Бұдан былай қай өңірде қай спорт түрі дамытылатынын министрлік шешеді

1776

0

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың тәртібі өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Неге елімізде медаль ең көп сарапқа салынатын спорт түрлерін дамытпасқа? Төңірегінде үнемі дау-дамай болып жататынына қарамастан, қаржыландырылатын спорт түрлерінің тізімінде ауыр атлетика басымдыққа ие?» – деп сұрады журналист.

Айгүл Бектенова осы бағытта жұмыстар енді қолға алынып жатқанын айтады.

«Қазір медаль көп сарапқа салынатын және тірек спорт түрлерінің мәселесі пысықталып жатыр. Бүгінде заң жобасы әзірленді, бұған дейін әр өңір қай спорт түрін дамытатынын өзі шешетін. Әр өңір 55-тен 100-дейін спорт түрін дамытатын. Тіпті олардың ішінде олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдолимпиадалық, азиялық ойындардың бағдарламасына кірмейтін түрлер де болған. Сәйкесінше, халықаралық имиджге де әсері болмайды. Сондықтан бұл құзыретті өзімізге алып отырмыз. Әр өңірде қандай спорт түрлері дамытылатынын климат жағдайына қарай айқындаймыз. 

Қазір бізде қайшы тенденциялар бар. Қысқы спортқа бейім солтүстік өңірлерде халықаралық аренадағы жетістіктер жоқ болса, оңтүстік өңірлерде фристайл-акробатика сияқты спорт түрлерінен әлем кубогының жүлдегер, олимпиада ойындарының бесінші орыны бар. Осындай қайшы тенденциялар болмауы үшін спорт түрлерін дамытуды тәртіпке келтіргіміз келеді», – деді Айгүл Бектенова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<