Қазақ спортының әлемдік беделі төмендемейді

471

0

Екатеринбургте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалындағы жекпе-жекте Алаш көз тігіп отырған алты боксшымыз жүлделі болған соң газеттің дайын беттерін баспаханаға жібермей, жартылай финалдың сағатын асыға күткенбіз. Міне, енді барша қазақтың кеуде тұсын шым еткізген шынайы жағдайды баян етейік.

Чемпионаттың жартылай финал ойындарын бастаған 52 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген Сәкен Бибосынов үндістандық Амит Панг­халмен кездесіп, өз сөзімен айтсақ, «асығыстыққа салынып», қарсыласының асығын алшы түсірді. Оқасы жоқ дедік, Азия чемпионатының қола жүлдесінен өзге аса атағы шыға қоймаған жас Сәкенге бұған дейінгі бокс додаларында біздің мақтаныштарымыздың бірі Теміртас Жүсіповті, өзбектің мықтысы Х.Досматовты ұтқан Амитпен арадағы жекпе-жек тәжірибе жинаудың бір тәсілі есепті болды.

Мұнан кейін Индия мен Кубаның, АҚШ пен Арменияның боксшылары өзара мықтыны анықтады.

Біздің асыға күтіп отырған боксшымыздың бірі һәм үміт артқанымыз қызылордалық Тұрсынбай Құлахмет болатын. Өз есімін тамаша жеңістерімен танытып келе жатқан талантты жерлесіміз филиппиндік қарсыласы Эумир Марсиальға күтпеген жерден жеңісті беріп қойды. Эумирдің адасқан жұдырығы жөпелдемеде дәл тиіп, біздің боксшымыз тізе бүгіп қалды. Осы нокдаун кездесу тағдырын өз қолына алды демесек, Тұрсынбай 3-ші раундта әбжіл қимылдап, қарсыласына бірнеше ауыр соққыны дөп дарытты. Алайда, төрешілер жеңісті бір ауыздан филиппин боксшысына берді. Кездесуден кейін Тұрсынбай: «Әр нәрсенің қайыры бар, бұйырғаны осы болды. Енді алдағы сындарға дайындаламыз» – деп жанкүйерлерінің көңілін демеп, жігерлі қалпын тік ұстады.

Мұнан әрі сынға түскен жерлесіміз, Гамбургтағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Василий Левит эквадорлық Кас­тильо Торреске жол берді. Шынын айтсақ, дәл осы жекпе-жекте төреші Левиттің жеңіске жететінін жариялайтын шығар деп отырған едік. Олай болмады, тіпті чемпионат ойынын тікелей эфирден жүргізіп отырған спорт коментаторы Ғалым Сүлеймен «шешімді қайта қарауға беретін шығар» деген сөз айтып қалды.

 Қазақ боксының өтімді салмағы 69 келідегі сында ел намысын қорғайтын Абылайхан Жүсіпов ширек финал жолында Доминиканның өкілі Роан Поланконы сүріндірген-ді. Осыдан бұрын өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері болған Абылайхан жартылай финалда ресейлік Андрей Замковоймен қолғап түйістірді. Бұл боксшымыз да тең дәрежеде сайысқан секілді болған, бірақ ресейлік спортшының қолы көтерілді.

81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Бекзат Нұрдәулетов ширек финалда түрік боксшысы Байран Малканды талқан қылды, үшінші раундта нокдаунға жіберді. Ал, жартылай финалда Рио олимпиадасының чемпионы, төрт мәрте әлемдік додада топ жарған қубалық Хулио Ла Круспен кездесті.

Міне, сенсация! Басқа жұрт осылай деп дүрліксін. Біз қазақ баласы күшінің ешкімнен кем емес екенін көрдік делік. Қазірдің өзінде чемпионат күмісі Бекзаттың мойнында тұр!

Гамбургте өткен әлем чем­пио­натының ақтық сынында 2 дүркін әлем чемпионы М.Меджидовтен ұпай санымен ұтылып, күміс жүлдегер атанған жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев бұл доданың ширек тұғырына қарсыластарын оңай тұқыртып жеткен болатын. Ал, жартылай финалда аустриялық Джус­тис Хуни біздің батырымызбен бетпе-бет келуден тайсақтап, Қамшыбек күміс жүлдені шаппай алды!

Қос боксшымыз да енді сол күмістерін алтынға айналдыру үшін ақтық сынға шығады. Біздің жерлесіміз Қамшыбектің қарсыласы өзбек Бахадур Жалолов болмақ.

Сонымен, қазақ боксшыларының қоржынында әзірге 4 қола, 2 күміс сыңғырлап тұр!

***

Екатеринбургтегі бокс додасымен қоса қабат Нұр-Сұлтан қаласында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионаты да мәресіне жетті. Қызылорда халқы үшін ғана емес, қазақ елі үшін тағы бір жаңалық болып отырған спорттағы жеңіс – жерлесіміз Дәулет Ниязбековтің күміс жүлдесі!

 Еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 дүркін Азия чемпионы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбутәліп Аманов баптаған жаңақорғандық палуан жігіттің басты жетістігі – 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарының жолдамасын иеленуі.

Сәтін салса, Дәулетіміздің әлі талай кілемнің шаңын қағып, талай тұғырға көтерілетінін көретін боламыз.

***

Жарыстар басталғанша жиналған қала жастары жерлес­терімізге қолдау көрсету мақсатында Қызылордадағы «Мұз айдынына» жиналған еді.

Олар өздерінің сүйікті спортшыларына жігер беретін көрнекіліктер көтеріп, ел намысының биік тұратынын дәлелдеді. Осыған сай әлемдік сынға түскен 2 боксшы, 1 палуанымыз – үшеуі де жеңіс тұғырларынан көрініп, жерлестерінің сенімін ақтады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<