Теннис: Кукушкин әлемдік рейтингте көтерілді

289

0

Қазақстандық Михаил Кукушкин бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте 51-орынға көтерілді, -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
М.Кукушкин осылайша жылды жақсы қорытындылап отыр. Ол өзінің рейтингтегі үздік көрсеткішіне (46-орын) сәл ғана жетпей тұр. Әлемдік рейтингте сербиялық Новак Джокович испаниялық Рафаэль Надальды ығыстырып, көш бастады. Швейцариялық Роджер Федерер үздік үштікті түйіндеп тұр. Н.Джокович жексенбі күні мәреге жеткен, жүлде қоры 5 млн АҚШ долларына жуықтайтын Париж турнирінде финалға дейін жетіп, онда ресейлік Карен Хачановқа жол берген болатын. Бұл жарыста К.Хачанов тамаша өнер көрсетіп, жеңімпаз атанғаннан кейін рейтингте 11-сатыға шықты. Ол турнир барысында қазақстандық М.Кукушкинді сүріндірген америкалық Джон Изнерді де ұтты. Оның алдында өткен Вена турнирінде Михаил Кукушкин жартылай финалға дейін жетіп, соның нәтижесінде рейтингте 71-ден 54-орынға көтерілген болатын. Әйелдер арасындағы рейтингте Юлия Путинцева 45-сатыда қалса, Зарина Дияс бір орынға (91) кейін сырғыды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Париж турнирінде тартысты матчта Д.Изнерден ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<