Бапкер

1640

0

ҚР еңбегі сіңген бокс жатықтырушысы Бақытбек Құлбаевпен сұхбаттасу көптен ойымда жүрген-ді. Бұған дейін бірнеше мәрте хабарластым да. Бірақ ол үнемі жолсапарда болды. Бірде Алматыда, енді бірде Индонезияда халықаралық жарыста Қазақстанның құрамасы сапында жүрді. Жуырда «Онлайн форматта сұхбаттаса берейік» деп хабарласқанымда: «Ағай, сіздің алдыңызда ұятты болдым-ау! Қазір үйіңізге барамын» деді. Пандемия кесірінен Токио олимпиадасының өзі келесі жылға ауысты. Межелеген жаттығулар да уақытша тоқтап тұрғандықтан Бақытбек Құлбаев Қазалыда болып шықты.

Бақытбек Құлбаев 1980 жылы дүниеге келді. Әкесі Жұмабек Құлбаев – Қазалы қаласындағы №18 балаларға арналған спорт мектебінің директоры. Қазақстан бойынша қазақша күрестен екі дүркін ел чемпионы. Алматыдағы физкультура институтында оқып жүргенде грек-рим және еркін күреспен, бокс, самбо, дзюдомен айналысып, жетістіктерге жеткен белгілі спортшы.

Бақытбек 10 жасқа толғанда Серік Қонақбаевтың атағы аспандап тұрды. Сол дүмпудің әсерінен қазақтың мыңдаған баласы сияқты бұл да бокспен шұғылдана бастапты. Алғашқы жатықтырушысы – әкесі Ж.Құлбаев болды.

Одан кейін есімі елге белгілі бапкер, марқұм Тарғын Нұралиевтің тәрбиесін көрді. Сол кезеңде ол облыстық және республикалық бокс турнирлерінен жеңіспен оралып жүрді. 1995 жылы №16 В.Счастнов атындағы мектептің 9 сыныбын бітірген Бақытбек Алматыдағы Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы олимпиадалық үміткерлер дайындайтын мектеп интернатына қабылданады. Осында жүргенде жасөспірімдер арасында өтіп тұрған Алматы қалалық және облыстық, республикалық және халықаралық бокс жарыстарында, біріншіліктері мен турнирлерде топ жарып, бокстан КСРО спорт шеберіне үміткер атанды.

Бапкерлері оның оң мен сол қолын бірдей қолдана алатын техникасын көріп, болашағынан көп үміт күткен-ді. Әттең, жас боксшы жаттығу үстінде сол қолын оқыстан сындырып алды. Бұл бапкерлері – бокстан КСРО шебері Сайлаубек Өтегенов пен ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушысы Алтынбек Бердибековке де, мұның өзіне де ауыр тиді. Жарақатын жазылған соң дәрігерлер бұған бокспен айналысуға тыйым салды. Бұл әрине, 17 жасар жасөспірімге ауыр тиді.

      1997 жылы Алматыдағы мектеп интернатты бітірісімен Қызылордаға келіп, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің эколог инженерлерін дайындайтын факультетке оқуға түсті. Университеттің қабырғасында жүргенде студенттер арасында өтіп тұратын спорттық жарыстарға (футбол, волейбол, баскетбол, жүгіру және т.б.) қатысып, оқу орнының намысын қорғап жүрді. Алайда боксты бір сәт те есінен шығарып көрген емес. Аталған жоғарғы мектепті бітірген соң Қазалыдағы спорт мектебіне бокс жаттықтырушысы болып қызметке тұрды. Еңбек ете жүріп Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетте сырттай оқып, дене тәрбиесі және физкультура факультетін бітіріп алды.

      Сонау бокспен айналыса бастаған шақта мұның түпкі арманы қазақ халқының атын әлемге таныту еді. Бұл мақсатына шәкірт тәрбиелеу арқылы жетуге болатынын 21 жастағы Бақытбек тереңнен түйсінді. Сөйтіп, бұл ісіне қызу кірісіп кетті. Уақытпен санаспай тер төкті. Сондағы ойы «Өзім бағындыра алмаған олимпиада шыңын шәкірттерім бағындырсын» дегені.  Көп ұзамай шәкірттері нәтижеге жете бастады.

