«Жасылдың» да жауапкершілігі зор

682

0

Коронавирус инфекциясының таралуы бәсеңдеп, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты облыс «жасыл аймаққа» енді.

Дегенмен, әлі де босаңсуға болмайды. Өткен тәулікте 26 адам індет жұқтырған. Бір қуантарлығы, қауіпті індеттен бір күнде 133 науқас айығып шықты. Қазіргі таңда инфекциялық стационарларда 350-ге жуық науқас ем алуда.

Індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакциналау. Вакциналау науқанында қызылордалықтардың белсенділік танытуы да қауіпті індеттің таралуын тоқтатуға өз септігін тигізіп жатыр. Өңірде 400 мың адам екпе алатындардың қатарында болса, қазір соның 301 мыңнан астамы екпе салдырған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов айтты.

–    Облыс көлемінде бүгінде коронавирусқа қарсы иммундау науқанына 106 егу кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет жабдықталған. 1 ақпан-27 қыркүйек аралығында вакцинаның 1 компонентін салдырғандар саны – 301959, халықтың қамтылуы 75,3 процентті құрады. Екінші компонентін салдырғандар саны – 252722, яғни, 63 процент, – деді ол.

Айта кету керек, Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің 24 жастағы тұрғыны Перизат Құлжанова екпе салдырған 300 мыңыншы адам болып тіркелді. Ол бала күтіміне байланысты үйде отырғандықтан, өзі қарайтын №4 емхана қызметкерлері екпені үйіне барып салды. «Спутник V» вакцинасын алған Перизаттың жағдайы қалыпты. Екпе алған 300 мыңыншы тұрғынға сый-сияпат жасалды.

Кешеден бастап елде карантиндік шектеулер жеңілдетіліп, салтанатты және отбасылық шараларға рұқсат етілуде.

Елімізде пандемия басталғалы алғаш рет той өткізуге рұқсат берілді. Алайда тойханаларға «Ashyq»-та статусы «қауіпсіз» қонақтар ғана кіргізіледі.

– COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанын, соңғы екі аптада сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейі 60%-ке төмендегенін  айтты. Осыған байланысты бүгіннен бастап «Ashyq» бойынша «қауіпсіз» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілердің қатысуымен бірқатар іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі. Атап айтқанда, салтанатты, еске алу және отбасылық шараларды (банкет, үйлену тойы, мерейтой) өткізуге рұқсат беріліп отыр. «Жасыл аймақта» тұрған өңірлерде зал 50%-ке дейін ғана толуы керек, 100 орыннан аспауы шарт. «Сары аймақта» да 50%-ке дейін, 70 орыннан аспауға тиіс. Ал «қызыл аймақта» 50%-ке дейін, 50 орыннан аспауы керек. Сондай-ақ конференциялар, форумдар және басқа да бұқаралық шараларды, көрмелерді өткізуге рұқсат етілді. Бұған қоса, таза ауада марафон ұйымдастырып, көрермендердің қатысуымен спорт­тық шаралар өткізуге болады, – деді Ж.Шайымбетов.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<