ҚХЛ: «Барыс» Минскінің «Динамосынан» басым түсті

328

0

Елордалық «Барыс» Минскінің «Динамо» (Беларусь) командасын сырт айдында жеңіп кетті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Барыс» биылғы құрлықтық хоккей лигасында өте сәтті ойын көрсетіп келеді. Бүгінгі күнге дейін 22 ойынның 14-де жеңіске жетіп, қалғанында қарсыласына есе жіберді. Бұдан бұрын қатарынан алты жеңіске жетіп, одан кейін өз айдынында бір кездесуде жеңіліп қалды. Ал «Динамо» ондай ойын өрнегін көрсете алмай келеді. Қазір турнир кестесінің соңғы жағында келеді.
«Барыс» алғашқы кезеңде үш шайба соқты. Тіпті бір минут ішінде қарсылас қақпадан екі мәрте саңылау тауып үлгерді. Алдымен 11-07-де Роман Старченко алғашқы голдың авторы атанды, Арада небәрі 47 секунд өткенде «Барыс» хоккейшісі Никита Михайлис есепті ұлғайта түсті. Ал 17-минутта Андре Петерсон дәлдік танытты. Осылайша бірінші кезең 3:0 есебімен «Барыстың» пайдасына жазылды. Екінші кезеңде қос команда да мергендік таныта алған жоқ. Бір-бірінің қақпасы маңында шабуыл өрбіткенімен одан ешбір нәтиже келмеді. Командалар осылайша бір-біріне гол соқпады.
Үшінші кезеңде айдын иелері ес жинағандай болды. «Динамо» сапынан 52-минутта Иван Дроздов өз қанжығасын майлады. Есеп айырмасын қысқартқаннан кейін олар таразы басын теңестіруге ұмтылды. 59-минутта айдын иелері қатарынан Куинтон Хауден есепті бір шайбаға қысқартты. Ойын 3:2 есебімен «Барыстың» жеңісімен аяқталды.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» өз айдынында Минскінің «Динамо» командасын 3:1, Подольскінің «Витязін» 3:1 , Новосібірдің «Сибирь» клубын 5:2 есебімен жеңді. Осыдан кейін Челябінің «Тракторынан» овертаймда 3:4 есебімен жеңіліп қалды.
«Барыс» енді екі ойынын сырт айдында өткізіп, 5 қарашада Братиславаның «Слован» (Словакия), 12 қарашада Новосібірдің «Сибирь» (Ресей) клубтарымен кездеседі. Одан кейін үш ойынды қатарынан өз айдынында қабылдап, 14 қарашада «Амур» (Хабаровск), 16 қарашада «Динамо» (Мәскеу), 18 қарашада «Салават Юлаев» (Уфа) командаларымен шеберлік байқасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<