Вакцинаны ұжым болып салдырды

625

0

Өңірде коронавирусқа қарсы екпе алғандар көбейді. Қазір бірлі-жарым тұрғындар ғана емес, ұжым мүшелері арнайы барып вакцина алуда. Себебі, індетті еңсерудің жолы – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Бүгінде коронавирус құрсауындағы әлем елдері вакциналау қарқынын үдетті. Ел тұрғындарының да екпеге деген сенімі нығайып келеді.

Осы аптада Ассамблея мү­шелері және «Қо­ғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері екпе салдырды. Вакцинаны салдырмас бұрын дәрігерлер әрбір адамның дене қызуы мен қан қысымын өлшеп, міндетті медициналық тексерістен өткізді.


Олар халық денсаулығын сақтап, қа­лыпты өмірге оралу үшін жұмыла күресуіміз керек­тігін айтты.


– Өзіңді және жақының­ды қауіпті ін­деттен қорғаудың әзірге жалғыз жолы – вакцина салдыру. Сондықтан да екпені ерікті түрде салдырдық. Ауырмайтын жол іздейік, – деді тіл жанашыры, «Абай қазы­насына саяхат клубы­ның» жетекшісі Елена Пак.


Оқу орындарының қызмет­кер­леріне вак­цина егу жұмыстары да үздіксіз жүргі­зілуде.
Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда уни­вер­ситетінің ректо­ры, «Nur Otan» партиясы «Тұран» филиалының төрағасы Бейбіткүл Кәрімова бас болып, ректорат қызметкерлері, про­фессор-оқы­тушылар мен білім алушылар барлық санитарлық қауіп­сіздік шараларын сақтай отырып ко­ро­нави­русқа қарсы «Спутник – V» вакцинасын қабылдады.


Университет қабырғасынан вак­цина­лауға арнайы екпе егу каби­неті бөлінген. Сондықтан бұған дейін вакциналанған уни­верситет қыз­меткерлері екпе­нің екін­ші науқанын алуда. Айта кету керек, екпе егіл­ген қызмет­керлердің барлығы дәрі­герлердің жіті бақылауында.


Оқу орнының басшысы вак­цина салу әр адамның өз қауіп­сіздігі мен жақындарының аман­дығы үшін қажет екендігін айтып, азаматтарды вакцина сал­дыруға шақырды.
Ал, «Сыр медиа» серіктес­тігінің 60-қа жуық қызметкері вакцина алып үлгерді. Халықтың ортасында жүріп, тұрғындармен тығыз байланыс орнататын тіл­шілер бірінші кезекте сақтануы керек
– Ұжымда алғашқылардың бірі болып «Спутник-V» вак­цинасын салдырдым. Ден­саулық – әр адамның баға жетпес бай­лығы, сондықтан дерттің ал­дын алу маңызды. Пан­демия бас­талғалы індетті тоқтататын вакцинаның болмауынан қанша­ма адам зардап шекті. Өткен ға­сырлардағы нәубетті кезең­дерде адамзат баласы вакцина арқылы ғана індеттің бетін қайтарған. Сондықтан өзіңді де, өзгені де қорғаудағы басты қадам вак­­цина екенін ескеріп, екпе сал­дыруға шешім қабылдадым. Айтар­лық­тай кері әсері байқалмады, өзімді жақсы сезініп тұрмын, – деді әріптесіміз Ержан Қожас.


Қазір вакцина алғандарға ме­дициналық бақылау талапқа сәй­кес ұйымдастырылып, жүйелі жүргі­зілуде.

Айта кету керек, меди­цина орталықтарынан бөлек, жылжымалы бригадалар шалғай ауыл-аймақтарды аралап екпелеу жұмысын жүргізуде. «Қорқыт ата», «Aray City MALL» сауда орталығында жылжымалы егу бригадасы келушілерге тегін медициналық қызмет көрсетуде.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<