Қазақстан жеңіл атлеттерін енді Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) құрлықаралық кубогы күтіп тұр, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Жеңіл атлетика федерациясының хабарлауынша, үш қарғып секіруден жазғы Азия ойындарының чемпионы атанған Ольга Рыпакова енді 8-9 қыркүйекте Чехияның Острава қаласында өтетін Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) құрлықаралық кубогына қатысады. Оған төрт құрлықтың құрамалары қатысады: Еуропа, Америка, Африка және Азия-Мұхит аралдары елдері. Құрлықаралық кубоктың бағдарламасында 37 сайыс түрі енгізілген (18-і ерлер арасында, 18-і әйелдер арасында және 4х400 метрлік аралас эстафета). Әрбір сайыс бойынша спортшыларға ұпай үлестіріледі. Сол бойынша үздік құрлықтық команда анықталады. Бір сайыс түрінен әрбір құрлықтан 2 спортшы ғана қатыса алады. Шілде айының басында Бангкокта Азия жеңіл атлетика қауымдастығының Кеңесі өтті. Кеңестің шешімі бойынша құрама спортшылардың биылғы маусымдағы көрсеткіштеріне байланысты іріктеледі.
Жакартада 14.26 метрге секірген Ольга Рыпакова осы жарысқа енді Алматыда дайындалады. Сондай-ақ, Қазақстаннан Виктория Зябкина да бар. Ол 200 метрге жүгіруден бақ сынайды.
Айта кетейік, IAAF-тың құрлықаралық кубогы ең алғаш рет 2010 жылы Сплитте өткізілген. Хорватияда Қазақстан атынан қатысқан Ольга Рыпакова 15.25 метрге секіріп, Азияның рекордын жаңартқан. Сонымен бірге, өзінің спорттық карьерасындағы үздік нәтижені тіркеген болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<