үшін әлем мемлекеттері кеселге қарсы вакциналау жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуде.

Мәселен, Жапонияда азаматтарды жұмыс және оқу орындарында  COVID-19-ға қарсы егу шаралары басталды. Елде университеттер мен жұмыс орындарында вакциналауға арналған 3,4 мыңнан астам алаң тіркелген. Мемлекеттің министрлер кабинетінің Бас хатшысы Кацунобу Катоның айтуына қарағанда, мұндай стратегия Жапония халқын вирусқа қарсы вакиналау қарқынын арттырады.  Ал қытайлық дәрігерлер індетке қарсы вакциналау науқаны басталғалы бері ел тұрғындарына бір миллиардтан астам екпе салған. Бұл туралы ҚХР мемлекеттік гигиена және денсаулық сақтау жөніндегі комитеті хабарлаған.  Бұл елде індетке қарсы екпені міндетті түрде алуы тиіс халықты вакциналау былтыр 15 желтоқсанда басталған болатын.

Швеция коронавирусқа қарсы вакцина алмаған адамдардың елге кіруіне тыйым салатын талап мерзімін ұзартты. Бұл талап тек вакциналау сертификатын, ПТР зерттеудің теріс нәтижесі және антиденелердің болуы туралы куәлік ұсынған адамдарға қойылмайды.

Ал Үндістанда бір күнде 8,4 млн адамға екпе салынып, рекордтық көрсеткіш тіркелді.  Әлемдегі ең ірі вакцина өндірушілердің бірі – Үндістанда екпе егу кампаниясы бұған дейін  баяу жүрді. Сондықтан ел билігі тұрғындардың ересек бөлігін тегін вакциналау туралы жаңа саясат енгізуге шешім қабылдады. Оған сәйкес, федералды үкімет елде өндірілетін вакциналардың 75 процентін сатып алып, штаттарға бөлетін болды. Жаңа стратегия іске асырылған бірінші күні елде вакцина алған азаматтардың рекордтық саны тіркелген. «Бүгінгі вакциналаудың рекордтық саны қуантып отыр. Вакцина – біздің COVID-19-бен күрестегі ең мықты қаруымыз» – деп жазды Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди.  Соның өзінде қазіргі кезде Үндістан халқының 5-тен сәл ғана жоғары проценті вакцина алған, көптеген штаттарда  тапшылық сақталуда. 

Көршілес Өзбекстан мемлекеті вакцина алуға басымдық берілетін тұрғындардың тізімін кеңейтті, яғни, олардың қатарына 50 жастан асқан өзбекстандықтар кіреді. Бұл шешімді елдегі коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы комиссия қабылдады. Ведомствоның мәліметінше, бірінші кезеңде індетке қарсы жаппай вакциналау 65 жастан асқан адамдар, медицина қызметкерлері, мектеп мұғалімдері және созылмалы аурулары бар адамдар арасында жүргізілді. 31 мамырдан бастап аталған тізім студенттермен (шетелде білім алушылар), БАҚ өкілдерімен толықтырылды. Науқан басталғалы бері бұл елде  19 миллионнан астам доза алынған.

АҚШ-та 30 жастан асқан тұрғындардың 70 %-і вакцина алған.

– Бүгін мен сіздерге керемет жа­ңа­лықтар жазып отырмын. Біз Пре­зиденттің 30 және одан жоғары жас­тағы барлық америкалықтарға вакцина егу бойынша жоспарын орындадық. Бәрі дұрыс: 30-дан асқан АҚШ ересек­терінің 70%-і дәрі-дәрмектің кем де­генде бір дозасын қабылдады, – деді АҚШ-тың пандемияға қарсы іс-қимыл бойынша үйлестірушісі Джеф­фри Зинтс брифингте.

Науқастарды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінде дүйсенбідегі жағдай бойынша АҚШ-та 150 миллионнан астам адам коро­навирусқа қарсы толықтай вакци­наланған, ал 177 миллионан астамы бір компонентін қабылдаған.

Шет мемлекеттер арасында тұр­ғындарды жаппай вакиналануға қол жеткізіп, соның нәтижесінде елдегі шектеулерді алып, қалыпты өмірге оралғандар да, шектеу шараларын же­ңілдеткендер де бар. Мәселен, Грузияда кешеден бастап таза ауада бетперде кимей жүруге рұқсат берілді.

Бұл ел тұмшаланып жүруді былтыр наурызда міндеттеген болатын. Бі­рақ жазда шектеу жеңілдетіліп, кейін эпидахуалдың ушығуына байла­ныс­ты тәртіп қайта күшейген еді. Енді вакциналау басталғалы бері індеттің беті қайта бастады. Елде күн сайын тіркелетін науқас саны 300-ге жетпейді. Осы орайда ел билігі көшеде бет перде кию міндеттелмейтінін мәлімдеді.

«Бүгіннен бастап таза ауада маска тағу міндеттелмейді. Қоғамдық кө­лік пен жабық бөлмелерде бұл шек­теу әлі күшінде қалады. 1 шілдеде коменданттық сағат алынып таста­лады. Ал екі аптадан кейін Грузияға бір миллион вакцина жеткізіліп, елде белсенді кезең басталады» – Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили.

Байқағанымыздай, қауіпті кесел­ден құтылудың бірден-бір жолы вак­цина болып отыр. Әсіресе, адам өміріне қатері жоғары жаңа «үнді» штамының алдын алуда екпе салдырудан басқа жол жоқ екенін әлем мемлекеттері мойындап, жұмыс қарқынын күшейтуде.  Олай болса, бізге де ойланатын кез келді. Жайбарақаттықтан опық жеп қалмайық!

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<