Мұғалімдер мерейін көтерген турнир

673

0

Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионда ҚР Президенттік сынақ және Президенттік көпсайыс федерациялар одағы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының ұйымдастыруымен дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында үшсайыстан республикалық турнир болып өтті.

Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген турнирге Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе, Атырау, Түркістан және Қызылорда облыстарынан келген ұстаздар өзара бәсекеге түсіп, мықтыларды анықтады. Дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің беделін арттыру мен карантин кезінде шеберліктерін шыңдау үшін өткізілген туринрге Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов және ҚР Президенттік сынақ және Президенттік көпсайыс федерациялар одағының вице-президенті Саят Нәдірбек қолдау көрсетті.

Турнирді құттықтау сөзімен ашып берген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлына «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев «Ұлы дала батырлары» кітабын табыс етіп, дене шынықтыру пәні мұғалімдері атынан алғыс айтты.

Турнир қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққандар дипломдар мен медальдарға, ҚР Президенттік сынақ және Президенттік көпсайыс федерациялар одағының Алғыс хаттары мен «Спорт жұлдыздары» журналының төсбелгілеріне ие болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<