      2012 жыл. Лондон Олимпиадасында қазалылық қыз Марина Вольнова қол жүлдегер атанды. Бақытбектің төбесі көкке жеткендей болды. Бұл жаттықтырып жүргенде Марина 4 мәрте топ жарып, республика чемпионы атанған еді. Әуелі 2010 жылы Азия чемпионатының және әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Сол жылы Бақытбектің еңбегі бағаланып, 30 жасында «ҚР еңбегі сіңген бокс жатықтырушысы» деген атақ берілді. Мұндай атақ бапкерлерге ұзақ жылғы еңбегі үшін берілетін. Марина болса бокстан «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері» атағын алды. Кейін Қазалы ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді

Қазір Бақытбек Құлбаевтың көптеген шәкірттері бокстан спорт шебері. Мәселен, Еркін Дүйсенбаев, Баққожа Инатулла, Дәметкен Келімбет, Ақерке Бақытжан, Аида Оңдаш және Гүлсая Ержан республикалық чемпионаттың және халықаралық турнирлердің бірнеше рет жеңімпазы атанды. Бокстан спорт шеберлігіне үміткерлер – Абай Қайырбай, Шыңғыс Боранбаев, Гүлжанат Оңдаш, Арайлым Бақытжан, Таңшолпан Алиева, Таңшолпан Жақанбай,  Серікбол Айдар, Мақсұт Алдияр, Қуаныш Бұрхандар 4 жылда өтіп тұратын оқушылар арасындағы спартикиаданың, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

Бұл талантты жастар – Қазалының атын төрткүл әлемге танытып, болашығынан үміт күттіріп жүрген спортшылар. Солардың бірі алдағы Токио олимпиадасында чемпион атанып жатса, Бақытбектің басты арманы орындалып, барша қазақ бір қуанар еді. Кейіпкеріміз сөз соңында:

– Бақытжан ағай, «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» -деген сөз бар ғой. Сол сияқты өзім жете алмаған биікті шәкірттерім бағындырып жатыр. Шүкір. Дүниежүзі бойынша олимпиададан бастап бокстан өтіп тұратын барлық жарыстарға қатысып, солармен бірге әлемнің көптеген елдерінде болдым. Қандай жетістіктерге жетсем де әкем Жұмабекке қарыздармын. Біріншіден, бокстан алғашқы жаттықтырушым болды, ақыл-кеңесін әлі күнге дейін айтып отырады. Екіншіден, Маринадан басталған шәкіртерімді Әлем және Азия чемпионаттарына апарарда қаржы жағынан қиналғанда демеушілер тауып берді, – деп ағынан жарылды.

     Ол жиырма жылдан бері Олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің №17 мектебінде қызмет істеп келеді. КСРО спорт шеберіне үміткер, осы спорт мектебінің директоры Қуанған Бәкеновпен тілдескенімде: «Бақытбек Құлбаев – есімі елге жақсы таныс бапкер. Ол жас та болса бокстан ҚР еңбегі сіңген жатықтырушысы, әйелдер боксының облыс бойынша аға жатықтырушысы. Сондықтан шетелдегі жарыстарға  қатысатын облыстың әйелдер құрамасын жаттықтыру үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы олимпиадалық орталыққа жиі іс сапарларда болып тұрады», – деді.  

Өткен 2019 жылдың 8 наурызында Қазалы аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінде Сербияның Сомбер қаласындағы халықаралық жарыстан жеңімпаз болып оралған Гүлсая Ержан туралы «Гүлсаяның гүрзідей жұдырығы» атты мақалам жарияланған болатын. Газеттің бас редакторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі марқұм Әлмәмбет Әлішев ағам сол жолы: «Бақытжан, сен енді бұл қыздың бапкері туралы жаз. Қазалыдан Марина Вольнованың олимпиада жүлдегері атануы бүкіл республикадағы әйелдер боксына дүмпу әкелді. Қазір қазалылық боксшы қыздар халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Демек, Бақытбек әлемдік деңгейдегі бокс бапкері» деп, кеңес берген болатын. Соның сәті бүгін түскендей.

                                                                 Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

                                                                 Қазалы ауданы.

Қазақстан Журналистер одағының

 мүшесі         

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<