Азия чемпионының арманы

445

0

Қызылорда велоспорт мектебі талай шеберлерді тәрбиелеп шығарды. 2007 жылы қызылордалық Берік Көпешов велотректен Азия чемпионы атанды. Одан кейін халықаралық «Астана» велоклубының жастар құрамында болған ол біраз жылдан бері жанкүйер көзінен таса қалып қойды. Көпшілік көкейінде оның қайда жүргені жөнінде сауалдың болғаны рас.

Берік спорттан шеттеп кеткен жоқ екен. 2012 жылы түрлі себеппен велоспортпен қош айтысты. Сол жылы бапкерлік қызметке бет бұрды. Қызылорда қаласындағы арнайы мамандандырылған велоспорт мектебінде шәкірт­терге тәлім берді. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде елордада қызмет атқарып жүр. Ұлттық құрама сапында жастарға велотрек бойынша тәлім береді.

– Мен үлкен спортқа 2002 жылы келдім. Ол кезде 15 жас­тан асқан едім. Әдетте, балалар одан ертерек қадам басады. Соған қарамастан велоспорттың қыр-сырын үйренуге көп уақыт жұмсадым. Алғашқы бапкерім – Жетес Сүлейменов қиындығы мен қызығы қатар жүретін спорттың қыр-сырына баулудан жалыққан жоқ. Көп ұзамай еліміздегі түрлі жарыстарға алып барды. Алдыңғы орындардан көріне бастадым. Осылайша жеңісті жолдарым жалғаса берді. 2007 жылы велотректен Азия чемпионы атандым, – деді Берік бізбен әңгімесінде.

Мамандардың айтуынша, ол ке­ле­шегінен үлкен үміт күт­тіре­тін спортшы еді. Еліміздегі бі­лікті бапкерлер сан алуан са­йыс­тарға алып барды. Шеберлігі шың­дал­ған шымыр жігіт осылайша өзі­нің есімін әлемдік дең­гейде жар­қы­ратап көрсете бастады. Берік  бүгінде көптеген беделді бә­се­­­келерде Қазақстан атынан қаты­­­сып жүрген «Астана» вело­клубы­­­ның жастар құрамында бақ сынауы сол сенімнің бір көрінісі бол­са керек-ті. Десе де 2012 жылы үл­кен спортпен қош айтысуын көп адам түсінбей қалғаны жасырын емес.

Берік қазір өзінің ізбасар­ларын тәрбиелеп жүргенін айтады. Олардың қатарында жерлесіміз Бауыр­жан Жаппарұлы бар. Азия құрлығында жүлдегерлер қатарында көрінген ол алдағы уақытта жанкүйер сенімін ақтайды деуге әбден болады. 2017 жылы Үндістанда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында ко­мандалық жарыста қы­зыл­ор­далық Ғабиден Әзен жеңімпаз тұ­ғы­рынан кө­рінді. Елі­мізде олардан басқа да ер­теңінен үлкен үміт күттіретін жастар баршылық.

– Кезінде біздің облыста екі велоспорт мектебі жұмыс істеген екен. Одан бергі жылдарда екеуінің орнына арнайы мамандандырылған мек­теп талай өреннің жеңісті жолына ақжол тіледі. Байқаймын, қазір спорттың бұл түріне балалар тарапынан қызығушылық азайып кеткен секілді. Сондықтан кеңінен насихаттау ісіне көңіл бөлінсе деймін. Облыс орталығынан бөлек аудандарда да арнайы үйірмелер ашылса құба-құп. Сонда таланттарды табуға мүмкіндік туады, – деді ол.

Берік қазір еліміздің қай өңірінде де велоспортты дамытуға барлық жағдай бар екенін айтты. Бұл салада материалдық-техникалық база жақсарған. Балаларға арналған велосипедтер алын­ды. Елордада әлемдік деңгейдегі жарыстарды өт­кізуге болатын велотрек алаңы салынды.

– Дүние жүзінде спорттың бұл түрінен алдыңғы қатарда келе жатқан Испания, Италия, Ресей спортшыларының қатарына қазақстандық жастар да қосылады деп үміт артамын. Қазір мемлекет тарапынан лайықты қолдау бар, – деді Берік.             

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз