Әсел Серікбай Әлем кубогына жолдама алды

985

0

Тәжікстаннан ақжолтай жаңалық жетті. Жерлесіміз Әсел Серікбай шахматтан Әлем кубогына жолдама жеңіп алды.

26 мамыр – 2 маусым аралығында Тәжікстанның Душанбе қаласында шахматтан Орталық Азияның аймақтық чемпионаты өтті. Әлемнің мықты спортшылары бас қосқан байрақты бәсеке қорытындысы бойынша 20 жастағы жерлесіміз, Сыр елінің мақтанышы Әсел Серікбай Азия елдерінің ең мықты қарсыластарына дес бермей, жеңімпаз атанып, шілде айында Баку қаласында (Әзірбайжан) өтетін Әлем кубогына жолдама ұтып алды.

Айта кетейік, шахмат ойыны адамнан терең ой мен ақыл-парасатты талап етеді. Қызылордалық шахматшы қыз Әсел Серікбай – шахматтан облыс тарихында алғашқы ФИДЕ шебері. Жасөспірімдер және жастар арасында 8 дүркін Қазақстан чемпионы, жасөспірімдер арасында 3 дүркін Азия және оқушылар арасында 2 дүркін әлем чемпионы. Жаттықтырушысы – Василий Шимельков.

Шахмат тақтасының сиқыршыларымен бәсекеге бірге түсіп, тәжірибе жинақтаған Әсел, біз үшін әрдайым бірінші орында. Шын жүректен Әсел Серікбайды және барша Сыр елін жеңіспен құттықтай отырып, алдағы үлкен додада жеңімпаз атануына тілектеспіз! Сәттілік Әсел! Сыр елі сенімен бірге!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<