Ауылдан шыққан Азия чемпионы

1434

0

«Arm Wrestling» қарапайым қазақы ұғымға салсақ, қол күрес. Жақсықылыш кентінде тұрмыс кешіп, сол ауылдың мектебінде қарапайым ұстаз болып еңбек ететін Нұрлыбек Рысмағамбетовтің осы спорт түрінен 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірнеше мәрте Азия чем­пио­натының күміс және алтын жүлдегері екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ха­лық­аралық дәрежедегі спорт шеберлігі тағы бар.

– Әлі есімде. Бала кезімізде аулада Арғынбай ағам салмағы зіл батпан болатын гір тасын допша үйіріп, төспен, аяқпен қағатын. Сондағы шеберлігіне таңғалып, мен де жастайымнан гір тасына құмар болдым.  Ағамды үлгі етіп, соның ізін қудым. Соның пайдасы болса керек, жас күнімнен білектерім қатайып, қолыма қысқанды қабыстыратын ерек­ше күшке ие болдым. 1985 жылы Отан алдындағы әскери борышымды өтеуге Владивостокқа бардым. Теңіз әскері құрамында 90 күн сүңгуір қайықпен Тынық мұхитының астында болатынбыз. Ол жақта Александр Спиранский деген орыс офицері менің қабілетімді байқап, осы қол күрестің ерекше тәсілдеріне бейімдеді. Сол арқылы қол күрестен әскери достарымның арасында үздік болдым, – дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Негізінен қол күрес әлемдік деңгейде қол­дауға ие болға­нымен, елімізде кенжелеу дамыған. Десе де, Қазақстан әлемдік көрсеткіш бойынша қол күрес спортынан 2-орында тұр. Бойды билеген бұла күшпен қатар, асқан ептілікті және шапшаңдықты қажет ететін бұл спорт түрі Орталық Азияда еркін дамыған. Оған жыл сайын өтіп тұратын Азия чемпионаттары мен Әлем біріншіліктері дәлел. Нұрлыбек Өтеуұлы сол Азия чемпионаттарына қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Айталық, 2017 жылы Қырғыз елінде өткен Азия чемпионатында 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде және 2018 жылы Көкшетау қаласында өткен Азия чемпионатында жүл­делі ІІ орынды алса, былтыр Қыр­ғызстанда өткен Азия чемпионатында І орынды қанжығасына байлады. Сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар арасында топ жарған спорт шебері бірнеше мәрте әлемдік додаларға жолдама да алған еді. Алайда қаражат жағы қолбайлау болып, бірнеше мүмкіндіктен айы­рылып қалды.

Нұрлыбек ізін жалғаушы төрт ұлының ішінен Бақ­тиярын осы спортқа ыңғайлы көреді. Осы бастан баптап, бейімдеп жүр.

А.БИСЕНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<