Алаштың айбынын асырған палуандар бәсекесі

505

0

Қызылордада өтіп жатқан қазақ күресінен ел чемпио­натына байтақ республиканың барлық өңірінен күш сынасуға 500 спортшы білек сыбана келді. Әрбірінің қолдау көрсетер жанкүйері бар. Дүйсенбіде бастау алған тартысты бәсеке бүгін өз мәресіне жетпек. Осыған дейін ерлер 9 салмақ дәрежесінде, сонымен қатар түйе палуандар сайысында сынға түссе, бүгін әйелдер арасында 7 салмақ бойынша жарыс өткізілуде.

«Евразия» спорт кешеніндегі дүбірлі доданың Сыр елінде ұйымдастырылуы да тегін емес. Бүгінде барыстарды анықтап, бұла күш иесін танытуды мақсат еткен «Алтын белбеу» сайысы да Ақмешіттен бастау алғаны белгілі. Ақын-шайырларынан бө­лек қазақ күресінен талайдың таңдайын қақтырған Сыр спортшылары қазақ атын әлемге паш етіп келеді. Бұл ойды жа­рыстың алғашқы күнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі, ҚР Қазақ күресі фе­дерациясының президенті Дәу­рен Абаев та қуаттаған.

– Сыр елі – қазақ күресінің палуандарына өте бай өңір. Мұның өзі қатысушы жастарға зор серпін береді. Жыл са­йын чемпионаттың деңгейі өсіп ке­леді. Бұл бәсекенің де тартыс­ты өтетініне сенімдімін, – деді федерация президенті.

Сайыстың алғашқы күнінде ерлер арасындағы 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақтағы спортшылар белдесті. Чем­пио­натқа өңірден 40 спортшы қатысып, аймақ абыройы үшін белдессе, 90 келі салмақ дә­режесінде соның екеуі сынға түсті. Оның бірі Ринат Тоғысов ә дегеннен алғашқы қарсыласы жамбылдық Аян Рысбайға есе жіберіп, жарыстың жарты жолына да жете алмай қалды. «Әттеген-айлаған» жұртшылық жерлесіміз Ержан Абдуллаевқа үміт артқан. Ол шымкенттік Марат Байкамуровтың жауырынын жерге тигізді. Дегенмен, бұл үмітіміз де ұзаққа бармады. Жамбылдық Айбол Айтбек сенім артқан палуанымызды сұлатты. Бұл жерде бойдағы бұла күштен бөлек әдіс пен айла да маңызды рөл атқарады. Қолын қарсыластың иығынан асырып, белден ұстап, басынан асыра лақтыруға мүмкіндігі зор бойлы палуандар да жығылып жатты. Бұл салмақтағы спорт­шылардың арасынан біз айтып отырған жамбылдық Айбол Айтбек қарсыластарын шақ келтірмей, І орынды қан­жығасына байлады. Ал, ақ­тық сында оған есе жіберген ал­матылық Ерасыл Жанатаев екінші орынды еншіледі. Айболмен белдескен атыраулық Сұңғат Закарияев пен ақтөбелік Әділет Мисин үздік үштікті түйіндеді.

Қақпақ жауырындылардың 100 келі салмақ дәрежесінде сынға түскендері тартысты бә­секені байқатты. Жерлесіміз Нұрым Сәлімгерей де жарыс жолында көрінді. Мұнда одан бөлек Спандияр Алмаханов пен Айдын Жыланбасов та аймақ абыройын қорғауға атсалысты.

Нұрым осы сайыста 4 жекпе-жек өткізді. Оның барлығында дерлік айқын басымдығын көр­сетті. Алдымен Шығыс Қа­зақстан облысының палуаны Жасұлан Мұхаметхановты иы­­ғынан асыра лақтырып, жа­уы­рынын жерге тигізсе, онан соң қостанайлық Алмас Жұмағалиды да дәл солай жықты. Қарағандылық Ер­қа­нат Молдағұловтың да Нұ­рым­мен белдесуде жолы болмады. Оңбай жеңілді. Әсіресе, төр­тінші белдесу кезіндегі жан­­күйерлер даусы залды жаң­­ғыртып жібергендей. Сол­түстік Қазақстан облысынан келген Мұхит Тұрсынов екеуі беріспеді. Қара терге мал­шынып, қаққан қазықтай қақшиып тұр, құламады. Десе де, уақытты тоқтата алмайсың. Бес минут демде өте шықты. Мұхиттың салмағы Нұрымнан екі келі жеңіл болып, төрешілер шешімімен Мұхит Тұрсынов бірінші орын алды да, Нұрым Сәлімгерей екінші орынды еншіледі. Атыраулық Арман Қа­лиев пен қарағандылық Ер­қанат Молдағұлов үшінші орын­ға тұрақтады.

