4 миллион теңгенің сертификатын иеленді

641

0

Бүгін Республика күніне орай «Алтын дән – 2022» мерекесі аясында Ипподром алаңында аламан бәйге ұйымдастырылды. Ұлттық спортқа жанашыр тұрғындар шабондоздардың шабысын байқап, бәйге алаңына асыққан азаматтарға рух берді.
Айтулы додаға биыл ұлттық ат спортының 4 түрінен 100ге жуық шабандоз бас қосып, бақтарын сынады. Еліміздің бірнеше аймағынан сәйгүлігін сайлап келген шабандоздар қызылордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Облыс әкімі зиялы қауыммен бірге аламан бәйгеге барып, жүйріктер жарысын тамашалады.
Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен сайыста шын мықты анықталды.

5 шақырымды артқа тастаған тай жарыста шиелілік Дамир Әуезхан І орынды иеленсе, 11 шақырымды құрайтын құнан бәйгеде жалағаштық шабандоз Ержан Әлихан бірінші болып келді.
Ал, 15 шақырымды оңай еңсерген топ бәйгеде жамбылдық тарлан Асылжан Назар мәре сызығына ең алғаш болып жетіп, 2 миллион теңге иеленді.
Аламан бәйгенің жүлдесі жалағаштық батыр Ержан Алиханға бұйырды. Шабандозға 4 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аламанға ат қосып, бәйгеде бабын байқап, жүйрік атанған нар азаматтарды құттықтады.

Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде ұлттық спорт бұқаралық сипат алып келеді. Облыста 16 мыңнан аса спортшы ұлттық спорт түрімен шұғылданады. Олардың әр қайсысы үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатып, әлемдік ареналарда көк туды көкте желбіретуде.

Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<