«Садақшы чемпион шығару – басты мақсатым»

1445

0

Садақ ату – 1900 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне кірген спорт түрі. Аталған спорт түрімен бүгінде әлемнің 140 елінде кәсіби түрде айналысады. Шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қол – осының барлығы садақ атқанда жеңіске жетудің алғышарты.

Неліктен түрлі тарихи аңыздарда хандар мен патшалар өз қыздарын жамбыны атып түсірген жігітке береміз деп шарт қойған? Себебі мергендер епті әрі ақылды деп саналған. Денсаулық тұрғысынан айтсақ, садақ атудың арқаны тік ұстауға, көру қабілетінің жақсаруына көп көмегі бар. Аймақтағы бірден-бір садақ ату орталығының директоры, мерген Ринат Есенбекпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Садақ ату орталығын ашу идеясы қалай келді?

– Негізгі мамандығым – фельдшер. Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медициналық колледжін 2018 жылы бітірдім. 2018-2019 жылдары әскерде азаматтық борышымды өтеп, 2020 жылы Ақтау қаласына әскери қызмет атқаруға жұмысқа орналастым. Жұмыста жүріп бос уақытым болса, садақ атуға баратынмын. Садақ ату мен үшін тұрақты хоббиға айналды. Осылайша 3 жыл жұмыс істеген соң туған жерге оралуға шешім қабылдадым. Келмес бұрын осындағы достарымнан, таныстарымнан садақ ату орталығы жоқ екенін, оған үйрететін жер жоқ екенін естідім. Өз хоббиімді өзгелерге де үйретіп,  ұлттық спорт түрін неге дамытпасқа деген ой келді. Дайындықты бастап, туған жерге келген соң өткен жылдың тамыз айында «Рух» дәстүрлі садақ ату орталығын ресми түрде ашып, жұмысын бастап кеттік. Өзім жетекшімін. Кәсіп бастауға мемлекеттен қаржы алмадым, жеке қаржым арқылы ұйымдастырып, қажетті заттарын Шымкент, Алматы қалаларынан, Түркия елінен алдым. Досбол деген нұсқаушы маман алғаш рет садақ атушыларға оны қалай ұстау керегін, тәсілдерін үйрететін болады. Жалпы 3 адам орталықтың басы-қасындамыз.

– Орталық тек бос уақытта садақ атуға арналған орын емес шығар?

– Қазіргі таңда «Рух» садақ ату орталығының арнайы үйірмесі бар. Дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату бағыттары бойынша оқушылар, жастар үйірмеге қатысып, кәсіби мамандардан ұлттық спорт түрлері бойынша білім алуына мүмкіндігі мол. Әрине, басты бағытымыз – садақ ату спорты бойынша чемпиондарды тәрбиелеп шығару. Өткен жылы қыркүйек айында Астана қаласында Ұлттық садақ ату фестивалі өтті. Сол кезде облысымызда садақшының жоқтығы білінді. Ереже бойынша бір командада  3 ер адам, 3 әйел адам ойнауы керек. Ал мен жалғыз болдым. Бірақ кәсіби түрде садақ атпаса да, қызығатын адамдарды тауып, команда шығарған болатынмын. Әрине, қаншама облыстың арасында бір команда шығаруға садақшының жетпегені намысыма тиді. Білгенімді бөлісіп, садақ ату спортын дамытамын деген мақсатым одан сайын айқындала түсті.

Алдағы уақытта садақ ату шараларын өткізу, үйірме жұмыстарын жандандырудан бөлек орталықтағы киіз үйді ұлттық нақыштағы фотосессияларға арналған локация ретінде пайдаланып, ұлттық киімдерге, бұйымдарға толтырып, тағы бір қызметімізді ұсынсақ деген ойымыз бар.

– Садақ ату спортымен айналысамын деген адамға алдымен қандай қасиет керек?

– Біріншіден, садақты кәсіби түрде ататын адамның ойы жинақы болуы керек. Адамның ойы жинақы болмаса, нысанаға фокус қоя алмайды, зейіні тұрақсыз болады. Мысалы, бір жарыста 5 оқ берілетін болса, бесеуі бес түрлі жерге тиеді. Бұл ойыншының ойы шашыраңқы, өзінің шаршап тұрғанын көрсетеді. Одан кейін шыдамдылық, табандылық, бұлшық еттің күшті болуы – шартты дүниелер. Өйткені садақ түрлері де күшке қарай бірнеше топқа бөлінеді. Күші аздау садақ алысқа ұшпайды, өзінің межелі жері бар. Ал күші көптеу түрі біраз қашықтыққа барады. Сол үшін екінші түрін тартуға бұлшық еттің күштілігі керек.

Дәстүрлі садақ ату үйірмесіне балаларды 7 жастан бастап қабылдаймыз. Ал садақ атуға келетіндердің жас ерекшелігіне тоқталсақ, жеті жасар баладан жетпіс жасқа дейін, тіпті, одан да егде жастағы азаматтар келеді.

– Дәстүрлі садақ ату чемпионатына бірде-бір қызылордалық қатыспағанын қозғап өттіңіз

– Республика бойынша Дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Диас Ахметов жылдық жоспарға сәйкес регламент қойып, осындай қалада, осындай уақытта чемпионат болатынын алдын ала хабарлайды. Қызылордадан басқа он алты облыс бар болса, әр чемпионат әртүрлі қалада ұйымдастырылып келеді.

Алайда жақын уақытта біздің аймақта ұйымдастырылуы мүмкін емес деген ойдамын. Себебі осыған дейін қанша рет чемпионат өтсе, соның барлығына дерлік Қызылорда облысынан садақшылар командасы қатыспаған. Мен алғаш рет төбе көрсетіп қайттым. Бірақ оның өзі чемпионат емес, Ұлттық садақ ату фестивалі болатын. Ұлттық фестиваль – 4 жылда бір рет өткізіліп тұратын үлкен жиын.

Айта кетейін, осы кезге дейін орталықтың атынан Жаңақорған, Арал ауданына барып жарыстар ұйымдастырып көрдік. Алдағы уақытта мұндай шаралар, жарыстар барлық аудан бойынша да жалғасын табады. Өңірде кәсіби садақ атуды үйренетін орын, үйрететін адам жоқ. 2022 жылға дейін бұл ұлттық ойын ретінде қаралып келсе, сол жылдан бастап ұлттық спорт түрі атала бастады. Міне, сол кезден бастап жыл сайын чемпионат ұйымдастырылуда. Тіпті Азия чемпионаты бар. Алайда бізде садақшылар клубы болмағандықтан барлығынан қалыс қалып келдік. Бұл салада мәселе де жоқ емес. Мәселен, ересектер арасындағы чемпионат 30-70 метрлік қашықтықта садақ ату бойынша жүргізіледі. Ал бізде ондай қашықтықта атып дайындалатын орын да жоқ. Әрине, жазда далада ұйымдастыруға болады. Қазір қыс мезгілінде мекеменің ішіндегі кішкене қашықтыққа да риза болмасқа амал жоқ.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Бұйырса, өзім секілді садақ ату спортына қызығушылығы бар жастарды жинап, үйірме арқылы облыстан болашақ чемпиондарды даярлап шығарсам деймін. Себебі салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, өзге аймақтың барлығында да дәстүрлі садақ ату спорты бойынша ең кемі 2 чемпион бар.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<