Ауылдан шыққан Азия чемпионы

789

0

Қазақ халқы отбасы құндылығын жоғары бағалайды. Қашанда отбасында атаның, әкенің орны бөлек. Ал әрбір азамат шыр етіп жарық дүниеге келген перзентінен үлкен үміт күтеді. Перзентінің биіктен көрінгенін қалайды. Сол мақсатта баласына барлық қамқорлығын көрсетеді.

Қазақстандық жанкүйерлер боксшы Гүлсая Ержанды жақсы таниды. Қазалы топырағында дүниеге келген қайсар қыз қазірдің өзінде шаршы алаңда шеберлігін танытып жүр. Былтыр құрлықтық додада жеңімпаз атанды. Ал Сербияда өткен халықаралық турнирде күміс медаль алды.

Қазалының Сарыбұлақ ауылында туған Гүлсаяны спортқа баулыған атасы.

– Ауылда жүргенде немеремнің спортқа бейім екенін байқадым. Қол күресінен қарсылас шақ келтірмейтін. Жанашыр інілерімнің бірі Гүлсаяны аудан орталығындағы спорт мектебіне беруге кеңес айтты. Сол мақсатта Әйтеке би кентіне көшіп келдік. Мектепте оқи жүріп бокс үйірмесіне қатысты. Алғашқыда оны күреске береміз бе деген ойда болған едім. Алайда немеремнің қалауы болды. Білікті бапкер Бақытбек Құлбаев шәкіртін шыңдады. Талай жарысқа алып барды. Гүлсая барлығында өзін жақсы қырынан таныта білді. Еліміздің білікті мамандары оның жігерін, еңбекқорлығын, жауапкершілігін жоғары бағалады. Ұлттық құрама сапына қабылдану екінің біріне бұйырмайды. Алдағы күнге үміт зор, – дейді атасы Ержан Исмаилов.

Қарапайым отбасында дүниеге келген боксшы қыздың әкесі – Ғалымжан жеке қожалық иесі. Жылқы шаруашылығымен айналысады. Анасы – Құралай бала тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасы шырайын кіргізіп отыр.

– Қашанда отбасында әкенің орны бөлек. Менің үш балам бар. Жастайынан оларға жақсы тәрбие беруге тырыстым. Еңбекке баулыдым. Әрбір перзентінің жақсы азамат болып өсуін қадағалау ер кісінің міндеті деп санаймын. Құдайға шүкір, балаларым ешқашан мені жерге қаратқан емес. Қазір немерелерге қарап, шаңырақ шуағына бөленіп жүрген жайымыз бар. Солардың бірі Гүлсая алға қойған мақсатына жету жолында үнемі ізденісте жүреді. Рас, бокс – қыз баласы үшін оңай емес. Алғашқыда оның жекпе-жегін қарауға шыдай алмайтын едік. Бірте-бірте бойымыз үйренді. Қазір ол тек біздің қызымыз ғана емес, елдің мақтанышына айналды. Алда көптеген жарыстар бар. Олимпиада жақындап келеді. Әркез тілекшімін ғой, – дейді Ержан аға ағынан жарылып.

Қазір Гүлсая Көкшетау қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүр. Негізгі мақсаттың бірі – Олимпиада жолдамасына қол жеткізу. Алдағы жылы Франция астанасы – Париж қаласында өтетін беделді бәсекеде еліміздің Әнұранын шырқатып, көк туын желбіретсем деген ойда.

– Қашанда елдің үмітін ақтауға тырысамын. Әрине, барлық уақытта ойлағаның жүзеге аса бермейді. Десе де, маған сенім артқан елімнің, жерлестерімнің және отбасымның қолдауы әрдайым қанаттандырады. Жақында ғана әкелер күнін атап өту белгіленгенін білдім. Бұл – өте жақсы бастама. Әкені қадірлеу, оның беделін отбасындағы, қоғамдағы жалпы ел болудағы орнын бағалай білу керек. Сондықтан мен үшін де атам мен әкемнің орны ерекше, – дейді Гүлсая.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<