«Алтын күз-2019»

475

0

 Қармақшы аудан әкімдігі мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бірлесе ұйымдас­тыруымен Қармақшыда қазанның 2-інде бастау алған ауыл спортшыларының ХХХІІІ облыстық спартакиадасы  өз мәресіне жетті.

Айтулы жарыстың ашылу салтанатында Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков елімізде, оның ішінде Сыр елінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауында айқындалған басымдықтардың бірі – бұқаралық спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан ілкімді істерді саралап, Мемлекет басшысының саясатына қолдау көрсетіп жатқан қармақшылық спортшылардың жетістіктеріне тоқталды.

Бес күнге созылған спорттық мерекеге облысымыздың әр аймағынан қатысқан 1000-нан астам спортшы 16 спорт түрі бойынша өзара бақ сынасты.

Тартысты да қызықты сәттерге толы жарыс барысында, әсіресе, Дүр Оңғар ауылында өткен ұлттық спорт ойындары, яғни көкпар, теңге ілу, аударыспақ, сонымен қатар  орталық стадион және №30, 183, 250 мектептердің спорт залдарында  футбол, ерлер мен әйелдер арасында өткен волейбол, баскетбол жарыстары  да көрермендерге тамаша спорттық мереке сыйлады.

Волейболдан ерлер, әйелдер арасында өткен жарыстар ел біріншілігінен кем болмады. Футболдан Қармақшы мен Жалағаш аудандары  аяқдопшылары арасында өткен финалдық ойын да тартысты болды.

Ауыл спортшыларының ХХХІІІ спартакиадасының қорытындысына келер болсақ, 16 спорт түрінен өткен спорттық шара қорытындысымен жалпыкомандалық есеп бойынша 116 ұпаймен спартакиада жеңімпазы атанған Қармақшы ауданы құрамасы жекелей спорт түрлері, атап айтқанда, футбол, гір тасын көтеру, қол күресі, қазақ күресі, президенттік көпсайыс жарыстарынан жүлделі І орынды, теңге ілу, қол добы мен баскетболдан (әйелдер) ІІ орынды, ал шахмат пен үстел теннисінен  ІІІ орынды жеңіп алды. 98 ұпаймен жалпыкомандалық ІІ орынға көтерілген Шиелі ауданы құрамасы тоғызқұмалақ, үстел теннисінен жеңімпаз атанып, ерлер арасында баскетбол мен волейболдан,  шахмат пен көкпардан ІІ орынды, ал қазақ күресі, футбол, қол күресі мен қол добынан жүлделі ІІІ орындарды иемденді.

Сондай-ақ, 92 ұпаймен жалпыкомандалық ІІІ орынды иеленген сырдария­лықтар әйелдер арасында баскетболдан және әйелдер мен ерлер арасында волейболдан өткен жарыстарда жеңімпаз, аударыспақ пен тоғызқұмалақтан және асық атудан жүлделі ІІ-ІІІ орындарға ие болды.

Басқа ауданның құрамалары, яғни жаңақорғандықтар шахмат пен көкпардан, қол добы мен аударыспақтан, аралдықтар асық атудан жасындай жарқырап, өз құрамаларын жеңімпаздар тұғырына көтерді.

Спорттық мерекенің жабылу салтанатында Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Ғалым Сиқымов және Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, білім және спорт ардагері Еркін Атабаев жеңімпаздар мен жүлдегерлерге өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сый-құрмет көрсетті.

Спартакиада жалауы ке­лесі жылы ХХХІV ауыл спортшыларының облыстық «Алтын күз» спартакиадасын ұйым­дастыратын Арал ауданының өкіліне тапсырылды.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<