Былғары қолғапты баһадүр

842

0

Қазақ боксының әлем алдындағы бәсі биік. Бұл спорттың бүгінгі тынысы да ерен. Оған келтірер дәлел көп. Басқаны айтпай-ақ, 2013 жылғы Әлем чемпионатын алайық.

Алматы қаласында жалауын көтерген бәсекеде қазақ жігіттері 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен жалпыкомандалық есепте көш басына шықты. Атап айтқанда, Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы алтын тағынып, чемпион атанды.

Әр кездесуінде мамандардың назарын жіті аударған әуесқой бокс жұлдызы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы 2018 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Содан бергі уақытта мұхиттың арғы бетінде бірнеше жекпе-жек өткізген Жәнібек олардың бәрінде қарсыласынан басым түсті. 

Қазақ боксшысы жақында ғана британдық боксшы Дэнни Дигнуммен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жекпе-жек өткізіп, орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша уақытша чемпион атағын жеңіп алды. Бұл оның кәсіпқой бокстағы 12-жеңісі, оның 8-і нокаутпен аяқталды.  

Жерлесіміз алдағы алты ай ішінде WBO тұжырымы бойынша толыққанды чемпион атағы үшін америкалық Деметриус Андрадемен жұдырықтасуға тиіс. Қазақ боксшысы оған әрдайым дайын екенін мәлімдеп, чемпионды жекпе-жекке шақырды. Егер Андраде Әлімханұлымен кездесуден бас тартса, толыққанды чемпиондық титул қазақ боксшысына жекпе-жексіз беріледі.

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы WBA және WBO тұжырымдары бойынша бұрынғы Әлем чемпионы Хассан Ндам Нжикамды нокаутқа жіберіп, кәсіби бокстағы 11-жеңісіне қол жеткізген еді.

Жалпы алғанда, қазақ боксында мектеп бар, оған қоса мәдениет бар. Байқасаңыздар, еуропалық боксшылар жекпе-жек алдында қарсыластарына былапыт сөздер айтып, ел назарын өзіне аударғысы келеді.     

 2019 жылы канадалық Стюарт Маклеллан Әлімханұлымен жұдырықтасар алдында «Бұл қазақтың әуесқой бокста 300-ден астам жекпе-жек өткізіп, олимпиадаға қатысқанына қарамаймын, мен оның көкесін танытамын» дегенді анайылап айтып жіберген еді. Бірақ, абайламай айтқанын тез түсінді, дұрысы оған Жәнібек «түсіндірді».

Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылғы Әлем және Азия біріншіліктерінде чемпион атанды. 2014 жылы Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілді.   

Жәнібектің біз айтып отырған жеңісі қазақ еліне шын мәнінде қуаныш алып келді. Бір ғана Жәнібектің өзі қаншама қазақ баласына рух беріп, оларды отангерлікке тәрбиелейтіні бек анық. Ендеше біз неге қуанбаймыз. Екі күннен бері әлеуметтік желілерде мыңдаған қуанышты құттықтау айтылып жатыр. 

«Жарайсың, Жәнібек балам. Қазақтың күші қандай екенін көрсеттің, әлі талай мықтыны құлатасың. Алла саған күш-қуат берсін, жаным сол. Әлі-ақ бүкіл әлемді мойындатасың», – деп жазыпты «Facebook» қолданушысы  Бисен Ахметова. Біздің көкейіміздегі сөз де сол!

Бүгінде бокс жанкүйерлерінің ойынан кетпей, күнін күтіп жүрген бір мәселе – қазақстандық Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің «трилогиясы». Әртүрлі болжам бар. Солардың бірі – жоғары ұлтық дәрежедегі төреші, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаевтың айтқаны.

«Бүгінде «Канело» Головкинді өзіне тең қарсылас деп санамайды. Генаға шама келсе, «Канеломен» шықпай-ақ қойғаны дұрыс.  Головкин – талассыз талантты, күшті боксшы. Бірақ оның мұндай қарсыласпен шайқасатын кезеңі өтіп кетті. Әрине, бұл ұмтылыстың артында теңіздей толқыған ақша тұр. Бірақ ақша күндердің күнінде таусылады, ал жеңіліп қалса, ол атақ мәңгілік маңдайына жазылады. Бұл – менің Головкинді боксшы ретінде жақсы көргеннен кейін айтқаным. Головкин де Альварестің дәрежесінде өсер еді, егер боксты бастағанда оны бірден шын мықтыларға салғанда. Әсіресе, Германияда өткізген алғашқы 4-5 жылы мен сияқты көрінгенмен шайқасып, босқа кетті…» – дейді маман.

Бірнеше тұжырымдар бойынша Әлем чемпионы, кәсіпқой бокста 19 жекпе-жегі бар ресейлік Дмитрий Биволдан жеңіліп қалды. Ал, енді Головкин Биволмен кездессе қалай болады деген де ойға кеткенбіз. Мұндай сұраққа Бивол «Геннадиймен салмақ дәрежеміз келмейді» деп салмақты жауап берген еді. Ал, біз болсақ, түбі қырғыз жерінен шыққан Биволдың қазақ топырағында туған Генаға іштартқаны шығар деп топшыладық. Ал, Жәнібек ше? «Головкинмен рингте кездесер ме едің?» деген сұраққа ол: «Қазақ салтында жасы үлкенге қарсы шықпайды» деп жауап берді. Біз жоғарыда айтып өткен қазақ боксындағы мәдениет дегеніміз осы.

Ал, енді Головкин-«Канелло» кездесуі бола ма, жоқ па дегенге оралсақ, нақты айта алмаймыз. «Болады деп жазыпты ғойға» да сенбейміз. «Канеллоның» проумотері Эдди Хирннің «Егер Канелло жеңсе, келесі жекпе-жегі Головкинмен болады» деген сөзі де бекер емес. «Канелло» жеңілді, енді болмайтын сияқты. Ал, жанкүйерлер үміті басым. Егер бұл кездесу өтіп, Головкин жеңсе, қазақ боксының айбары аса түсер еді.

Ал, біз бүгін Жәнібек Әлімханұлы туралы айттық. Қазақ елінің Жәнібектен күтер жеңістері әлі алда. Осы кездің өзінде-ақ Әлімханұлы мен Альварес кездесуі де болмай қалмас деген болжам айтыла бастады. Мүмкін біз күтіп жүрген жекпе-жекті Жәнібектің қатысуымен де көріп қалуымыз ғажап емес.

Ал, қазақ батыры, ешқашан жеңіс тұғырынан түспегейсің.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<