Балуандар бәсекесі басталды

753

0

Қызылордада самбодан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған спорттық шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысты.

Самбо – Ресейде өткен ғасырдың 20-шы жылдарында, біздің елімізде 1950 жылы өркендей бастаған спорт.

– Айтулы спорт түрі облыста 1986 жылдан бері қарқынды дамып келеді. өңірде самбоның дамуына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары Әділбек Серік­баев пен Ишанбек Жұмабаев зор үлес қосты. Олардың талантты шәкірттері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Жамал Бозова, Нұргүл Тағаева, Алмат Қодаров, Мейіржан Қуанбаев, Қайрат Жалғас­баев, Дархан Сержанов әлем ареналарында ел намысын абыроймен қорғады. Қазір Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласының дамуына барлық жағдай жасауда. Облыстағы 9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде самбомен 987 спортшы шұғылданады, – деді Серік Әбжәліұлы.

Сондай-ақ, байрақты бәсекеде облыстық Жауынгерлік өнер қауым­дастығының президенті Мақсұт Баймағам­бетов спорт­шыларға сәттілік тіледі.

Жарыста Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және барлық облыстан 2003-2004 жылдары туған 500-ге жуық самбошы 18 салмақ дәрежесінде шеберлік байқасуда. Чемпионат нәтижесінде маусым айында Өзбекстанда өтетін Азия, қазан айында Моңғолияда жалауын көтеретін Әлем чемпио­наттарына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады. Жарыстың бас төрешісі – халықаралық дәрежедегі төреші, атыраулық Ербол Төлеген.

Айта кету керек, спорттық шараны ҚР Спорт және дене шынықтыру істері ко­митеті, облыстық дене шынықтыру  және спорт басқармасы, облыстық самбо федерациясы ұйымдастыруда. Алғашқы күні алты салмақ бойынша жеңімпаздар анықталды. Жарыс 19 наурызда аяқталады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<