Салмақ ауырлаған сайын сайыстың салмағы да арта түскендей. 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 28 па­луан шеберліктерін байқасты. Оның ішінде жерлестеріміз – бірнеше дүркін ел чемпионы, Азия чемпионы атанғандары бар. Байқасақ, күресіп жүрген палуандардың көпшілігі Қар­мақшы топырағынан екен. Бұл күнде онда Текей батыр атындағы спорт клубы жұмыс істейді. Мақсат Исақабылов, Нұрым Сәлімгерей, Марат Баймаханов, Бауыржан Раисов, Қайрат Жалғасбаев, Мұхит Досымовтар сол мектептен түледі. Палуандарды іріктеп, үлкен спортқа бағыттау мақсатында ашылған мектепте бүгінде 300-ге жуық жас тәрбиеленуде.

– Бұл спорт клубын ашу оңай болмады. 2006 жыл еді. Сол кездегі аудан әкімі Рзақұл Нұртаев ауыл ақсақалдары мен спорт жанашырларын жинап, спорт клубын ашу керегін айтты. Маңыздысы, елден мықты палуандар шығып жат­ты. Сол істі әрі қарай дамыту керек еді. Содан клубты аштық, ақсақалдардың келі­сімімен оған атақты Текей ба­тырдың есімін бердік. Қа­зірдің өзінде түлектеріміз әлем­ді бағындырып жүр. Же­місін берді, – дейді клуб директоры, ҚР еңбек сіңірген жат­­­тықтырушысы Әділбек Серікбаев.

Осы мектептің шәкірті Айбек Серікбаев – Әлем және Азия чемпионы. Сүйінші жаңалығы – алдағы жылы Жапонияда дзюдо күресінен өтетін чемпионатқа дайындалып жүр.

Қош, жарысқа оралайық. Ауыр салмақтағылардың ай­қа­сы бөлек болды. Құдды бір көздерінде от ойнаған барыс­тардың шайқасы дерсің. Боз кілемге маңғаздана шығып келе жатқан сайыпқырандардың дене тұрқы да барыс десе болғандай. Төрт дүркін әлемді мойындатып, екі дүркін Қа­зақстан барысы атанған Айбек Нұғымаров та осы салмақта сынға түсті.

Байрақты бәсекеде сырбойы­лықтар Мақсат Исақабыловтан үміттенді. Талай дүбірлі додада аймақтың ғана емес, Алаштың абыройын асырып жүрген апай­төс палуанның жауырыны жерге тимес десті. Әйткенмен, «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген. Мақсаттың алғашқы қар­сыласы қарағандылық Ұлық­бек Төлеуов болды. Әп-сәтте сырғыған секундтарда жерлесіміз қарсыласын жық­ты. Әйткенмен, одан кейін жам­былдық Ғалымжан Қырық­бай­дан жеңілді. Ол – биыл шілдеде Неапольда өткен Универсиада ойындарында ел қоржынына алғашқы алтынды салған спорт­шы. Жерлесімізден басым түсіп, ақтық сынға жетті. Мықтылардың бәсекесінде Айбек Нұғымаров пен Ғалымжан Қырықбай І орынға таласты. Атағы алты Алашқа тараған Айбек Нұғымаров та өзіне бек сенімді болды. Белдесуде қос қарсылас бір-бірінің осал тұсын аңдысты. Шығысқазақстандық Нұғымаров қарсыласын дұрыс бағаламапты. Астына алып ұр­ған сәтте көрерменнің таң­данысын байқадық. Ғалымжан Қырықбай жарыс жеңімпазы атанып, екінші орынды Айбек Нұғымаров алды. Ал, үшінші орын маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов пен жер­лесіміз Мақсат Исақабы­лов­қа бұйырды.

Көрермендер арасынан «бәл­­ки, бұл Сырдың қонақ­жай­лылығы шығар» деген пі­кірлер айтылып жатты. Рас та шығар?! Әйтпесе, Қызылорда – қазақ күресіне ерекше мән берген аймақ. Осы күнгі «Еуразия барысы», «Әлем барысы», «Қазақстан барысының» бастауы Сыр елінде жатыр. Оны облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Рзақұл Нұртаев еске түсірді.

– Арман Шораев Моңғо­лияға сапарлап барғанда олар­дың күресін тамашалайды. Сонда әр салмақ бойынша же­ңімпаздарға лашын, сұңқар тә­різді атақтар беріледі әрі оны Президенттің өзі табыстайды. Мұны көр­ген ол дереу бізге шықты. Сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров екеуіне күрестің ерекшеліктерін жан-жақты тү­сіндіріп бердім. Осылайша, көп ұзамай «Алтын белбеу» па­луандар бәсекесі пайда болды. 2010 жылы «Алтын күз» мерекесінде бюджеттен тыс көздерден 100 мың АҚШ долларын бөлдіріп, жеңімпаздарға жүлде үлестірдік. Келесі жылы бұл соманы бюджеттен бөлінетін етіп шештік. Мұның тиімді екеніне көз жеткізген соң 2011 жылы «Қазақстан барысын» елордада ұйымдастырдық. Барлық қаржысы біздің об­лыстың мойнында болды. Сол кездегі «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры» АҚ бас­қарма төрағасы Өмірзақ Шө­кеев оң бағасын беріп, қаржыландырылуын қордың мойнына артты. Содан бері 1 млн АҚШ доллары қордан бөлінеді. Қызылорда облысы бес жыл бойына «Еуразия барысын» ұйымдастырды. Қытайда, Иранда және Қазақстанның үш облысында, – деді Р.Нұртаев.

Осындай мүмкіндігі зор өңірдің спортшыларына сырт көз қызыға да қызғана қарайды. Қызылордалық палуандардың ептілігі мен тектілігі де бөлек. Қонаққа жол берді деуі осыдан да шығар?!

Жарыстың келесі күнінде 55 және 60 келі салмақ дәре­жесіндегілермен бірге түйе палуандар да сынға түсті. Дамир Әбдеков, Нұржан Ті­леу­бергенов, Мұхамедқожа Әділ­жан, Бекзат Төлеуов, Мұ­хит Шерәлиев секілді палуандар 55 пен 60 келі салмақтағы сында өздерінің шеберліктерін көрсетіп бақты. Әйткенмен, қа­пы қалып, қарсыластан жеңіліп жатқандар да аз емес. Көрермен көңілінде бір үміт пен бір күдік арпалысқан сәт болды.

Күрестің көкесі түйе палуан­дар сайысында өңірдің атынан Мақсат Исақабылов, Марат Баймаханов, Нұрым Сәлімгерей қатысатын болған. Әйткенмен, Марат Баймахановтың жарыс­та жолы болмады. Нұрым Сәлімгерей жарақатына байланысты кілемге шыға алмады. Түйе палуандар сайысындағы Сырдың жалғыз үміті Мақсат Исақабылов қана болды.

Жерлесіміз шығыс­қа­зақ­стан­дық Жасұлан Мұха­мед­жа­нов­пен белдесуінде бірнеше мәрте шабуыл жасады. Екеуі де мықтылығын көрсетті. Бірақ Мақсат бәрібір оны иығынан асыра лақтырды. Нұр-Сұлтан қаласының палуаны Бекзат Шымкеевті де дәл солай жық­қан Мақсаттың шымкенттік Марат Байкамуровпен белдесуде де мысы басым болды.

Түйе палуандар сайысы­ның жартылай финалына Мақ­сат Исақабыловпен қатар алма­тылық Нұрсұлтан Аман­жолұлы, Шығыс Қазақстан облысынан Талғат Әмренов, Нұр-Сұлтан қаласынан Айбат Сейтен өтті.

Дүйім жұрт тағатсыздана тос­қан ақтық сын да келіп жетті. Енді палуандар бар күш-жігерін жинап, шешуші айқаста жеңіске таласады. Сайыс басталғалы бір деммен бақылаған жұрт­шы­­лық жерлесіміз Мақсат Иса­­қабыловпен боз кілемге шы­ғатын алматылық Нұрсұлтан Аман­жолұлынан сескенген-ді. Белде­су басталғанда-ақ өзінің әдіс-тәсілінің ерекше екенін бай­­­қатқан палуан көңілдегі күмәнді демде басты. Алма­тылықтың жауырыны жер иіскеді. Енді Мақсат жарыстың же­ңімпазы болу үшін шығыс­қа­зақстандық Талғат Әмренов пен елордалық Айбат Сейтеннің қай жеңгенімен шығады. Па­луан­дардың ешбірі жеңісті қолдан бермеді. Айбат айбынды болып шықты, Әмренов те жығылды.

Финалдық жекпе-жек Мақ­­сат Исақабылов пен Айбат Сейтеннің арасында өтті. Нұр­сұлтандық палуан оңай ша­ғы­лар жаңғақ емес екен. Бұл жолы Мақсат Исақабылов ел чем­пионатының екінші ор­нын еншіледі. Ал бірінші орын­ның биігін Айбат Сейтен ба­ғындырды. Үшінші орын Нұр­сұлтан Аманжолұлы мен Талғат Әмреновке бұйырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<