Вакцинадан кімдер босатылады?

1161

0

Әлемді әбігерге салып жатқан коронавирус инфекциясының жаңа «Дельта» штамы біздің елімізде де белең алуда. Осы орайда  Денсаулық сақтау министрлігі  1 шілдеде 414 сынаманың ПТР скринингін өткізіп, нәтижесінде 48,3% үнді штамы барлық облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында табылғанын мәлімдеді.

Мутацияның болуын және оның «Дельта» штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ толық геномдық реттілігі аяқталғаннан кейін анықталады.

Мамандардың айтуынша, Дельта штамын жұқтырған науқастарда ауру­дың тез дамуы, ауырғандар арасында жастар  санының көбеюі, ішек аурулары белгілерінің болуы бай­қалды. Сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдер арасындағы жағдай мәз емес. Осыған байланысты Ден­саулық сақтау министрлігі қазақстан­дықтардан өзінің және жақындары мен туыстарының денсаулығына қамқорлық танытуын сұрайды.

Ал, инфекциядан қорғаудың жалғыз әдісі – ауруға қарсы вакциналау. Сонымен қатар вирустың таралу қаупін азайту үшін маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қол гигие­насы, үй-жайларды желдету сияқты алдын алу шараларын сақтау қажет.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының деректеріне сүйенсек, 1 шілдедегі жағдай бойынша «Дельта» SARS-CoV-2 штамы әлемнің 96 елінде анықталған.

Осы орайда  бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің жаңа қау­лысы шықты. Онда індеттің та­ралуының алдын алу мақ­сатында вакциналау қарқынын арттыруға байланысты жаңа шектеулер енгізілген. Сонымен бірге қаулыда вакциналауға қарсы көрсетілімдердің тізбесі де бекітілді.

Құжат бойынша вакцина енгізуге қарсы көрсетілімдер мыналар: вакцинаның қандай да бір компонентіне (белсенді заттарға, қосымша заттарға) аллергия немесе осы вакцинаны алдыңғы енгізуге аллергиялық реакциялар; ауыр созылмалы аурулар немесе анамнездегі аса жоғары сезімталдық; жоғары температура немесе вакцинаны бұлшықет ішіне енгізген кез­де пайда болуы мүмкін қан кету тәуекеліне байланысты ау­­ру­дың жіті фазасы; жүктілік және лактация кезеңі; 18-ге де­йінгілер.

Бас санитар қаулысында «вакцинациядан кейінгі ауыр асқынулар» ұғымына анықтама берілген. «Вакцинациядан ке­йінгі ауыр асқынулар (анафи­лактикалық шок, ауыр жайылған аллергиялық реакциялар, құры­су синдромы, 40°С-тан жоғары температура)» деп жазылған құ­жатта. Нақтырақ айтқанда, вакцинаға қарсы тұрақты ме­дициналық көрсетілімдері бар адамдарға екпе салдыруға бол­майды. Алайда тиісті анық­таманы көрсетуі керек. Бұ­дан бөлек, коронавируспен ауы­рып шыққан адамдар да вак­цинадан босатылады. Бірақ ағ­задағы антиденелердің көлемі ескеріледі. Қаулыға сәйкес, коронавируспен ауырып шық­қандар үш ай бойы вакцинасыз жұмысқа бара алады. Одан кейін антиденелер саны аза­йып, вирусты жұқтыру қаупі жоға­рылайды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<